Асқақ рух пен өр көңіл иесі

Жанарымыз шамдай жанып тұрса да, кейде кітап оқуға ерінеміз. Аяқ-қолымыз балғадай бола тұра, төртінші қабаттағы үйімізге көтерілуді мұң санаймыз. Әлдене жасауға кежеге кейін тартқан сәт, әлдеқайда әлдекімді жұмсағанды артық көріп тұрамыз. Ал дәл осылай жүріп-тұрудың өзін арман ететін жандар бар.

Құралай Ізетбаева

Негізі адам баласында асқақ рух пен өр көңіл болса ештеңеден мойымайды. Кісі бойындағы қайсарлық барлық жетістіктің кепілі ме дерсің. І топ мүгедегі Жұмабек Күлетовті көрген сайын осы ой санама оралады. Ол өз мүмкіндігі шектеулі бола тұра ой-өріс, білім сауатының арқасында қажетіне қол жеткізуді мақсат тұтады.
Жұмабек Қорамсақұлы осыдан бірнеше уақыт бұрын «Facebook» әлеуметтік желісінде өз арбасының сынып, істен шығып қалғанына байланысты облыс әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Тимуржан Нұрымбетов пен қала әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гаухар Олжабаеваның атына өтініш білдіріп, серуенге арналған арба сұрап, хат жазған. Өмірге деген өзіндік көзқарасы, қолтаңбасы бар сауатты жігіттің әлеуметтік желіде жариялайтын жазбаларын қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің директор-бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали бұрыннан қалт жібермей оқып тұратын. Жазбаларында мүмкіндігі шектеулі жандар үшін әділет іздеп, шыр-пыр болып жүретін жігіттің бұл жолы өз басына күн туып, амалсыздан өтініш хат жазып, арба сұрап отырғаны Эльмира Иниятқызын бейжай қалдырмады. Қол ұшын бермекке ұмтылып, демеуші іздеп, ізгі ниет танытуға атсалысты.
– Бүгін, Жұмабек, сен үшін қуанышты күн. Тараз қаласының бұрынғы әкімі, «ҚұрылысИнвестГрупп» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Ілияс Тортаев мырза мән-жайды түсініп, жүріп-тұруыңа ыңғайлы әрі электр қуатымен жүретін әдеттегіден салмағы жеңіл арба алып берді. Көлігіңді игілігіңе қолдан. Әлеуметтік желідегі сауатты жазбаларыңды қалт жібермей оқып тұрамыз. Алла деніңе саулық берсін, – деп ізгі ниетін білдірген Эльмира Иниятқызы Жұмабек Күлетовке арбаны өз қолымен тарту етті.
Жаздың жаймашуақ күнінде жарымжан жанның көңілін көкке көтерген бұл сәт жан жадыратар жылылық пен мейірімге тұнды. Арбасының сынғанына жылға жуық уақыт өткен Жұмабектің көздері бал-бұл жанып, қолы мен аяғына балаған су жаңа арбасын құйғытып айдап, балаша мәз болды.
Жұмабек Қызылорда облысы, Арал қаласында «балалардың церебралды сал ауруы» диагнозымен дүниеге келген. Ол Сарысу ауданы, Жаңатас қаласындағы Абай атындағы орта мектебінде білім алған. Үй жағдайында 1-сыныптан 11-сыныпқа дейін барлық сабағын бестікпен оқыған Жұмабек мектеп бітіргенде қызыл аттестатқа қол жеткізе алмапты. Себебі оның ән, дене шынықтыру және еңбек сабақтарына қатысуға мүмкіндігі болмаған еді…
Аялы алақан мен мейірімді жүректің қамқорлығы болса, қандай қиындық кезікпесін алмайтын асу болмас. Жұмабек бала күнінен зеректігі мен алғырлығы арқылы көзге түсіп, діттегеніне жету жолында қайтпас қайсарлық та таныта біледі. Ол мүгедектер арбасына таңылғанына қарамастан білім алып, еңбек етуді мақсат тұтты. 2007-2009 жылдары Жамбыл облысы, Қаратау қаласындағы колледжде білім алған. Сөйтіп, 2009 жылдан бастап өз үйінде жеке кәсіпкерлік техсервис ашып, телефон, компьютер жөндей бастады. Ал 2016 жылы «Тәжібай» базарында контейнер жалдап, компьютер жөндеу бағдарламасын орнатумен айналысады. Алайда жазда ысып, қыста суып кететін темір үй мүмкіндігі шектеулі жан үшін тым қолайсыз болып, қайта іс бастау мүмкін болмайды.
Туғалы аяқ-қолдары икемге келмей, тағдырынан теперіш көріп, мүмкіндігі шектеулі болса да жаси қоймаған жігерлі жан-қоғам белсендісі. Ол – 2015 жылдан бері облыста өтетін тірек-қимыл аппараты зақымданған және көру қабілеті төмен мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында дойбы ойыны бойынша жүлделі орындардың жеңімпазы. Бұзылған телефон, компьютер жөндейді. Қоғамда болып жатқан жаңалықтарды қалт жібермей, әлеуметтік желі арқылы өзі де үн қосып отырады.
– Мені жазбам арқылы танып, ізгі ниетін білдіріп, арба алып беруге мүмкіндік жасаған «Jambyl-Taraz» газетінің директор-бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали мен Тараз қаласының бұрынғы әкімі Ілияс Тортаев мырзаға алғысым шексіз. Жүрегім толқып, өмірде жақсы адамдардың бар екеніне тағы бір көзім жетті, – деді Жұмабек кеңдік танытқан аға-әпкелеріне ризалығын білдіріп. Көкейінде жүрген мәселелерін де айтып қалды.
– Мен жүре алмаймын, қолдарым икемге келмейді деп қол қусырып отырғанды ұнатпаймын. Өз мамандығым бойынша жұмыс немесе өз шеберханам болса деп арман етемін. Сосын мүгедек жандарға квота арқылы емделу мәселесі тегін қарастырылса. Тағы айта кетерлігі, қоғамдық көліктерде, қала мекемелерінің барлығында пандус орнатылып, аурухана, шипажайлардың дәрет бөлмелерінің есігі кең болмаған соң, мүмкіндігі шектеулі жандардың кіріп-шығуына қолайсыз,– дейді Жұмабек.
Жанарында от ойнап, жүрегі жалын атқан жігіт арбасына отырып, көрші-қолаң тапсырған телефон, компьютерлерді жөндеуге асықты. Оның бар ғұмыры арбасының доңғалағында шыр айналып бара жатқандай болды маған…

Comments (0)
Add Comment