Жас кәсіпкерлерге өз армандарын іске асыруға мүмкіндік берген «Zhas Project» жобасы өз мәресіне жетті. Республика көлемінде өңір жобаны іске асыру бойынша ІІ орынға шықты.
Арайлым Бақытжанқызы
2017 жылы Дүниежүзілік банк пен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министірлігінің қолдауымен пилоттық режимде Қазақстанның 4 облысы – Алматы, Қарағанды, Павлодар және Оңтүстік Қазақстанда қолға алынған «Zhas Project» жобасы былтыр Үйлестіру агенттігімен Қостанай, Қызылорда, Ақтөбе, Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының аумағын да қамтыған болатын. 14-тен 29 жасқа дейінгі (жалпы орта білім беру мектебінің оқушыларынан басқа), жобаларды іске асыруға, өз әлеуетін, өмірлік маңызы бар дағдылары мен көшбасшылық қасиеттерін дамытуға мүдделі жастарға бағытталған жобадағы негізгі басымдылық жұмыс істемейтін және оқымайтын немесе табысы төмен қатысушыларға берілді. Іс-шара шеңберінде облыста 206 жоба іске асырылды. Оларға өз бастамаларын іске асыруға 1 000 000 теңгеге дейін грант, сондай-ақ өмірлік маңызы бар дағдылар мен жобаларды басқаруға оқытудың бірегей бағдарламасынан өтуге мүмкіндік алған 704 үміткер қатысты. Жеңімпаздарға ай сайын әлеуметтік шәкіртақылар (60 000 теңге – жоғары оқу орындарының түлектеріне, 40 000 теңге – қалған барлық қатысушыларға) төленді.
Қалалық Ы.Дүкенұлы атындағы Мәдениет үйінде аталған бастаманың қорытындысы шығарылып, облыс жобаларының Аймақтық форумы және бастаманы іске асыру кезінде дайындалған өнімдердің көрмесі өткізілді.
Форум «Атамекен» ҰКП, «Даму» ҚҚ өкілдерінің, мәслихат депутаттары, жобаның аудандардағы қатысушылары мен менторларының қатысуымен өтті. Жиында сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков көпшілікті биылғы Жастар жылымен құттықтады.
– Ойы ұшқыр, білімі терең,елжанды, тың идеялардың жаршысына бүгінде өзін және елімізді дамытуға мол мүмкіндіктер берілуде. Оның ішінде мемлекет экономикасын тұрақтандырудың негізгі бағыты ретінде кәсіпкерлікті дамытуға әркез қызу қолдау көрсетіліп келеді. Жастар жылының ашылу салтанатында Елбасы 14-29 жас аралығындағы азаматтарға арналған «Жас кәсіпкер» бағдарламасын әзірлеуді, оларға бөлінетін гранттарды 2 есеге арттыруды тапсырған болатын. Сөйтіп 3 жылда шамамен 300 мыңға жуық жас бизнестің қыр-сырын меңгеріп шығады. Олардың ¼-ін немесе кем дегенде 80 мың адам өз кәсібін бастап кетеді деген Мемлекет басшысы жоғары оқу орындарының соңғы курстарында оқитын студенттерді де осы салаға тартуды нұсқады. Бұл республикамыздың гүлденуі мен жарқын болашағына кепіл болады.Қомақты қаржы бөлінген жобаның нәтижесінде кейінгі буын өкілдері өз бизнесін аша алады. Оған 2-3 адам жұмысқа тартылып, стипедия тағайындалады. Жүргізілген ауқымды жоба нәтижесінде 6 өңірдің ішінде облысымыз 2-орынды иеленіп жалпы инвестициялық көлемі 378 миллион теңгені құрады. Осылайша аймақта 48 ет пен сүт өнімдерін өндіру шаруашылығы, 36 білім беру курсы, 28 бос уақытын өткізу орталығы мен шығармашылық үйірмесі, 16 спорт орталығы мен фитнес клубы, 14 наубайхана, 7 құс фабрикасы, 6 тігін шеберханасы, 8 сұлулық салоны, 5 жылыжай сияқты ел дамуына үлес қосқан маңызды ғимараттар ашылған. Бұлардың барлығы да қажырлы еңбек пен маңдай тердің нәтижесі, – деді Бекболат Серікбекұлы.
Ауқымда шараға жобаны басқару тобының жетекшісі Гүлмира Ескендірова мен Жобаны үйлестіру агенттігінің өкілі Сұлушаш Қазтаева Астана қаласынан арнайы келіп, атқарылған жұмыстар жайлы өз ойын ортаға салды.
Форум барысында жеңімпаздар таныстырылып, жастар жобасының көшбасшылары Дилафруз Махмадулоева, Еркебұлан Серікұлы және ментор Гүлзат Искакова да өз ой-пікірлері мен жеткен жетістіктерімен бөлісті. Мұнан кейін «Zhas Project» жастар корпусын дамыту жобасын іске асыруға қолдау білдіріп, мемлекеттік жастар саясатын дамытуға үлес қосқан ауқымды шараның жанашырлары жобаны үйлестіру агенттігінің Алғыс хаттарымен марапатталды.