Арыстанғани Заппаров Алматы облысы Полиция департаментінің бастығы қызметіне тағайындалды

  Арыстанғани Заппаров Алматы облысы Полиция департаментінің бастығы қызметіне тағайындалды, – деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

«Қалыптасқан қылмыстық жағдайды ескере отырып, кадрлық әлеуетті нығайту, қылмысқа қарсы күресті күшейту, азаматтардың қауіпсіздігін тиімді қамтамасыз ету үшін ішкі істер министрінің бұйрығымен Президент Әкімшілігінің келісімі бойынша министрдің бұрынғы орынбасары Заппаров Арыстанғани Расилханұлы Алматы облысы Полиция департаментінің бастығы болып тағайындалды», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар, ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев жеке құрамға өзінің жаңа орынбасары Ержан Сәденовты таныстырды.

«Мемлекет басшысы ішкі істер органдарын дамытуға ерекше көңіл бөледі және ведомство алдына азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмысқа қарсы күрес және полицияның халықпен өзара іс-қимыл моделіне көшуі бойынша нақты міндеттер қояды. Ержан Сәденов аумақтық полиция бөлімшелерінде мол тәжірибеге ие болды. Жаңа лауазымда осы міндеттерді орындау үшін барлық күш-жігерін салады деп үміттенемін», – деді министр Ерлан Тұрғымбаев өзінің жаңа орынбасарын жеке құрамға таныстыра отырып.

2019 жылдың шілдесінен бастап Арыстанғани Заппаров ішкі істер министрінің орынбасары болды.

Арыстанғани Заппаров 1969 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін (1993 жыл), ІІМ Академиясының заң институтын (2002 жыл) бітірген.

1993 жылдан 2001 жылға дейін Жамбыл, Алматы облыстары ІІБ-нің, Алматы ҚІІБ-нің жедел құрамы лауазымдарын атқарды.

2001 жылдан бастап Алматы облысы ІІД жедел бөлімшелерінің басшылық лауазымдарында жұмыс істеді.

2010 жылы Алматы облысы ІІД криминалдық полиция басқармасының бастығы болып тағайындалды.

2012-2013 жылдары Алматы және Ақмола облысы ІІД қалалық органдарының бастығы қызметтерін атқарды.

2013-2014 жылдары Көліктегі ІІД криминалдық полиция басқармасының бастығы болды.

2014-2016 жылдары ІІМ Қауіпсіздік департаменті бастығының орынбасары болды.

2016-2017 жылдары Ақтөбе облысының ІІД бастығының бірінші орынбасары болды.

2017 жылдың желтоқсанынан бастап ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментіне басшылық етті.

2019 жылдың сәуір-шілде аралығында Қызылорда облысының Полиция департаментін басқарды.

Әскери атағы – полиция генерал-майоры.

Comments (0)
Add Comment