Асан қайғы атауын берген Ақбұлым ауылы

Асан қайғы атауын берген Ақбұлым ауылы

Тарихтың ақтаңдақ беттерінде ақиқаты ашылмаған, бізге беймәлім дүние көп. Сондай-ақ жаратылыс жұмбағына баланып, табиғат тумасының таңғажайыбына айналған мекендер аз емес. Олардың атауы да есте жоқ ескі заманнан сыр шертіп, өзінің тылсым әлеміне баурап әкетеді. Міне, сондай құт қонған қасиетті мекен – Ақбұлым ауылы.

Ақбұлым ауылының қариясы, тарихшы Жамбыл Бесбаевтың сөзіне сүйенсек, XV ғасырда өмір сүрген Асан қайғы бабамыз желмаясымен желіп осы маңға аялдаған екен. Тұмса табиғатына тамсанған ол өсиет қалдырып, ауылға ат беріп кеткен деседі.
«Ақтау менен Қызылтау керегең,
Арта берсін әрқашанда берекең.
Елі, шіркін, еміреніп еметін,
Түгін тартса майы шығар жер екен.
«Бауырым» деп бар жанды сыйлайды екен,
Күніне жүз керуен адам келсе,
Қонақ етіп шығарып салады екен.
Қамыстыбұлақ, Сарыбұлақтан аққан сулар,
Талас деген өзенге құяды екен.
Жылдың төрт мезгілінде осы судан,
Ауылды ақ бу басып тұрады екен.
Бұлымданып ақ бу басқан бұл мекенді,
Ел-жұртқа «Ақбұлым» деп атап кетем!» – деген Асан қайғы Ақбұлым ауылы Ұлы жібек жолы бойындағы маңызды стратегиялық мекен болғанын да меңзеп кеткен.
Тарихшы Жамбыл Бесбаевтың айтуынша, мұндай бекеттер өткен ғасырдың басында Қайыңдыдан Жасөркенге дейінгі аралықта билік еткен Дербісәлі болыстың иелігінде болған екен.
Халқына тек жақсы істерімен танылып, өз дәуірінде ағартушылықпен айналысқан Дербіс болыс (Дербісәлі) Әулиеата өңіріне аты танымал Бұралқы, Керімбай секілді болыстармен де үнемі байланыста болған. Өзара жақсы байланыста болған болыстар өңірдің қоғамдық өміріне байланысты шешімдерді бас қосып талқылап отыратын болған. Мұндай басқосулар әдетте Дербіс болыстың иелігінде өтеді екен. Осындай орындарды ел арасында «әуенжай» деп атаған.
Дәл осы Дербісәлі болыстың ауылы – Ақбұлымға 1927 жылы Әулиеатаға сапарында Міржақып Дулатов та қонақ болады. Алаш арысының Жұмыр Есмурзин деген адвокаттың шақыртуымен еңбек демалысында арнайылап келіп, аздаған уақыт қонақ болғаны жайында Гүлнәр Дулатованың «Шындық шырағы» кітабында Міржақыптың қарындасы Ботагөз атынан баяндалады. Онда Әулиеата сапары жайында: «Ақбұлымнан қала он екі шақырым, фаэтонға мініп, лезде қалаға жеттік, бұл қаланың тұрғындары көпұлтты: қазақ, қырғыз, өзбек, татарлар, дұнғандар, орыстар. Үйлерінің көбі саманнан соғылған, қызыл кірпіш үйлері де жетерлік. Әр үйдің қора, бақтары мәуеге тұнып тұр. Көшелер бойы сылдырап аққан арықтар – жанның рақаты, ескен самал желі ауаны салқындатып тұрғандай сезілетін. Арықтарға жағалай отырғызылған түрлі биік ағаштар көлеңке түсіріп тұратын, қаланың алыстан көрінетін бурыл таулары еңсесін көтерген батырлар іспетті күннің шұғыласымен түсін күніне бірнеше өзгертетін. Кешке таман таудан соққан қоңыр жел шілденің шыжыған ыстығын лезде басып, түндері салқын тұратын», – дейді. Алаш арысының қарындасынан қалған бұл естелікте Дербісәлі, Тұяқбай, Бұралқы болыстардың есімдерімен қатар Ақбұлым ауылының таңғажайып табиғатына талай тарихи тұлғалар таңдай қаққаны баяндалады. Бұл да Ақбұлым ауылының ерекше мекен болғанын айғақтап тұрғаны анық.
Ауылдың Ақбұлым атану тарихына байланысты көне жазбаларға үңілетін болсақ, біздің заманымызға дейінгі II ғасырда қытай тарихшысы Сюань Цзянь дерек қалдырған.
«Талас өзенінің жағасында «Долосы» сауда қаласы орналасқан (қытайлықтар сол кезде Тараз қаласын осылай атаған). Ал осы қаланың шығыс қақпасы жағында Талас өзенінің арғы беткейінде тау қыраттары етегіндегі 300-ге жақын шаңырағы бар үстін ақ тұман басып тұрған елді мекен бар», – делінген тарихи деректе.
Қытай тарихшысының осы жазбасына сүйенсек, Күнгей Алатаудың төменгі сілеміндегі Ақтаудың етегіндегі Қамыстыбұлақ шатқалынан шыққан бұлақ суынан және Сарыбұлақтан аққан сулар қосылып бір тоған су болып ағып, Талас өзеніне құйылып отырған. Ықылым заманнан бері Ақбұлым ауылы тұрғындары осы суды өз қажеттеріне пайдаланып келген. Қазіргі кезде осы сулар аққан сай-саланың орны жатыр. Ежелден жылдың төрт мезгілінде таңғы уақыттарда бұлақтан аққан судың және Талас өзенінің буынан ауылды ақ бу басып, бұлыңғыр тартып тұрған, осыған байланысты «Ақбұлым» атанған деген де ел арасында аңыз бар.
Ақбұлым – көне мұраларға бай тарихи ауыл. Солтүстігінде «Жетітөбе», арыда «Ақыртас», оңтүстік шығысында «Ботамойнақ» пиктограммасы, «Қарауылтөбе», «Қарасай», «Қамыстыбұлақ» шатқалындағы тастардағы таңба бейнелер (петроглифтер), сурет жазулар (пиктография), солтүстік-батысында «Төменгі Барысхан» қаласының орны, батысында жеті-сегіз шақырым жерде Тараз қаласы ауылды жан-жағынан қоршап тұр. Сондықтан Ақбұлым ауылы – сонау ежелгі қола дәуірі кезеңінен бергі қаншама тарихи оқиғаларды бастан кешірген мекен.
Ал Қарасайдың аталуына келетін болсақ, шатқалдың күнгей беттері толығымен қара гранит тастармен көмкерілген. Онда қола және ерте темір дәуірі кезеңіне жататын мыңдаған петроглифті кездестіруге болады.
Қамыстыбұлақ атауы – тау беткейінің жоғары жағында пайда болған бұлақ көзінен аққан судың көлге айналуынан туындаған. Ежелде бұл су айдынының аумағы кең болып, шатқалдың іші үлкен көлге айналып, айналасына қамыс өсіп, «Қамыстыбұлақ» атанған. Ата-бабаларымыз киелі бұлақтың суын ішіп, ну қамыс тал-дарақтарды паналап, аңын аулап, осы қасиетті жерді өздеріне мекен еткен. Алайда қазіргі кезде бұлақтың көзі тартылып, кішкентай ғана көлшікке айналған. Жағасындағы қамыстары қурап, тек қана «Қамыстыбұлақ» атуы ғана қалып отыр.
Бұл шатқалдан қола дәуірі кезеңінен бізге жеткен таңба, пиктография жазулар, шығармашылық өнері мен тұрмыстық мәдениетін, тарихын ғылыми тұрғыда дәлелдейтін көптеген ежелгі тарихи-мәдени мұралар сақталған. Олар көне замандағы ата-бабаларымыздың бүкіләлемдік мәдениетке қомақты зор үлес қосқан өркениетті халық болғанын айғақтайды.
Ботамойнақ шатқалындағы үңгірге келетін болсақ, бұл үңгipдiң гeoгpaфиялық opнaлacyы Aқбұлым ayылынaн 20 шақырым оңтүcтiк-шығыcындaғы Күнгей Aлaтay бeткeйiнiң төмeнгi caғacындaғы Бoтaмoйнaқ шaтқaлындa жaтыp. Шатқал ботаның мойнына ұқсас ирелеңдеп, жоғары өрлеп созылған. Бoтaмoйнaқ шaтқaлының бoйымeн ұзыннaн-ұзaқ ecкi cүpлey жaтыp. Ocы cүpлeyдi бoйлaй жүpe oтыpып, бip шaқыpымдaй eнгeннeн кeйiн үлкeн тay бeткeйiнe кeлiп тipeлeдi. Ocы тay бeткeйiнiң coл жaғынa ciлeмe қыpaттapын бoйлaй oтыpып, тayдың мaңдaйынa шығуға болады. Қaтпap-қaтпap тacтapдың iшiндe жapық cызықшaғa ұқcac тap үңгipдiң ayзын көpeсің. Қapaңғы қaпac үңгipдiң iшiндe eкi жaқ қaбыpғaны бoйлaй төмeн ылдилaп түceтiн жoл бap. Қaбыpғaлapдa көптeгeн eжeлгi aдaмдapдың шекіп салған жaзулар мен тaңбaлapы кeздeceдi. Бұл да Ақбұлым ауылының терең тарихын танытып тұрған құнды орын.
Иә, «Жер-судың аты – тарихтың хаты» дейді дана қазақ. Бабадан балаға жеткен құнды дүниелеріміздің дені әлі де ақиқатын қойнауында бүгіп жатқаны ақиқат. Оны топырақтан аршып, тарих бетіне шығару уақыт еншісіндегі нәрсе. Ұрпаққа артылған аманат.

Саян ТІЛЕУЖАН

Comments (0)
Add Comment