Ғарышты бағындырған тұңғыш қазақ космонавты: Тарихи сапар жайлы маңызды деректер

Осыдан 30 жыл бұрын, 1991 жылғы 2 қазанда тұңғыш қазақ космонавты Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшты. Бұл күн өз отандасын ғарышқа жіберген Қазақстан үшін атаулы датаға айналды. Орбитада даңқты ғарышкер 7 күн 22 сағат 13 минут болды. Оны ғарышқа аттандырған күні сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Байқоңыр» ғарыш айлағында Ұлттық аэроғарыш агенттігін құру туралы шешім қабылдайды,- деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазақстан ғарыш кеңістігін адамзаттың бағындыру тарихына тікелей әсер еткені белгілі. Республика аумағында аңызға айналған Байқоңыр ғарыш айлағы орналасқан, ол жерден ғарыш кеңістіктігіне әуе кемелері ұшырылады. Қазақстанның ғарышкерлері бес рет орбита сапарының қатыстушылары болды, алғашқы сапар 1991 жылы Тоқтар Әубәкровпен жасалды.

Алпыс жыл ішінде 600-ге жуық адам ғарышқа көтерілді. Олардың қатарында Қазақстанның үш өкілі бар: ұшқыш-ғарышкерлер, Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов.

Тоқтар Әубәкіров – қазақтан шыққан тұңғыш космонавт. Оның ғарышқа сапары 1991 жылдың 2 қазанынан 10 қазанына дейін жалғасқан. Ол экспедицияның ғарышкер-зерттеушісі ретінде орбиталық комплекс “Мир”-ға сапар шеккен.

Жаңа авиациялық техниканы сынау кезінде көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1988 жылғы 31 қазандағы Жарлығымен Тоқтар Әубәкіровке Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин ордені мен «Алтын жұлдыз» медалі табысталған.

Қазақстанға ғарышқа сапар не берді?

Әлемдегі ғарышқа алғаш рет ұшқан адам Юрий Гарарин сапарын қазақстандық Байқоңыр айлағанынан жасаған. Одан кейін де космонавтар Қазақстандағы ғарыш айлағынан ұшып жүрді. Алайда қазақтар арасынан ешкім әуеден жоғары кеңістікті бағындырмаған еді.

Тоқтар Әубәкіров өзінің ғарышқа ұшуын саяси оқиға деп бағалайды. Сұхбаттарының бірінде ол Нұрсұлтан Назарбаев өзін ғарышқа аттануға ұсынғанын айтқан.

“Қазақ ССР президенті Нұрсұлтан Назарбаев Роскосмостан ғарышқа ұша алатын қазақтар бар ма деп сұрағанда, “ертең ұшуға дайын тұрғандар бар” деп айтып, мені атаған. Маған ғарышкер болуды ұсынған кезде, мен зейнетке шығуға дайындалып жүргенмін”, – дейді ол.

Ол уақытта Юрий Гагариннің ғарышқа алғашқы ұшуы КСРО үшін мақтаныш болса, ал Қазақстан билігі үшін Тоқтар Әубәкіровтың ғарышқа ұшуы мақтаныш саналды.

1991 жылы 2 қазанда Байқоңырда маңызды датада қазақстандықтар жан-жақтан келген қонақтарды қарсы алды. Сол тұстағы ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен ғарыш алаңына көптеген одақтас республикалардың басшылары ұшып келді. Әубәкіров «Союз ТМ-13» ғарыш кемесінде Александр Волков пен Франц Фибекпен (Австрия) бірге ұшты.

«Мир» станциясында Анатолий Арцебарский мен Сергей Крикалевпен бірге жұмыс істеді. Орбитадағы алғашқы қазақстандық «Ғарыш-Қазақстан» ғарыш бағдарламасы бойынша эксперименттер жүргізді, оны іске асыру «Мир» орбиталық станциясының жұмысы аяқталғанға дейін жүргізілді.

Тоқтар Әубәкіров ғарыштық бағдарламаларды коммерциялизациялау жайлы тәуелсіздік алмай тұрып айтып келген. 1991 жылы “Казахстанская правда газетіне” берген сұхбатында “Ғарыш бізге керек пе?” деген сұраққа жауап береді. Айтуныша, ғарышқа бөлінетін қаражат Жерде нан табуға көбірек мүмкіндіктің пайда болуын мақсат етеді.

Ғарыштағы зерттеу жұмыстары біздің кең байтақ республикамыз үшін ерекше маңызды. Себебі Жердегі қауіпті өзгерістерді сол жақтан байқай аламыз. Және ең біріншіден бұл экологиялық ахуалға байланысты”, – деді ол сұхбатында.

Ол үлкен аумақтарда өнеркәсіптен шығатын аэрозольдің, Арал түбінен шаң мен тұздың таралуын көзімен көргенін айтады. Сондықтан Қазақстан толықтай ғарыштық бақылау жасауы тиіс. Топырақ, жануарлар әлемі, өсімдік әлемі – биологиялық тұрақтылықтың бұзылған жағдайда оны жылдам қайта қалыпқа келтіруге көмектеседі, деген позиция ұстанған.

“Маман ретінде, ғарыштық идеялар бойынша алыс-жақын әріптестеріміз – америкалықтарды озып келе жатырмыз. Алайда ғарыш мәселесіне қатысты үнемдейтін болсақ, деңгейіміз бірден түседі”, – дейді Әубәкіров.

Әубәкіров Анатолий Арцебарский және Франц Фибекпен бірге

“Оның есімі космонавтиканың тарихына кіреді”

Шын мәнінде Тоқтар Әубәкіров пен оның дублері Талғат Мұсабаевтың мойнына үлкен жүк артылған еді. Олар Жерге қайтып оралғаннан кейін, халықпен жүздеседі. 7 қарашада Алматыға балалары мен әйелдерімен келеді.

“..Әубәкіровтың жанына алғашқылардың бірі болып үлкен әпкесі, ерте өмірден озған анасын алмастырған Бикен Оңғарбаева келді. Әрбір әйелдің тағдырына ең жақын адамын құпия ғарыш мекеніне жіберіп, оны қайтып күтіп алу бұйыра бермейді. Бикен қуанышын, мақтанышын көз жасымен жеткізді. Тоқтар өз кезегінде “Ештеңе етпейді, бәрі дұрыс қой” деп жұбатып жатты”, – деп жазылды “Казахстанская правда” газетінің қараша айының нөмірінде.

Тоқтар Әубәкіровтың дублері Талғат Мұсабаев та ұшуға егжей-тегжейлі дайындалған, жаттығулар мен тәжірибелердің бәрін өткен. “Ұшпайтыныңызды білгенде, не сезіндіңіз?” деген сұраққа Талғат Мұсабаев “Бүгін ұшпасам да, кейінірек ұшармын. Космонавттың ең бір қажетті қасиеті – күте білу” – деп сұхбат берген екен.

Осы күні Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаевты Қазақ ССР президенті Назарбаев қабылдады. Орбитада геофизикалық зерттеу, ірі өндірістік орталықтар әуе бассейндердің ластануына қатысты жұмыстар өткізілгенін ол баса айтты.

Алайда бұл сапардың тарихи маңызы басқа еді. Отыз жыл бойы ғарышқа шетелдік және отандық ғарышкерлерді ұшырып жүрген қазақ жерінің өз космонавтының пайда болуымен байланысты еді.

“Оның есімі космонавтиканың тарихына кіреді”, – деді Назарбаев.

Әубәкіров өз сөзінде көпшелілер енді ғарыш кеңістігіне де жеткенін сөйлеген сөзінде айтып өтті.

“Бүгін, осындай шуақты, мерекелі күні біз Талғат екеуіміз ұлы халықтың жеріне қондық. Мыңдаған керуен жолдар осы жолды қиып өткен. Енді ғарышқа да жетті. Барлық қазақстандық, үлкен достастық сезімімен ата-бабаларымыздың салып кеткен сара жолын жалғастырғанын қалаймын. Осы достық сөз емес, іспен дәлелденсе екен. Ешқашан қызармайтындай болайық, – деді ол.

Сол кездегі қала әкімі Заманбек Нұрқаділов алғашқы қазақ космонавтының жолын космонавтикада жаңа леп әкеледі деген сенімін білдірді.

“Қазақ совет ғарыш ісін үлкен болашақ күтіп тұр”, – деді Нұрқаділов өз сөзінде.

Қазақстанның алғашқы ғарышқа сапары туралы 1991 жылдары не жазылып жүрді?

“Алматы ақшамы” газетінің 1991 жылғы 1 қазандағы санында “Ертең тұңғыш қазақ ғарышқа ұшады” атты жаңалық жарияланған.

Онда қазақ ғарышкерін ғарышқа аттандырмай тұрып, бір күн бұрын орын алған оқиғалар жайлы айтылады. Мәліметтерге сүйенсек, космонавтарды шығарып салуға жан-жақтан адамдар Байқоңырға жиналған екен.

“Ертең қазанның 2-сі егеменді Қазақстан республикасын тарихында атаулы күн болып қалмақ. Туған жерімізде осыдан 30 жыл бұрын ашылған космодромнан тұңғыш қазақ ғарышкері ұшады. Осы уақыт бедерінде дүниенің төрт бұрышынан келіп, ғарышқа Байқоңырдан сапар шеккендердің саны жүзден асады. Өкінішке қарай, қазақ азаматының жолы ғарышқа бүгін ғана түсіп отыр.

“Ештен кеш жақсы” демекші әзірге осыған да шүкіршілік ете тұрайық. ..Әлі-ақ талай азаматымыздың ғарышқа сапарларын мақтан ететін күн де алыс емес шығар”, – делінген жазбада.

Тоқтар Әубәкіров туған жері Қарағанды қаласына келген кезде оны қарсы алып алған адамдар ғарышкерді халық батыры деп таныды. Сонда оның жақындары мен халық белсенділері өз шынайы эмоцияларын білдіреді. Қазақстанның космонавтика саласының дамуына осы қадам бастама болады деп сенімін жеткізеді.

Екі ғарышкердің 10 қарашада Қарағанды қаласына кездесуге келуі жайлы “Казахстанская правда” басылымының 1991 жылғы қараша айындағы санында мынадай деректер келтіріледі. Әубәкіров туған ғарышқа сапарынан оралған соң, туған жеріне келіп, алғашқы ұстазының батасын алады.

Тоқтар Әубәкіров сол кеште алғашқы тәлімгері, авиация подполковнигі, Теміртаудағы Қарағандылық аэроклуб филиалының оқытушысы Анатолий Иванович Антошиннің желдің өтінде қалған бетін сүйеді.

Сонда тәлімгері: “Мен білдім, Тоқтар, саған сендім” деп қайталай берді көз жасына ерік беріп Анатолий Иванович.

“27 жыл бұрын, сол кезде ұшаққа отыру үшін жиырма үш бала зауыттардан келді. Ұшуға олардың он біріне рұқсат берді. Ал авиациялық оқу орнына тек үшеуі ғана түсті. Жоғары әскери оқу орнына тек Тоқтар түсті. Ол өте талантты. Әрине, әуеде ұшу үшін талант керек. Тоқтар Әубәкіров қысқа уақыттың ішінде 50-ден астам ұшақ түрін меңгерді. Ол өз ісінің маманы. Оған “КСРО-ның еңбек сіңірген сынақшы-ұшқыш” деген атағы бекерден-бекер берілген жоқ. Ғарышқа ұшпай тұрып-ақ, Кеңес Одағының батыры атанды”, – деді ұшқыштың тәлімгері.

Жиналғандар ұшқышқа:  “Тоқтар, жарайсың! “Даңдайсып кеткен жоқсың”, “Атақ басыңды айналдырып алған жоқ” деп қолдау білдіріп жатты.

Академик З.М. Мулдахметов Республикадағы Ғылым Академиясының Орталық Қазақстандағы бөлімінің жетекшісі Әубәкіровтың ерекше ерлігін, өз-өзін ұстауын атап өтті.

Шахтерлер атынан Социалистік еңбек ері В.К. Тоншуров есімді шахтер сөз сөйледі. Ғарышкердің еңбегі шахтерлердің еңбегімен пара-пар екенін айтты.

“Біз рухани бауырмыз. Бауыр бауырға не тілеуі мүмкін? Бақыт, шығармашылық. Осыдан соң Тоқтардың артынан жаңа қазақстандық космонавттар ерсін!”, – деп ізгі тілегін білдіріп өтті.

“Біз шахтерлер космосқа ұшу біреулер ойлағандай ақшаны далаға шашу емес, бұл пайдалы тәжірибелер”, – деді ол.

Айта кетейік, бүгінде «Байқоңыр» туристік аймағы туристік саланы дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша неғұрлым перспективті бағыттардың ондығына кірді.

2025 жылға қарай Байқоңыр қаласы мен аттас ғарыш айлағына жылына 250 мың турист тарту жоспарлануда.

Еске салсақ, Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров биыл 75 жасқа толды.

Comments (0)
Add Comment