Қарттарға қамқорлық – халқымыздың дәстүрінде дәріптеліп, салты мен санасына берік орныққан қасиет. Қарияларымызды ардақтауға ерекше көңіл бөлген қазақ халқы олардың өмірлік тәжірибелерінен үлгі-өнеге алып, ақыл-кеңесіне құлақ асып отырған. Қазіргі таңда да баянды бастамалар мен қоғамдық жұмыстар көнекөздерімізбен ақылдаса отырып жасалатыны белгілі.
Өкінішке қарай, асыл қазыналарымыздың қатары бүгінде сиреп барады. Ақиық ақын Мұқағали жырлағандай, бірі келместің кемесіне мініп, енді бірі соны күтіп жағада тұр. Дегенмен арамызда бейнетінің зейнетін көрер шағында еліміздің дамуы жолында аянбай тер төгіп, ұрпақ тәрбиесіне де ерекше көңіл бөліп жүрген қарттарымыз да баршылық. Ал оларды аялап, сый-құрметке бөлеу – өскелең ұрпақтың міндеті.
Соның жарқын көрінісін кеше Халықаралық қарттар күніне орай «Ыдырыс» мейрамханасында ұйымдастырылған мерекелік іс-шарада айқын аңғардық. Салтанатты шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков арнайы қатысып, қарияларға жүрекжарды лебізін арнады.
– Біз – ежелден «Қариясы бар елдің қазынасы бар» деп ақсақалын ардақтап, қарттарын қадірлеп, даналық дәрістерін көңілге тоқып, ұрпақтар сабақтастығының ұлы көшін жарасыммен жалғап келе жатқан елміз. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз – өскелең ұрпақ үшін таусылмас тағылым. Татулығымыздың тұтқасы, ұлттық ұлағатымыздың тұмарындай болған қарияларымыз тәлімі мен тәжірибесін еліміздің дамуы жолына жұмсаудан бір сәтке де жалыққан емес.
Халқымыздың ең ізгі құндылығының бірі – үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету десек, бұл игі дәстүр қаламызда да көрініс табуда. Бүгінде Тараз қаласында 48 500-ден аса зейнеткер тұрмыс кешсе, оның 5-і – Ұлы Отан соғысының ардагері, 700-ден астамы – тыл еңбеккері.
Мемлекет тарапынан қатары сиреп бара жатқан қазыналы қарттарымызға арналған әлеуметтік қызмет түрлері мен көмек жолдары үнемі жетілдірілуде. Соның нәтижесінде, көне шаһардағы жалғызілікті қарттарымыз үйде әлеуметтік көмекке қол жеткізіп отыр. Сондай-ақ санаторлы-курорттық емдеу шараларымен қамтылған қарияларымыздың да қарасы қалың. Өңіріміздің өрістеп, өркен жаюы жолында әрқайсысыларыңыздың қосқан үлестеріңіз зор. Бүгінгі жарқын жетістіктеріміз – сіздердің ерен еңбектеріңіздің жемісі, – шаһар басшысы бірқатар ардагерге «Еңбек ардагері» төсбелгісі мен қала әкімінің Құрмет грамоталарын табыстады.
Келесі кезекте Еркінбек Солтыбаев, Амангелді Кәрентаев, Қасымхан Төлендиев, Асқарбек Сейілхан, Қайрат Шотбақов секілді облысымызға танымал еңбек ардагерлері ізгі тілектерін жеткізсе, «Әулиеата әуендері» ансамблі ән мен биден шашу шашты. Сондай-ақ қазыналы қарттарымыз өздерінің құрметіне жайылған ақ дастарқан басында тағылымға толы әңгіме өрбітіп, орамды ойларын ортаға салды.
Құрбанәлі Шахабай