Қарияларға қамқорлық – қоғам парызы!

1 қазанда елімізде Қарттар күні атап өтіледі. Бұл – қоғамымыздың ардақты да қадірлі мүшелері, өмірлік мол тәжірибесімен, даналығымен кейінгі ұрпаққа жол сілтейтін қарияларымызға құрмет көрсетілетін күн. Қарттар – біздің тарихымыздың тірі куәгерлері. Олар елдің қиын-қыстау кезеңдерін бастан кешіріп, бейбіт күннің орнауына зор үлес қосты. Еңбекпен шыңдалып, ұрпақ тәрбиелеп, ұлттық құндылықтарды ұлықтаған аға буын өкілдерінің еңбегі ерекше құрметке лайық.
Қазіргі таңда мемлекет тарапынан қарт азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету жұмыстары жолға қойылған. Зейнетақы жүйесі, медициналық көмек, санаторийлік-курорттық демалыс сынды қызметтер қариялардың жайлы өмір сүруіне бағытталған. Мереке қарсаңында қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Күләш Әбдікешовамен сұхбаттасып, саладағы атқарылып жатқан жұмыстардың жайын білген едік.

– Күләш Әмедиқызы, бүгінгі қазыналы қарттардың мерекесі құтты болсын! Оқырмандар, әсіресе жас буын өкілдері біле жүрсін, өзіңіз басқарып отырған қалалық ардагерлер кеңесінің мақсат-мұраты жайлы айтып берсеңіз…
– Бүгінде Тараз қалалық ардагерлер ұйымы – қоғамда өзіндік орны, ортақ істе қомақты ықпалы бар іргелі құрылым. Ардагерлер қозғалысы қоғамның үлкен күшіне айналды деп батыл айта аламыз. Біздің мақсатымыз – ұзақ жыл еңбектің бейнетін көрген, жасы егде тартқан жандардың қартайған шағында қоғамдық ортадан тыс қалмай, қамқорлыққа бөленуіне, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, көрсетілетін барлық қызмет түрлерінің сапалы болуына ықпал ету. Ардагерлердің жастарды ата-бабаларымыздың ұлттық құндылықтар үрдісі негізінде тәрбиеленуіне қолдау жасау.
– Қазіргі таңда кеңес құрамында қанша мүше бар? Мүшелікке кіру үшін зейнеткерлер не істеуі қажет?
– Қала бойынша бүгінгі таңда кеңесте 57 200 зейнеткер есепте тұр. Оның ішінде 5 Ұлы Отан соғысының майдангері мен 628 тыл еңбеккері бар. Олар 319 бастауыш ұйымға топтастырылған.
Жалпы, кез келген зейнеткер ұйымға келіп мүшелікке кіре алады. Ол үшін ешкімге ештеңе төлеудің қажеті жоқ. Біз әр келген замандасымызды құшақ жая қарсы аламыз.
– Ардагерлердің бастамасымен қаламызда көптеген ізгілікті істі жүзеге асып жатқанына куә болып жүрміз. Осы жұмыстарға жекелей тоқталсаңыз…
– Белгіленген жоспар бойынша биыл 2 рет пленум, 4 рет төралқа отырысы өтті. Ардагерлерді Жеңіс күні, Қарттар күні, басқа да мерекелерде облыс, қала әкімдері, олардың орынбасарлары, кәсіпорын басшылары тарапынан құттықтау үрдісі қалыптасқан. Қалалық ардагерлер кеңесінің ұйытқы болуымен 100 жасқа толған 2 соғыс ардагерінің мерейтойлары аталып өтті. Сонымен қатар мекемелер, кәсіпорындардың, түрлі қайырымдылық қорларының, жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен 5 мыңға жуық қарияға азық-түлік себеттері, бағалы сыйлықтар табысталды.
Сондай-ақ Ұлы Жеңістің 80 жылдығына Тараз қаласының ардагерлері арасында спартакиада өткізілді. Қариялар спорттың 9 түрінен сайысқа түсіп, жеңімпаздар облыстық спартакиадаға жолдама алды. Ал облыстық спартакиадада тараздық спортшы ардагерлердің мерейі үстем болып, жалпыкомандалық есепте жеңімпаз атанды.
Қарт кісілердің ақыл-кеңесімен түзелмейтін кемшілік жоқ. Осы орайда құрамында 7 ардагері бар билер алқасы пәрменді жұмыс атқарып отыр. Сатыбалды Досымбеков төрағалық ететін алқа биыл 856 отбасын татуластыру жөнінде іс қарап, жанұяларды сақтап қалуға ықпал жасады.
Бүгінгі таңда отбасылық құндылықтарға үлкен көңіл бөлінуде. Қалалық ардагерлер кеңесінің жанынан «Әкелер кеңесі», «Аналар алқасы» құрылып, тиянақты жұмыс атқарылуда. Бұл тұрғыда құрамы 11 адамнан тұратын, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жанат Сарыбекова басшылық жасайтын «Аналар алқасының» да еңбегін ерекше атап өтуге болады. Бала тәрбиесінде жіберілген олқылықтардың орнын толтыру мақсатында құрылған «Әжелер ертегісі» жобасы аясында алқа мүшелері жүйелі жұмыстар жүргізуде.
Соңғы жылдары Тараз қаласы түрленіп, ажары айшықтала түсуде. Бұл игілікті жұмысты ары қарай жалғастыру бағытында қала әкімінің «Тараз қаласының аумағын абаттандыру және санитарлық тазалау жөніндегі екі айлық акция өткізу туралы» қаулысын ардагерлер де зор ықыласпен қолдап, аталған дәстүрлі бастаманы қолдау мақсатында қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері жыл сайын шаһар тұрғындарына Үндеу жариялап келеді. Оған қоса ардагерлер бастаманы құр сөз жүзінде қалдырмай, нақты іс-қимылдар арқылы да насихаттауда. Айталық, зиялы қауым өкілдері «Ардагерлер орталығы» ғимаратының айналасына, Қ.Рысқұлбеков атындағы саябаққа қарағай және бозарша көшеттерін отырғызып, тазалық жұмыстарына да белсене қатысып келеді.
Қариялардың денсаулығына да көп көңіл бөлініп келеді. Бұл бағытта қалалық ардагерлер кеңесінің ұсынысымен денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау мекемелері де нақты жұмыстар жүргізіп келеді. Биыл №5 қалалық емхананың білікті дәрігерлері медициналық құралдарымен «Ардагерлер орталығына» келіп, қариялардың денсаулығын жан-жақты зерттеу арқылы ұсыныстарын берді. Сонымен қатар қалалық кеңесте айына бір рет кесте бойынша дәрігер, психолог, жеке заңгердің тегін кеңес беруі ұйымдастырылған.
– Кеңеске мүше қарттар бұдан басқа да қоғамдық шараларда алдыңғы қатардан көрініп келеді. Бұл – жастарға өнеге берудің жолы ғана емес, оларға ұзақ жылғы тәжірибесін үйретудің озық үлгісі десе де болатындай…
– Әрине, қарттар – тәрбиенің қайнар көзі. Сол себепті олардың жастармен өмір жолында көрген-білгенін, ойына тоқыған, көңілге түйгенін бөлісіп отыруы аса маңызды. Осы мақсатпен мектептер мен колледждерде ардагерлермен кездесулер жиі ұйымдастырылады. Мұндай шараларда олар жас ұрпаққа елжандылық, еңбекқорлық, сабыр мен парасаттылық жайлы тағылымды ойларын бөліседі. Бұл өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесінде маңызды рөл атқарады. Мәселен, 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Тараз қаласы әкімінің қолдауымен айлық акция өтуде. Оның аясында Тараз қалалық ардагерлер кеңесі «Қарттарым, аман-сау жүрші» тақырыбында кітапханаларда, жоғары және арнаулы оқу орындарында, мектептерде ардагерлер мен жастардың кездесулерін ұйымдастырды.
Көңілдері кең, жүректері мейірімді, кеуделері қазына, сөздері қасиетті әжелер – ізгілік атауының ұйытқысы, құт-берекенің бастауы. Қазақ әйелдеріне тән осынау игі қасиеттерді жастардың бойына сіңіру мақсатымен «Аналар алқасы» «Мен – әжемін ұрпағын әлдилеген» тақырыбы бойынша дәстүрлі байқау өткізді. Сонымен қатар жас қыздарымызды ұлттық дәстүрімізге сай әдептілік, көріктілік, инабаттылық, кішіпейілдікке, қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрін дәріптеуге үйрету, шашты күту, оны өсіру, баппен тарап өсіру сияқты халқымызға тән қасиеттерді өнеге етіп көрсету мақсатында «Қыздарға әсемдік жарасады» атты бұрымды қыздар байқауы тұрақты түрде ұйымдастырылады.
Үлкенін сыйлап, қарттарын қадірлеп, оларды ардақтау – халқымызға тән тағылымды қасиет. Сондықтан кеңес мүшелері замандастарының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға да баса назар аударып келеді. Осындай өнегелі іс аясында жылдағы дәстүр бойынша №1 және №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарында ақ дастархан жайылып, басқосу өткізіледі.
Облыс әкімдігінің қолдауымен облыстық ардагерлер және билер кеңестерінің ұйытқы болуымен ұйымдастырылатын «Батаменен ел көгерер» атты байқауына Тараз қаласының ардагерлері де белсенді қатысып, жылда жүлделі орындардан көрінеді.
Одан бөлек, қарттарымыз спортта да белсенді. Мәселен, волейбол құрамасы қай жарыста болсын оза шауып, бас жүлдені бермейді. Сонымен қатар «Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер» атты өнерпаз ардагерлердің фестивалі, спорттың шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, дартс, асық ату, ләңгі тебу, теннис, бильярд секілді 8 түрінен ардагерлер арасында жарыс өткізіледі.
– Қарттардың үй шаруашылығына көмектесетін еріктілердің қызметі – қазіргі қоғамда ерекше маңызға ие әлеуметтік бастамалардың бірі. Бұл – үлкенге құрмет көрсетудің, ұрпақтар сабақтастығының нақты көрінісі. Осы орайда қай мекеменің жастарымен тығыз қарым-қатынас орнатып келесіздер?
– Еріктілердің қарттарға көмектесуі – тек қайырымдылық қана емес, бұл – ұлттық тәрбиенің, үлкенге деген құрметтің, адамгершіліктің жарқын үлгісі. Қоғамда мұндай игі істер көбейген сайын, ұрпақтар арасындағы байланыс күшейіп, еліміздің рухани іргесі де нығая түседі. Бүгінгі таңда елімізде еріктілер қозғалысы қарқынды дамып келеді. Жас буын өкілдері қоғамдағы әлеуметтік мәселелерге бейжай қарамай, үлкендерге қамқорлық танытып жүр. Қарттарға көмек көрсету – бұл тек міндет емес, үлкенге деген құрметтің, ұлттық тәрбиенің көрінісі. Еріктілер жалғызбасты зейнеткерлерге барып, үй шаруасына көмектеседі. Ауласын тазалап, отынын жарып, қысқа дайындық жүргізеді, қажетті азық-түліктерін жеткізіп береді. Кейбір жастар қарттардың көңілін аулап, сырлас болуға тырысады. Бұл – әсіресе, жалғыз өмір сүретін қариялар үшін үлкен демеу. Мұндай игі істе қаламыздағы оқу орындарының еріктілері қай уақытта болсын қол ұшын созуға дайын.
– Бүгінде әлеуметтік желіні ашуға қорқатын күнге жеттік. Себебі қай-қайсысында болсын жантүршітерлік тақырыптар «айқайлап» тұрады. Мұндай жағдайға жететіндей бүгінгі қоғамға не жетпейді? Қай тұста олқылық жіберіп алдық?
– Иә, бүгінде жастар арасында ата-анаға қол көтеру, зорлық көрсету сияқты қасіретті жағдайлар көбейіп кетті. Бұл – жай ғана құқықбұзушылық емес, рухани азғындаудың, тәрбиелік жүйенің әлсіреуінің көрінісі. Біз бұған бейжай қарап отыра алмаймыз. Ата-ана – адам өміріндегі ең киелі ұғым. Ата-ана – баланың өмірге келуіне себепкер, оның алғашқы ұстазы, қорғанышы. Ана сүтімен дарыған иман мен әкенің ақылы – баланың бойына өмірлік ұстаным болып даруға тиіс.
Соңғы жылдары интернет пен жаңалықтардан «баласы анасын ұрған», «баласы әкесін қарттар үйіне өткізген» деген сынды жантүршігерлік оқиғаларды жиі естиміз. Бұл – бір ғана отбасының мәселесі емес, ұлттық құндылықтардың дағдарысқа ұшырауы. Мұндай жағдайлар қайдан шығады? Бұл ретте рухани тәрбие мен иманның әлсіздігі, ата-ананың балаға жеткілікті көңіл бөлмеуі, қаржылық жағдайды алға шығарып, баланы «асырадық» деп есептеу, сондай-ақ зорлық-зомбылықты насихаттайтын әлеуметтік желілер, отбасындағы ұрыс-керістің бала психикасына әсері бар деп ойлаймын.
Ата-анасына қол көтерген адам – ертең елге де, Отанға да опа бермейді. Сол себепті бұл мәселе – баршамыздың ортақ парызымыз. Тәрбие балабақшада, мектепте емес, отбасынан басталуы керек. Дейтұрғанмен, мектепте де тек білім емес, рухани құндылықтарды үйрету қажет. Баланың моральдық, психологиялық жағдайына көңіл бөлген жөн. Әлеуметтік желілердегі зиянды контентке ата-ана бақылау жасауы қажет. Дін мен дәстүрді сабақтастырып, имандылық пен ұят секілді ұғымдарды қайта жаңғырту керек.
Егер бір бала анасына қол көтерсе – бұл бүкіл ұлттың ұятын көтере алмайтындай халге жеткенінің белгісі. Біз ондай жағдайға жеткізбеуіміз керек. Ол үшін әрбір ата-ана, әрбір мұғалім, әрбір тәрбиеші және әрбір қоғам мүшесі жауапты екенін ұмытпаған жөн. Ұлыны ұлықтап, кішіні ізеттеп өскен халық едік. Осы асыл қасиетімізден айырылмауымыз керек.
– Бүгінде облысымызда жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен өзіне-өзі қол салу деректері жиілеп кетті. Жастар өз өмірлеріне балта шабуға неге бейім болып барады деп ойлайсыз?
– Сұрағыңыз өте өзекті әрі жан ауыртатын мәселе. Иә, өкінішке қарай бүгінде мұндай деректер расымен де жиілеп кетті. Бұл – тек статистикалық мәлімет емес, болашағымызға – жастарға төнген үлкен қауіптің белгісі. Қазір балалар көп уақытын «TikTok», «Instagram» сияқты желілерде өткізеді. Онда өз өмірін «жарқын» етіп немесе суицидті романтика ретінде көрсететін контент көп. Кибербуллинг – онлайн қорлау, мазақ ету – жасөспірімді күйзеліске итермелейді. Өмірден түңілу мен өзіне қол салуға қатысты ақпараттар интернетте еркін таралып жүр. Бұл – аса қауіпті.
Қазақта «Өзіңді сақта, өмірің – Алланың аманаты» деген сөз бар. Бірақ бүгінгі жастар бұл ұғымды жүрекпен ұғынбай, тек құлақпен естиді. Мейірім, сабыр, қайырым, шүкіршілік секілді құндылықтар ұмыт болып барады. Бұл – тек суицидке емес, жастардың қылмысқа баруына да себеп.
Жастар өз өміріне балта шабуға бейім болып бара жатыр деп айту – жүрекке ауыр, бірақ шындық. Мұның себебі тек бір факторда емес, тәрбие, орта, қоғам, отбасы, интернет, құндылықтар жүйесінің өзгеруінде жатыр. Әр балаға «сен қажетсің» деген сезімді сіңіру, тек білім емес, жүрек тәрбиесін бірінші орынға шығару, психологиялық қолдауды қолжетімді ету, жастармен ашық сөйлесе білу, медиа мен желідегі теріс ақпаратқа тосқауыл қою бағытында әлі де тыңғылықты жұмыс қажет деп ойлаймын.
Жамбыл облысындағы буллинг пен суицид проблемалары – шынайы және алаңдатарлық жағдайлар. Бұл – балалар мен жасөспірімдердің психологиялық жағдайының, әлеуметтік қолдау мен тәрбиенің маңызды екенінің айғағы. Мұндай оқиғалардың саны өсіп бара жатқаны қоғамымыз үшін үлкен дабыл. Бұл орайда қала әкімінің тапсырмасына сай мобильдік топтар құрылып, онда біздің ұйымнан да ардагерлеріміз енді. Бүгінде қала бойынша барлық мектептер мен оқу орындарында осы жайттың алдын алу бойынша барлық шаралар жасалып жатыр.
– Мереке қарсаңында «Қарттарымызды қамқорлай жүрейік» республикалық айлық акциясы бастау алды. Бұл айлықтың негізгі мақсаты не?
–Халықаралық қарттар күні – біздің аға буынға ризашылығымызды білдіріп, шынайы көңіл бөлуімізге мүмкіндік беріп қана қоймай, олардың қажеттіліктеріне назар аударуға жақсы себеп. Қарияларды қолдау, оларға қамқорлық көрсету – оларға көрсеткен парызымыздың аз ғана бөлігі. Осы мақсатпен «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің бастамасымен елімізде қазан айы дәстүрлі түрде «Қарттарымызды қамқорлай жүрейік» айлық акциясы өткізіліп келеді.
Елімізде қарт адамдарға деген қамқорлық жыл сайын артуда. Мемлекетіміз қарияларға деген қамқорлықты экономикалық дағдарыс кезінде де тоқтатқан емес. Дегенмен, әлі де болса әлеуметтік көмекке мұқтаж егде адамдар бар. Әлемді жайлаған экономикалық қиындықтар біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Бүкіл әлем күрделі әрі маңызды кезеңді бастан өткізуде. Кейбір қариялар жасы ұлғайған шағында жылу мен мейірімге зәру. Осыған орай қазақстандықтарды, жұмыс берушілерді, бизнес құрылымдардың өкілдерін, аға буынның ел игілігіне қосқан еселі еңбегін ұлықтауға, «Қарттарымызды қамқорлай жүрейік» айлық акциясына атсалысуға шақырамыз. Өз елінің патриоты ретінде акцияға бейжай қарамайтын азаматтар жергілікті әкімдіктермен, өңірлік ардагерлер кеңестерімен байланысқа шығып, үлестеріңізді қосыңыздар! Қарттар күні құтты болсын! Қазыналарымыз төрден түспей, үлкен кісілерге құрметімізді арттыра берейік!
– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Арайлым ШАБДЕНОВА

Comments (0)
Add Comment