Адам жанының арашашысы болу оның бала кездегі арманы болатын. Асқақ арманы ақиқатқа айналған Лиза Ықыласбекқызы 33 жылдан бері отбасында бала мен жардың бабын тауып, әулеттің ұйытқысы болумен қатар ұлт денсаулығының шырақшысына айналған.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
30 жылдан астам уақыт адам жанына шипа дарытып, дерттіге дауа таба білген ақ халатты абзал жан өзіне ем іздеп келіп, құлан таза айыққан әр науқастың алғысы жанымды жадыратады дейді.
– 1980 жылы Алматы мемлекеттік медициналық институтына балалар дәрігері мамандығына қабылданып, 1986 жылы тәмамдадым. Әуеліде оқуға түсуде жолым болмай, бірер жыл зауытта токарь болып жұмыс істедім. Еңбек жолымды Қызылорда облысының Қармақшы ауданында учаскелік дәрігер қызметінен бастадым. Ауданда еңбек еткен жылдары дәрігер, бөлім меңгерушісі, бас дәрігердің орынбасары лауазымдарында қызмет атқардым. Отбасылық жағдаймен Тараз қаласына қоныс аударып, осында табанды түрде жұмыс істеп, адал еңбек етіп, ұл-қыздарымды өсіріп келемін. Бала кезден-ақ жанымның қалауы дәрігер атану еді. Оның ішінде бала денсаулығы бірінші кезекте қатты қызықтыратын. Себебі үлкен адамдардың диагнозын, қай мүшесінің ауырып тұрғанын білу оңай. Ал бала ешқашан «мына жерім ауырып тұр» деп нақты айта алмайды. Ол тек мазасызданып, жылай бастайды. Баланың диагнозын дәлме-дәл табу үшін дәрігерде түйсік пен тәжірибе болуы тиіс. Мен жас шағымнан дәрігерліктің осы бағытына бейімделгім келді,– дейді дәрігер.
Алдына айқын мақсат қойып, жүрек қалауын дәл тапқан дәрігерге жыл сайын мыңдаған науқас ем қабылдауға келеді. Облыстық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі қызметінде жүріп талай баланың бабын тапқан кейіпкеріміз өз саласының біршама қиындықтары да барын жасырмайды.
– Қазіргі ақпаратқа қолжетімділіктің қарқын алған шағы дәрігерлер қауымына оңай соғып тұрған жоқ. Бүгінгінің адамы алдымен дәрігерге емес, интернетке жүгінеді. Баланың ауру белгілерін ғаламторға теріп, өздерінше диагноз қойып алады. Осы бір нашар әдеттің кесірінен кейде науқасты ауруханаға әкелгенде тым кеш болатын жағдайлар орын алады. Ал кейде баланың ата-анасы ғаламтордан оқыған ақпаратқа сүйеніп, қолданып жатқан еміңе қанағаттанбайтынын айтып, емдеу процесіне кедергі келтіреді. Біздің сала мұқияттылық пен сабырды қажет етеді. Мұндай сәттерде саладағы 30 жылдан астам уақыт тәжірибе көмекке келеді. Амалын тауып ата-ананың да, баланың да көңілін табамыз. Оның үстіне инфекциялық процесс өте күрделі. Дер кезінде ем қолданбаса, ауру асқынып, келеңсіз жайттарға алып келуі мүмкін,– дейді дәрігер.
Бүгінде жоғары санаттағы дәрігер атанып, ұлт денсаулығының нағыз жанашырына айналған кейіпкеріміз аталмыш салада алға озып, кәсіптің нәсібін көру үшін жастарға төзімділік пен өз-өзін дамыту дағдысы аса қажет екенін айтады. Лиза Ықыласбекқызы – денсаулық саласында сапалы маман ғана емес, ұл-қыз өсіріп отырған ана, аяулы жар, отбасының ұйытқысы. Өз ісіне асқан ыждаһаттылықпен қарайтын дәрігер жанұяда өз перзенттеріне ең бірінші кезекте ұлттық бағытта тәрбие беріп, намысшыл болуға баулиды. Осындай тәрбиенің негізінде ғана елімізде өз ісінің хас шеберлері көбейіп, кәсіби тұрғыдағы нағыз мамандар елімізді өркендететінін айтады. Мамандық таңдаудан қателеспей, өнегелі ұрпақ тәрбиелеп, ұлт денсаулығын жақсарту жолында адал қызмет етіп келе жатқан Лиза Ықыласбекқызын 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтап, қажырлы еңбектің қайтарымы мол болуын тілейміз.