Ас – адамның арқауы

Қалалық мәслихаттың депутаттары облыстың 80 жылдық мерейтойына орай жұмысшыларға дастарқан жайды.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Мереке күні сәулет нысандарының есігін айқара ашу мақсатында жедел қарқынмен суық күнде қажымай жұмыс жасағандарға қалалық мәслихаттың депутаттары Марат Мырзахметов пен Марат Смаилов түскі ас ұйымдастырды. Меценаттар құрылыс алаңының басына дастарқан жазып, мыңнан астам жұмысшы дәмді палаудың дәмін татты. Өз есімін Хасан деп таныстырған аспазшы палаудың энергияны көп қажет ететін тамақ екенін, жұмысшыларға күш беріп, суыққа төзімді болуын жеңілдететінін айтты. Палау – бұл дәстүрлі шығыс тағамы, оны көптеген отбасы өз шаңырағында және мереке атмосферасында дайындайтын дәм деп түсінеді. Мұндай дәмді ас суық күнде еңбек еткендердің көңіл-күйіне әсер етері сөзсіз.

«Тараз-су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысы Марат Смаилов 100 келіден астам палау дайындауды өз міндетіне алса, Марат Мырзахметов жұмысшыларды ас атасы нанмен қамтамасыз етті. Түскі астан кейін жұмысшылар өз міндетін атқаруға кірісіп кетті.

Comments (0)
Add Comment