Көркем прозада, драматургия мен публицистика саласында айтарлықтай із қалдырған Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы-драматург, журналист, жерлесіміз Елен Әлімжанның 80 жас мерейтойы тарихи Тараз төрінде кең көлемде аталып өтілді.
А. Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрында өткен әдеби-сазды кешке облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, зиялы қауым мен қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері, оқырмандар қатысты. Салтанатты шараны белгілі ақын, республикалық «Ана тілі» газетінің бас редакторы Ерлан Жүніс жүргізіп отырды.
Салтанатты шарада сөз алған аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев қарымды қаламгердің қазақ әдебиетіне сіңірген еселі еңбегіне ерекше тоқталды.
– Сіз – жастық шағыңыздан бастап бар ғұмырыңызды туған еліңіздің игілігіне арнаған азаматсыз. Әдебиет пен мәдениетке қосқан өлшеусіз үлесіңіз талай жас қаламгерді қанаттандырып, қазақ руханиятын байытқан еңбегіңіз халық жадынан ойып орын алғаны анық. Өмір жолыңыз – кейінгі ұрпаққа үлгі. Қаламыңыздың қуатымен елдің бірлігін, халықтың салт-дәстүрін, асыл мұраттарын ардақтап, өшпес мұра қалдырдыңыз. Әдеби шығармаларыңызда халқымыздың болмысы мен тағдыры көрініс тауып, жас ұрпақтың рухани қазынасына айналды, – деген Ербол Шырақпайұлы мерейтой иесінің иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.
Сондай-ақ кеш барысында облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Доқтырхан Тұрлыбек, М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті «Журналистика және филология» кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Әсима Нүсіпова қатарлы қонақтар жазушыға арнаған жылы лебіздерін білдірді. Ал облыс өнерпаздары қаламгердің сөзіне жазылған әндерді шырқады.
Тағылымға толы шараның соңы кеш иесі Елен Әлімжанның «Жанұраным» пьесалар мен «Тарғыл сиыр» әңгімелер жинағының тұсаукесер рәсімімен түйінделді.
Жұматай КӨКСУБАЙ