Қарулы әскеридің қолын алған бүлдіршін жұртты елжіретті

Елдегі жаппай тәртіпсіздік кезінде әскери қызметшінің қолын алып тұрған баланың суреті көпшілікті елжіретті, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі turkystan.kz. сайтына сілтеме жасап.

Фотодағы кейіпкердің кім екені белгілі болды, ол Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6698 әскери бөлімінде қызмет ететін ефрейтор Шахрух Хасанов болып шықты.

Ол 4 қаңтарда дабыл белгісімен қызметке келген. Содан Шымкент қалалық әкімдігінің маңына қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге шыққан.

«Сурет 7 қаңтарда түсірілді. Әкімдік алдындағы алаңда қызмет атқарып тұрғанымда бір кішкентай балақай жүгіріп келіп, сәлем берді. Баланың қолын алып, басынан сипап, әкесіне қарай жібердім», – дейді Шахрух Хасанов.

Ал осы сәтті сол маңайда түсірілім жасап жүрген «Otyrar tv» журналистері фотоға түсіріп алған.

Желі арқылы тараған суреттің бүгінде анимациялық бейнесі де жасалып, әлеуметтік топтарда кеңінен таралып жатыр.

Comments (0)
Add Comment