Қарттарым – асыл қазынам

«Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейді дана халқымыз. Үлкенді сыйлау мен оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан өшпес салтымыз. Аға буын өкілдерінің өмірлік тәжірибесі мен даналығы баға жетпес құндылық, олардың көптеген жетістіктері – жастарға үлгі.

Осы мақсатпен әлем халқы 1 қазанда Халықаралық қарттар күнін атап өтеді. Мерекеге орай Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының №2 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында «Қарттарым – асыл қазынам» атты мерекелік шара өтті.
Жиынға қатысқан Жамбыл облысы полиция департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Жанаев пен Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкілі Берікбол Байхожаев қарияларға ақжарма тілектерін арнап, арнайы дайындалған сыйлықтарын табыстады. Сондай-ақ мекеме директоры Мұрат Бердалиев те орталықтың қызмет алушыларын мерейлі мерекемен құттықтап, бағалы сыйлықтармен қуантты.
Мерекелік кеште К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының өнерпаздары ән мен биден шашу шашып, ерекше көңіл-күй сыйлады.
Айта кетейік, күні бүгінге дейін орталықта 125 қызмет алушы бар. Оның 92-сі зейнеткер болса, 33-і – мүмкіндігі шектеулі жандар. Мұнда бекітілген жоспарға сай, қызмет алушыларға тәулік бойы 7 бағыт бойынша толық көлемде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілуде.

Айнура СЕЙДІЛДАЕВА

Comments (0)
Add Comment