Қаржы игеру қолбайлау болмауы тиіс

Мемлекеттік аудит саласының жұмыстары енді ашық болмақ. Құзырлы органның облыстық департаменті сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы өткен семинар-кеңесте осылай деді.

Толғанай АТАБАЙ Суретті түсірген К.БЕРДЕЦКИЙ

Енді әр тоқсан сайын сала мамандары қоғам өкілдерімен кездесіп, атқарған жұмыстарын баяндап отырмақ. Қазына қаражатының мақсатты әрі тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету бойынша бірқатар кешенді жұмыстар жүргізіледі. Иә, мемлекет қаржысының тиімді жұмсалуы мен оның жемқорлардың несібесіне айналып кетпеуі ішкі мемлекеттік аудит органдарының қадағасында. Мәселен, департамент мамандары былтыр 186 аудиторлық тексеру өткізген. Нәтижесінде, 23 млн теңге бюджет қаржысы мақсатсыз жұмсалғаны анықталды. Осындай кемшіліктерді болдырмауға бағытталған жиында құзырлы сала өкілдері бірқатар ұсыныстарды ортаға салды.

– Бизнес өкілдерімен жүргізілген сауалнама барысында ішкі қаржылық аудит органдары жемқорлыққа бейім орган болып табылды. Сол себепті бұл салаға көп назар аударуымыз керек. Алдағы уақытта ҚР Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аумақтық департаменті Ұлттық бюро департаментімен тығыз жұмыс жасайтын боламыз. Жыл басынан бастап сала мамандарының жемқорлыққа төзімділігін тексеру бағытында шаралар қолға алынды. Бұл бастаманы қаржылық аудит органдарының басшылығы мақұлдап, тиісті меморандумдар жасалды. Тексеріс нәтижесінде кемшіліктер орын алса, мамандар қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Ең қатал үкім – қызметтен босату. Ал пара беру фактілері болған жағдайда қылмыстық қудалауға ұшырайды. Сондықтан әрбір бақылау аудит қорытындысын тиісті алаңшалар мен БАҚ-та жариялауы қажет. Біз осылайша құқық бұзушылықтың алдын алатын боламыз, – дейді ҚР Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департамент басшысы Равиль Төлебаев.

Сондай-ақ облыста өткен жылы мемлекет қаржысын тиімді пайдаланбаған 54 лауазымды тұлғаға шара қолданылған. Бұл ұсынысты семинар-кеңеске қатысушылар да қолдады. Ал келелі жиында айтылған ұсыныстар бойынша арнайы стандарт бекітіліп, алдағы уақытта Жамбыл облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Алмаз Дүйсенбаев талапқа сай жұмыстар одан әрі жандана түсетіндігін жеткізді.

Comments (0)
Add Comment