Қарты бар елдің қазынасы бар

Құрметті қазыналы қариялар мен ардагерлер!

Сіздерді 1 қазан – Халық-аралық қарттар күнімен шын жүректен құттықтаймын! «Қарты бар елдің қазынасы бар» дейді дана халқымыз. Расында, дария кеуде, тау мүсін қарияларымыз қашанда елдің ұйытқысына айналып, татулығына тірек болып келеді. Олардың әрбір тағылымды тірліктері өскелең ұрпаққа үлгі екені даусыз. Ақыл-кеңестің, үлгі-өнегенің сарқылмас кенішіндей болған қарттарымыз, Сіздер, аман-есен жүргейсіздер!
Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз, тәлім-тағылымдарыңыздың біз үшін орны бөлек. Себебі әрқайсысыларыңыздың өңірдің өсіп-өркендеуіне қосқан үлестеріңіз бен еңбектеріңіз ерен. Талай жасты тәрбиелеп, ізбасарларыңызды өсірдіңіздер. Бүгін еңбектеріңіздің зейнетін көріп отырған шақта да Сіздер ұрпақтарыңызға игілік пен ізгіліктің, пайым мен парасаттың үлгісін танытудан жалыққан емессіздер.
Сіздерді атаулы күнмен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, құт-береке тілеймін! Шаңырақтарыңыздан тек шаттық үні естіліп, босағаларыңызға бақыт тұрақтасын! Абыройдың асқарында, беделдің биігінде күн кешулеріңізге тілектеспін!

Ержан Жылқыбаев,
Тараз қаласының әкімі

Comments (0)
Add Comment