Ардагерлер – құрмет төрінде

Ұлы Жеңістің 74 жылдық мерейтойына орай жеңіс сарбаздарына арнап «Гаухартас» мейрамханасында кең дастарқан жайылып, құрмет көрсетілді.

Толғанай БЕКЕТҚЫЗЫ Суретті түсірген Ю.Ким

Облыстық ардагерлер кеңесі ұйытқы болған кеште кеудесі медаль толы тарихымыздың тірі куәгерлері дастарқан төрінен орын алды. Мерекелік жиында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев қазыналы қарттарды мерекемен құттықтады.

– Жеңіс мерекесі – жай ғана қарияларды құрметтеу ғана емес. Бұл тағы бір мәрте жерлестерімізге олардың ерен еңбектері, тәжірибесі мен даналығы үшін алғыс білдіруге себеп болатын күн. Құрметті ардагерлер, сіздердің қан майдан шебіндегі ерліктеріңіз, тылдағы ерен еңбектеріңіздің арқасында бүгінгі ұрпақ келісіммен бейбіт өмір сүруде. Отан үшін отқа түсіп, қан майдандағы жеңіске деген табандылықтарыңыз үшін Сіздердің алдарыңызда бас иіп, алғыс білдіреміз, – деді.

Жеңісті жақындатуға атсалысқан сарбаздар осынау кездесуде бір жасап қалды. Қазіргі таңда облыста 80-ге жуық жеңіс сарбазы бақытты күнге куәлік етуде. Оларды көрген сайын көз алдымызға сонау сұрапыл соғыс жылдарындағы қолына қару алып, қасық қаны қалғанша Отан қорғаған ержүрек жауынгерлер, Отан үшін отқа түскен батырлар елестейтіні рас. Кеш барысында ардагерлер тарапынан ақ дастарқанын жайған мейрамхана иесі Меруерт Лештаеваға марапат қағазы ұсынылып, алғыс айтылды. Өр рухты, жалынды жырмен өрнектелген кеште қалалық мәдениет үйінің әншілері Асхат Жанқожа мен Байжан Абеков ардагерлерге әсем әнін арнады.

Comments (0)
Add Comment