«Mudarabah Capital» ісі бойынша тың мәліметтер белгілі болды. Ішкі істер министрлігінің Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов қаржы пирамидасын ұйымдастыру бойынша 14 адам күдікті ретінде тергеліп жатқанын айтты деп жазады turkystan.kz.
Департамент өкілінің хабарлауынша, осы қаржы пирамидасын жарнамалаған блогердің біреуі шетелге қашып кеткен. Атышулы «Mudarabah Capital» қаржы пирамидасын ұйымдастыру күдікке ілінгендердің қатарында танымал Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязов және Әзізжан Саидбаев секілді вайнер мен блогерлер бар. Осы шу шыққаннан кейін олардың және туыстарының мүлкі тәркіленген. Тәркіленген мүліктердің арасында 4 жер учаскесі, 10 пәтер, 1 дүкен, 5 үй мен 2 автокөлік бар.
«Вайнер, блогер дегендер – қарапайым адамдар. Конституцияға сай тең құқықтары мен міндеттері бар қарапайым адамдар. Қылмыстық қудалау органдары мәртебесі мен жұмыс орны маңызды емес. Айтайын дегенім, өздерін вайнер атап жүргендер (үшеу) қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Қаржы пирамидасын жарнамалаған 3 вайнер де қылмыстық жауапкершілікке тартылады», – деді Санжар Әділов.
Оның айтуынша, прокурордың өтініші бойынша Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов кепілдік беріп, бостандықта жүр. Алайда үшінші күдікті Әзізжан Саидбаев тергеу органдарынан қашып кеткен. Қазір ол сырттай қамауға алынып, халықаралық іздеу жарияланды.