15 қараша – Ұлттық валюта күні. Экономикалық дербестігімізді айқындаған төл теңгеміздің айналымға енгеніне биыл тура 30 жыл толды. Сондай-ақ бұл күн қаржы қызметкерлерінің де кәсіби мерекесі. Соған орай «Көне Тараз» этномәдени кешенінде салтанатты шара өтті. Жиынға Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил қатысып, ізгі лебізін жолдады.
– Тәуелсіздік туы астындағы 30 жыл ішінде мемлекетіміз дамудың талай белесін артқа тастап, қиындықтарды жеңіп, жылдан-жылға гүлденіп келеді. Дәл осындай өзгерістер мен күрделі сынақтарды теңге де басынан өткерді. Осындай кезеңде сіздер – қаржыгерлер еліміздің қаржы-қаражат саясатын іске асыруда қанатымен су сепкен қарлығаштай ел игілігі үшін тер төгіп, аянбай қызмет еттіңіздер. Сол себепті бұл күн – сіз бен біз үшін аса маңызды, айрықша қадірлі күн. Сіздерге осындай айтулы мереке күні отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге табыс, істеріңізге сәттілік тілей- мін, – деген Қайрат Әбілханұлы бірқатар сала қызметкерлеріне облыс, қала әкімдерінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын табыстады.
Шара соңы шаһар өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен түйінделді.
Жалпы төл теңгемізді дайындау жұмыстары 1992 жылы қолға алынып, сол жылдың 27 тамызы күні Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Ал ертеңінде қазақ валютасын өмірге келтірген суретшілер – Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтер Англияға аттанды.
1993 жылы алғашқы теңге партиясы Англияның ең көне әрі әйгілі «Харрисон және ұлдары» фабрикасында басылды. Теңгені елге тасымалдау үшін төрт «ИЛ-76» ұшағы Тұманды Альбион еліне 18 рет қатынады. Төл валютамыздың алғашқы партияларын сақтау үшін арнайы жерасты қоймалары дайындалып, дәл осы қоймалардан ұлттық теңгеміз еліміздің барлық өңірлеріндегі банктерге 8 күн ішінде жеткізілген еді.
Бұл жайында еліміздің Бірінші Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «ИЛ-76» төрт ұшағын жалдап алып, ақшамыздың 60 пайызын тасып әкелдік. Бұл өте құпия операция еді. Құжаттарға «Мемлекет басшысының салынып жатқан резиденциясына керекті мүлік» деп жазылды. Оған дейін облыстарда жерасты қоймасын жасатып қойдық. Төрт ұшақ аптасына Лондон-Орал, одан облыстарға дейін әрлі-берлі 18 рейс жасап тұрды. 12 қарашаны мен ақшаны енгізу күні деп жарияладым. 20 күнге жетер-жетпес уақыт қалды. ҰҚК басшыларының бәрін операцияны өткізуге жұмылдырдым. Ең қиыны – ақшаны барлық аудандарға, барлық банктерге жеткізу. Ол сегіз күннің ішінде атқарылып шықты. Бәлкім, дүниежүзінде жаңа ақшаны енгізу тап осындай тез әрі табысты жүзеге асырылған жоқ шығар», – деп еске алған еді.
Төл теңгеміздің алғашқы банкноты Британияның «Харрисон және ұлдары» фабрикасында басылып шығарылған еді. Алайда оның шығыны көп болатын. Сондықтан да қаражатты үнемдеу үшін өндіріс орнын жаңадан салынғанша «Гидромаш» АҚ зауыты корпусының бірін банкнот өндірісі талаптарына сай қайта жаңарту туралы шешім қабылданды. Ал 1995 жылғы 19 мамырда банкнот өндірісіне қажетті база құрылғаннан кейін Банкнот фабрикасы ресми түрде ашылды. Сол жылы 83 миллионнан астам, бір жылдан кейін 104 миллионнан астам банкнот шықты. Сөйтіп, Банкнот фабрикасының өнімділігі жобаланған мөлшерге жақындады. 1997 жылы Банкнот фабрикасы Қазақстан Республикасы азаматтарының паспорты мен жеке куәлігін шығара бастады. Қазір жинаған тәжірибе мен көпжылдық жұмыстың арқасында аталған фабрика өзінің полиграфия базасында банкнот шығару ісін толығымен жолға қойды. Осылайша, банкноттар сапа мен технологияның барлық әлемдік стандартына жауап береді.
Құрмаш Қаптағай