Баспана кезегінде тұрған адамдарға аренда ақысын төлеуге көмектесетін жаңа бағдарлама мамыр айында іске қосылады. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұған дейін президент жекелеген санаттарға арендалық төлемнің бір бөлігі субсидиялау тетігін әзірлеуді тапсырған болатын.
Министрдің айтуынша, жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған баспана үшін төлемдерді тағайындау қағидалары әзірленді. Оператор болып Отбасы банк белгіленді.
Банк кезекте тұрған адамдарды тұрғын үйге мұқтаждығы бойынша ақпараттық жүйе арқылы тексереді.
«Атаулы көмек қағидаты азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген: 50 %-і мемлекеттік субсидия есебінен жабылады, қалған 50 процентін үйді жалға алған адам өзі төлейді. Тұрғын үй төлемдері бағдарламасын толық іске қосу мамыр айына жоспарланған», – деді Өскенбаев үкімет отырысында.
Оның айтуынша, өтініш берушіге қойылатын негізгі талаптар мыналар:
1) Қазақстан Республикасының азаматтығы;
2) отбасының жиынтық табысының соңғы 6 айда отбасының әрбір мүшесіне ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1 еселенген шамасынан аспайтын болуы;
3) тұрғын үйге мұқтаж ретінде әкімдікте кезекке қойылғанын растау;
4) тұрғын үй иесі мен өтініш беруші арасында жасалған шарттың болуы.
Төлемдерді тағайындау үшін өтініш беруші банкке ЭЦҚ арқылы:
1) төлемдер тағайындауға өтініш;
2) тұрғын үйді жалдау шартын қоса береді.
«Қалған құқық белгілейтін құжаттар тиісті ақпараттық жүйелерден алынатын болады. Отбасы банк ұсынылған құжаттардың сәйкестігін қарайды және тексереді және растаған жағдайда 10 жұмыс күні ішінде жалдау төлемдерін аударады», – деді Қайырбек Өскенбаев.