Ардагерлер сенбіліктен шет қалмады

Соңғы жылдары Тараз қаласы түрленіп, ажары айшықтала түсуде. Бұл игілікті жұмысты әрі қарай жалғастыру бағытындағы қала әкімінің «Тараз қаласының аумағын абаттандыру және санитарлық тазалау жөніндегі көктемгі екі айлық өткізу туралы» қаулысын ардагерлер де зор ықыласпен қабылдады.

Игі бастаманы қолдау мақсатында Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері шаһар тұрғындарына Үндеу жариялаған болатын. Онда қоршаған ортаның тазалығы әрбір азаматтың басты міндеті екендігі аталып, жасампаз қаламыздың көріктеніп-көгеріштенуіне ардагерлер қауымы барлық тараздықтарды атсалысуға шақыр-ған еді. Оған қоса ардагерлер осы бастаманы құр сөз жүзінде қалдырмай, нақты іс-қимылдары арқылы да насихаттауда.
Алғашқы сенбіліктің өзінде ұйымшылдық таныта білген ардагерлер «Жерге еткен жақсылық жерде қалмайды» деген аталы сөзді тілге тиек ете отырып, тазалық акциясына қатысуды апта сайын жалғастырып келеді.
Қала әкімдігінің мәліметінше, биыл шаһар бойынша 15 мың көшет отырғызу жоспарланып отыр екен. Оның 7 мыңнан астамы көктемде, қалғаны күзде егілетін болады. Осы жасыл желектің молая түсуіне үлес қосу үшін кезекті сенбілікте облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ш.Дәулетбаев, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Әбдікешова бастаған зиялы қауым өкілдері «Ардагерлер орталығы» ғимаратының айналасына қарағай және бозарша тал көшеттерін отырғызып, тазалық жұмыстарын да жүргізді.
Сөйтіп, әр аптада белсенділік танытып келе жатқан қазыналы қарияларымыз өздерінің өнегелі де ізгілікті істерімен көпшілікке үлгі бола білуде.

Алдаберді МЕҢЛІБАЙҰЛЫ,
Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі

Comments (0)
Add Comment