Бокстан Біріккен Араб Әмірліктерінде жасөспірім қыздар арасында өткен Азия чемпионатында 4 бірдей жерлесіміз топ жарды.
Жарыстың жартылай финалының нәтижесі бойынша 4 қазақстандық бұрымды былғары қолғап шебері финалға жолдама алса, қалған жетеуі жарыстың қола жүлдесін қоржынға салды. Қорытынды бойынша құрлық додасында ақтық мәреге өткен Диада Магауяева күміс медальді қанағат тұтса, 54 келі салмақта шаршы алаңға шыққан Нәзерке Серік, 70 келіде Валерия Семенова, 75 келі салмақта Дана Дидай алтыннан алқа тағып, ел байрағын көкке көтерді. Ал Элина Базарова (-48 кг), Анжелика Цой (-52 кг), Милана Аюпова (-63 кг), Назым Әбдіхан (-60 кг), Анар Тұрысбек (-57 кг), Жібек Жарасқызы (-66 кг), Мақпал Ерболатқызы (-80 кг) Азия чемпионатының қола жүлдегерлері атанды.
Азия құрлығының 16 мемлекетінен келген былғары қолғап шеберлерінің басын қосқан дүбірлі додада осылайша 4 бірдей жамбылдық топ жарды. Олардың қатарында Жуалы бокс мектебінің спортшысы Анжелика Цой, облыстық дарынды балаларға арналған спорт мектебінің тәрбиеленушілері Назерке Серік пен Дана Дидай және шаһардағы №6 бокс мектебінің спортшысы Валерия Семенова бар.