Қарлығашым, келдің бе?

Жан жадыратар шуағы мол көгілдір көктем келгенінің бір белгісі – туған жер төскейіне жыл құстарының оралуы. Көк сеңгірге көз салсаң, топ-топ болып тыраулаған тырналар көші солтүстікті бетке алып қалықтап кетіп барады. Тіпті, көзге түртсе көргісіз айсыз аспанның астынан да олардың құлаққа талып жеткен қоңырау-үнін естуге болады. Межелі жерге жеткенше осылай…

Көлдер мен тоғандарда қаз-үйректер қарайып, асығыс, бірімен-бірі жарыса ұя салып жатады. Бұл кезде табиғаттың талбесігінен қандай құсты көрмейсің, тәйірі! Олардың көп жиылған жері құс базарына айналып, азан-қазан болып жатады. Құстардың да өздеріне тән әрқилы дауысы бар: шағала шаңқылдайды, қаз қаңқылдайды, бозторғай шырылдайды, қарға қарқылдайды, аққу қиқылдайды… «Құстар – көктем жаршысы» дегеніміз, сірә, осы шығар.
Көктемнің тағы бір ерекшелігі – таңертең ертерек тұрып терезеңді ашсаң, сырттан енген таза саф ауамен қабаттасып нешебір әнші құстардың таңертеңгілік «симфония- лық» үнін құлағыңыз шалады. Бала кезімнен менің сағына күтетін, ерекше қастерлейтін бір жыл құсым бар. Ол – қарлығаш. Қарлығаштың оралуы – қай заманда да көктемнің оралуы, жақсылықтың, жылылықтың, құт-береке, той-думанның оралуы деп есептелген. Қай елде болмасын, қарлығашқа деген құрмет-пейілдер, аяушылық сезім ерекше. Көрнекті қазақ ақыны Мұқағали Мақатаев:
«Қарлығашым, келдің бе,
қаршығадан саумысың?
Аман-есен жеттің бе,
айыр құйрық нау-құсым?
Оралдың ба, тағы да
өзің өскен ұяға,
Оралдың ба, сүйіктім,
екеуің де бармысың?
Қарлығашым, бұл қалай,
қайда кеткен серігің?
Зияны жоқ зиялым,
өкпелетті сені кім?» – деп жырлағанда сыңарын жоғалтқан қамкөңіл құсты жарынан айырылған жесір келіншектей аяйсыз.
Қарлығаш сөзі «қара», «ала», «құс» деген сөздерден құралған екен.
Көктемде оңтүстікке алғаш болып көктем хабаршысы – наурыз- ек ұшып келеді. Наурызекті көріп, көңіліміз бір желпініп, марқайып қалады. Одан кейін қанаты талған қарлығашты күтеміз. Қарлығаш – жылулықтың, жақсылықтың символы. Өйткені қарлығаш келгенде көк көтеріліп, бау-бақша гүлдейді, жәндіктер оянады.
Біздің өлкеге қарлығаш көкек, бұлбұлмен қатар мамыр айында келеді. Халық аңызында «Мамырдың басында мамыражай түндер болады, сондай құлаққа ұрған танадай тып-тыныш кештердің бірінде кенет көкек шақырса, бұл оның «менімен бірге қарлығаш та келді» деп хабар айт- қаны екен. Кеш келетіні – ол, негізінен, шыбын-шіркеймен қоректенеді. Жемтігін ұшып бара жатып қағып жейді, суды да солай ішеді. Ал шыбын-шіркей қар ерісімен бірден шыға қоймайды. Жер дүние жасыл желекке бөленген соң ғана көзге көрінеді. Ерте кететіні қорегіне байланысты. Күн суыта құрт-құмырсқа, маса-сона азаятыны белгілі.
Қарлығаш ұясын жауын-шашын, су тимейтін жерге, көбінесе үйдің маңдайшасына, қораның бел ағашына салады. Адамға үйірсек сүйкімді құс. Оның өзге құстардың ешқайсысына ұқсамайтын құлаққа жағымды өз «әні» бар. Нәп-нәзік көмейден төгілген әсем әуезді тыңдаудан жалықпайсың-ау, жалықпайсың!
Рас, соңғы жылдары оңтүстік аймақтарда, әсіресе, қалаларға және оған жапсарлас елді мекендерге қарлығаш аз келетін болып жүр. Кей жылдары мүлде көрінбей кетеді. Ғалымдардың айтуынша, оның басты себептері – ауа тазалығы бұзылып, экологияның нашарлауы, қаладағы айқай-шудың көбеюі, адамдардың қатыгезденіп, жан-жағын орман-тоғай, тау-тас демей иемденіп, игеріп, опырып-жапырып бара жатқаны. Халық арасында айтылатын әңгіменің бірі – қарлығаш құсы бұзық ниетті, арам ойлы адамдардың үйіне ұя салмайды екен. Ол – біз түсіндіре алмайтын жұмбақ дүние…
Ұшып келе салысымен, қарлығаш адамға жақын аймаққа (үй маңына) ұя сала бастайды. Адамды өзіне қорғаушы деп біледі. Ұялары өздерінің желім сілекейлерімен жапсырған топырақ түйірлерінен, қыл араластырып саз балшықтан жасайды. Бар-жоғы 9-23 сантиметрлік, салмағы 10-60 грамдық қарлығаш ұясын асықпай 7-10 күндей қалайды. Ұясы жарты ай немесе түбі кең, аузы тар құмыра пішінді болады. Ұясының түбіне қауырсын, ұлпа, мамық секілді жұмсақ заттардан төсеніш жасайды. Ашық ұядағы жұмыртқа қара теңбілді шұбар, жабық ұядағы жұмыртқа ақ түсті болады. Жылына бір рет, ал кейде, екі мәрте үштен жетіге дейін жұмыртқа салып, балапан өрбітеді. Балапандары адамның шақалағы сияқты қызылшақа болып туады. Ұядан балапандары түсіп кетпесін деп қарлығаштар олардың аяқтарын қылмен байлап-матап қоя- ды екен.
Үйіңізге ұя салған қарлығаш балапан шығарса, үйге бақ-береке, молшылық, татулық келеді. Әдетте ұя бұзғанға жақсылық болмайтыны өз алдына, осынау жұдырықтай құс- тың ұясы күйресе, бір жазда «үйін» жаңадан қалап та, балапан басып шығарып та үлгермейді ғой.
Кей аңызға қарағанда адамдар үй салуды қарлығаштан үйреніпті. Осы күні сәулет өнері жетіліп, теңіз жағалауы мен жартастарға салынған үйлерді, ғимараттарды қарлығаштың ұясына ұқсатып қалайтын болған. Мәселен, Қырымдағы Ялтада «Қарлығаштың ұясы» деп аталатын теңіз жағасындағы жарқабақ басына соғылған әдемі үй бар. Әлгі үй өзінің архитектуралық әсемдігімен көз тартып, көпті таңғалдырады.
Көбіне қалада жүретін қысқа құйрық ақтөс қарлығаштар жып-жылтыр бетон қабырғаға қалай ұя салады, оны қалай, немен, қайтып бекітетіні әзірге түсініксіз. Әсіресе, айырқұйрық қарлығаш ұя салуға аса шебер. Ұясын еркегі мен ұрғашысы қызғыштай қориды. Жұмыртқаны да екеуі алма-кезек басады. Нағыз тату отбасы деп қарлығашты айтса керек.
Базбір халық қарлығаштың ұшу қалпына қарап ауа райын болжайды. Өйткені күн ашықта ол биіктеп ұшса, жауын-шашын боларда жер бауырлап зулайды. Ашық аспан астында айқыш-ұйқыш сымпылдап ұшқан қарлығаш көзге өте сүйкімді көрінеді. Өздері өте епті, сол ұшып жүргенде ұсақ жәндікті ауадан аулап жей береді. Өзен-көлдің, бұлақтың үстінен ұшып бара жатып-ақ іліп су іше алады. Кейбір қарлығаштар сағатына 150-170 шақырым жылдамдықпен ұша алады екен. Тәулігіне 800-1000 шақырым жерді ұшып өткен кездері де болған. Ауаны қақ жарып, сусылдап ұшатын сүйкімді құсты оқ та алмайды, жебе де дарымайды. Ата-әжелеріміз «қарлығашты аулауға, тас лақтырып үркітуге болмайды, ол – Алланың жерге жіберген киелі құсы» деп отыратын.
Қарлығаш – әнші торғайлар тұқымдас жиырма түрлі құстың бірі. Әлемде Арктика мен Антарктидадан басқа аймақтарда оның жетпіс тоғыз түрі таралған. Қазақ жерін «қосреңді қарлығаш», «секпілтөс қарлығаш», «жар қарлығашы», «құз қарлығашы» және «кент қарлығашы» деген бес түрі мекен етеді.
Қарлығаш туралы айтылған аңыз, ертегілер, әндер мен жырлар да аз емес. Соның бірі қазақтың қабырғалы биі Төле Әлібекұлы (1663-1756 ж.ж.) туралы мына әңгіме:
«Қазақтар киіз үй тігіп, далада малын бағып, жайлауда көшіп жүреді екен. Бірде қалмақтар шабуыл жасап, бүкіл ел тауға қарай үдере көшеді. Тек қана Төле би қонысында қозғалмай отырады. Қалмақтың
Зайсан атты батыры «Елің безіп кетті, сен неге қашпадың?» деп сұраса, төрде төбедей боп отырған би қамшысымен шаңырақты нұсқайды. Қараса, бір қарлығаш зу-зу етіп балапандарына жем-қорек тасып жүр екен. «Балапандар қара қанаттанғанша, ешқайда табан аудармаймын» дегенді үнсіз ұқтырған бидің қасиетті кісі екенін түсінген қалмақ батыры аттан түсіп сәлем береді. Содан бері ол ел арасында «Қарлығаш би» атанып, хазірет Юнусхан қабірстанында жерлеу мәртебесіне ие болған екен».
Қарлығаш туралы тағы бір аңыз- ға құлақ түрейік. Ертеде бір жас жұбайлар болыпты. Ет турап отыр- ған жігіті абайсызда қолын өткір пышақпен кесіп алса керек. Зайыбы шыр-пыр болып шыбын жаны шығып кетердей асты-үстіне түспей ме? Ықыласына елжіреген күйеуі «қарлығашым менің» деп, келіншегінің ақ тамағынан иіскегенде екеуінің сүйіспеншілігіне ырза болған Жаратқан Ием оны қарлығашқа айналдырыпты. Науша құстың ақ тамағындағы болар-болмас қызыл ноқат содан қалған делінеді.
«Қарлығаш оба ауруы тараған жерге келмейді. Оба, тырысқақ, шешек, безгек секілді жұқпалы аурулардың беті қайтып, ел сауыға бастағанын қарлығаштың қайта оралуына қарап білген» дейді орта ғасырлардан келе жатқан ежелгі аңызда.
Бүгінде қазақ қыздары арасында Қарлығаш есімдері аз емес. Қаз-қатар тізіле қалған бұла бойжеткендерді көрсе, «сымға қонған қарлығаштай» деп ақындар теңеу арнаған. «Ақтамақ қарлығаштар, қаракөз қарындастар, гүл болып егілдің де, жыр болып төгілдіңдер…», «Қарлығаш – әннің аты, жырымды айтам, сүйген жар, сүйіскен дос сырыңды айтам!», «Қарлығаш қанатты қасың бар…», «Қасың сенің қарлығаштың қанатындай қап-қара», «Ақ қанатты қарлығашым, сен бармаған дала бар, Қанатыңа хат жазамын, қалқатайға ала бар» деп сызылтқан әсем әндер – қарлығашқа деген аса асыл ниеттің белгісі.
«Қарлығаш жылы жаққа қайтарда тырнаның қанатына отырып немесе дегелектің бауырына жабысып ұшып кетеді екен» деген әңгімеге бала кезімізде шын сенетін едік. Өйткені қарлығаш ерте күзде жылы жаққа ұшып кетіп, көктемнің жылыған күндерінде ғана бізді сағындырып барып өз мекеніне оралады.
«Ақ тамақ, қиылған қас,
жазық маңдай,
Әдемі ақша бетің
жауған қардай, қарлығаш.
Жайдары еркелеген
жарқын мінез,
Жарқ етсең жадыратар
жаққан шамдай, қарлығаш».
Бұл – көпшілік ортасында жиі айтылатын «Қарлығаш» әні. Әннің авторы ұлы композитор Ахмет Жұбанов сұлу қызды қарлығашқа теңеген, сөзбен, әуенмен қарлығаш құсты көзге елестете отырып, сүйген жардың әдемі суретін бейнелейді.
Мен үшін қарлығаш құсы – сағыныш құсы, әдеміліктің, тазалықтың, беріктіктің, сұлулықтың, еркіндіктің символы. Сондықтан болар, қарлығашқа деген көңілім, құрметім ерекше әрі ұлт ұрпағы қарлығаштай қадірлі, сымбатты, еңбекқор, адал болуына әрдайым тілеулеспін.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Comments (0)
Add Comment