Биыл Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына – 35 жыл. Тарихқа XX ғасырдың ең ұзақ қантөгісі ретінде енген, 10 жылға созылған соғыстың жарасы әлі жазылған жоқ. Ол әрбір ардагердің мәңгілік жадында. Сондықтан елімізде жыл сайын осы соғыста қаза болған ардагерлерге тағзым етіп, еске алынады.
Осыған орай, айтулы күнді атап өту, Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу арқылы тарихи оқиға туралы оқырмандарға мәліметтер беру мақсатында Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінде іс-шаралар өткізілуде.
Абай атындағы орталық кітапханасында Ауған соғысының ардагерлері Дүйсенәлі Қалабаев, Марат Амирбековтің қатысуымен «Отқа оранған он жыл» атты кездесу кеші, М.Әуезов атындағы кітапханасында Дүкенбай Ермеков, Сейтхан Қуантаевтың қатысуымен «Ауған ақиқаты» атты дөңгелек үстел, №4 кітапханасында Нұрғали Ертайбеков, Орынбасар Иманбердиевтің қатысуымен «Ауғанстан мәңгі есте» атты дөңгелек үстел, №6 кітапханасында Нұрбақыт Сембиевтің қатысуымен «Ауғанстан ардагерлеріне тағзым» атты кездесу кеші, «Өр рухтың мұрагерлері», «Ауғанның от жалыны» атты тарихи сағаттар, «Ауғанның асуында от кешкендер» атты тарихи коллаж ұйымдастырылды.
Іс-шараларда ауыр кезеңді көзбен көріп, басынан өткерген, елге аман-сау оралып, туған жерімен қауышқан ардагерлеріміз өткен күнді еске алып, тағылымды әңгімелерімен бөлісіп қана қоймай, болашақ жастардың тәлім-тәрбиесі жайлы да ойлар өрбітті.
Бүгінде ел ағасы болған азаматтардың, сол кездегі өрімдей өрендердің өлімнен қаймықпай, бастарын бәйгеге тігіп, он сегіз жасында өзге елдің мүддесі үшін соғысқа қатысып, Отан алдындағы борышын адал атқарғандары бүгінгі жастарға үлгі-өнеге болары сөзсіз.
Сұрапыл уақыттағы қайғылы шежіре жаңғырығы халықтың зердесінде бағасы артып, уақыт алға жылжыған сайын батырларымыздың жасаған ерліктерінің шоқтығы биіктей бермек.
Ғалия Тұрлыбаева,
Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің бөлім меңгерушісі