Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына орай бірқатар іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланған болатын. Соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетуге бағытталған игі бастамалар облысымызда да қолға алынды. Соған сәйкес өңірімізде ҰОС ардагерлері мен мүгедектерін құттықтап, әскери бөлімшелердің шеруі ұйымдастырылуда.
Сәндібек Піренов
Суреттерді түсірген А.РЫСМАХАН
Соғыс жылдары біздің облыстан 68710 адам майданға аттаныпты. Сұрапыл соғыстан 36 мыңға жуық азамат туған жерге оралған. Одан кейін де Жамбыл жеріне қызмет бабымен, өзге де себептермен көшіп келген майдангерлер тұрған. «Қанша үйдің ұрлап адамын, Қанша үйде сөніп қалды оттар. Көрдің бе ұлын ананың, Соғыстан қайтқан солдаттар?», – деп ақын Сырбай Мәуленов жырлағандай, арада 75 жыл өткен соң, сол Отанға оралған сарбаздардың қатары да күн санап азайып келеді. 2018 жылы өңірімізде – 118, ал былтыр 76 майдангер Ұлы Жеңіс күнін қарсы алса, биыл олардың 16-сы бақилық болған.
Бүгінде Тараз қаласында – 34, Меркі ауданында – 7, Қордайда – 4, Т.Рысқұловта – 3, Байзақта, Жуалыда, Сарысуда, Таласта және Шуда 2 майдангерден болса, Жамбыл мен Мойынқұмда бір-бір ардагерден бар. Жыл сайын қатары азайып келе жатқан ардагерлерді атаулы мерекемен құттықтау облысымызда 10 наурыздан бастау алды. Соның шеңберінде сарбаздармен қоса, жауапты мекемелерден жасақталған арнайы топ наурыз және сәуір айларында күн сайын 2 ардагерден құттықтап отырады. Құттықталғандардың ең алғашқылары 99 жастағы Мұсахан Бердібаев пен 95 жастағы Бегасыл Белгібаев болды.
Мұсахан Бердібаев 1922 жылы 15 ақпанда Жуалы ауданының Қоңыртөбе ауылдық советіне қарасты Қоралас ауылында дүниеге келген. 1941 жылы аудан орталығындағы Орджоникидзе атындағы 10 жылдық мектепті тәмамдаған. Өзінің айтуынша, 1941 жылдың 11 желтоқсанында әскер қатарына шақырылып, Жамбыл қаласында құрылған 105-ші атты әскер құрамына кіріпті. Жарты жылдық әскери дайындықтан өткен соң, 1942 жылдың шілде айында Мәскеу түбіндегі Ногинский деген қалада 1107-ші дербес артиллериялық дивизиясына қабылданған.
Әкесі жайлы үлкен қызы Лиза былай дейді: «Соғысты 1945 жылдың 12 қаңтарында ауыр жарақат алғаннан кейін Курск майданында аяқтаған әкем госпитальде емделіп, сол жылдың мамыр айында елге оралды. Бейбіт күнде 1945-1949 жылдары мектепте меңгеруші, кейіннен аудандық партия комитетінің нұсқауымен түрлі қызметтер атқарды. 1982 жылы зейнетке шығып, кешкі орта мектепте мұғалім болды. Майдандағы ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз», І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен және 28 медальмен марапатталған».
Ал Бегасыл Белгібаев 1925 жылы 1 қаңтарда Жуалы ауданы, Боралдай ауылдық кеңесі, Кеңес ауылында дүниеге келген. Балалық шағы Кеңес ауылында өтіпті. Кеңес 7 жылдық мектебінде 6-сыныпта оқып жүргенде, соғыс басталған. Содан 1941 жылдың мамыр айынан 1942 жылдың мамыр айына дейін трактор жүргізушісі болып жұмыс істейді. 1943 жылы қаңтар айында Сайрам аудандық әскери комиссариатынан соғысқа аттанады. Қиыр Шығысқа Чита қаласы маңына Самара полкіне түскен. Соғыс жылдары атқыштар полкінде қатардағы жауынгер болып, соғыста Қытайдың Маньчжурия аймағын Жапон басқыншыларынан азат етуге қатысыпты. 1948 жылдың ақпан айында елге оралады. Содан кейін 45 жыл трактор жүргізуші, бригадир болып жұмыс істепті. 1985 жылы зейнетке шыққан. «Отан соғысы» ордені, «Жапонияны жеңгені үшін» тағынған медальдері бар. Бүгінде екі ардагер де Тараз қаласының тұрғыны.
Сарбаздар ардагерлердің үйінің маңына сап түзеген соң, қос майдангер де тысқа шығып, «Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшылығы оркестрінің сүйемелдеуімен әскерилер шеруін тамашалады. Қарияларға облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Талғат Жұмабек: «Ұлы Отан соғысына 1300000 азамат аттанса, олардың жартысы ғана елге аман-есен оралған. Солармен қатар еліміз бен жерімізді жаудан қорғаған сіздерге мың алғыс», – деп ризашылығын білдірді. Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ұжымы сыйлықтар, азық-түлік себеттерін тапсырды.
ҰОС ардагерлері мен мүгедектерін құттықтау шарасы өз жалғасын тауып, келесі күндерінде тараздық төрт жауынгер сый-қошеметке бөленді. Әуелі құрмет көрсетуші топ ерлі-зайыпты Колесниченколардың үйіне барды. Отағасы Владимир Колесниченко 1922 жылы Украина жерінде туған. 17 жасында Тюмень қаласына оқу-жаттығу полкіне алынған. Соғысқа 1944 жылы маусымда аттанып, Эстония, Латвия, Белоруссияны азат етуге қатысыпты. 1947 жылы 7 қарашада жары Галина Петровнаға үйленеді. 1963 жылы Жамбыл қаласына қоныстанған соң, сол жылдан зейнет жасына дейін нан комбинатында механик болып жұмыс істейді. Майдандағы ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Отан соғысы», «Белоруссияны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» сияқты орден-медальдерінің иесі.
Галина Колесниченко 1924 жылы Киров облысының Опарино ауылында дүниеге келген. 1941 жылы орта мектепті бітіріп, орталық статистикалық басқармасының аумақтық инспекциясында жұмыс атқарған. Ұлы Отан соғысы басталған тұста медициналық курсты тәмамдайды. 1942 жылы майданға өз еркімен сұранып, Ленинград маңындағы ұрыс алаңына қатысады. Польша арқылы Германияға дейін барады. Соғыстан кейін тұрмысқа шыққан ол денсаулығына байланысты отбасымен бірге 1963 жылы Қазақстанға көшіп келеді. Сол жылдан бастап Тараз қаласының М.Мәметова атындағы №27 орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс атқарған. «Германияны жеңгені үшін», «Ерлігі үшін» медальдерімен және ордендермен марапатталған. Ұлы Отан соғысының қос ардагері 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірді. Ерлі-зайыпты майдангерлердің шаңырақ көтергендеріне биыл 73 жыл толмақ. Қарттарға облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мен медициналық колледждің ұжымы сый-сияпат тарту етті.
Келесі кезекте 99 жастағы Алексей Пащенконы әкімдікпен бірге М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ұжымы құттықтап, арнайы сыйын жасады.
Алексей Борисович – Орынбор облысының тумасы. Ұлты – украин. Соғысқа дейін темір жол бригадасының жөндеу жұмыстарында жұмыс істеп, 1940 жылы әскерге аттанады. Майдан кезінде Харьков, Киев қалаларының түбіндегі ұрыстарға қатысып, Берлинге дейін барған. Ұлы Жеңістен кейін Қиыр Шығысқа Жапон әскери іс-қимылдарын жүргізуге атсалысты. Оралған соң зауыт директоры болып тағайындалып, зейнеткерлікке сол жерден шыққан. ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысының ардагері, «Берлинді жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін», «Еңбек ардагері» және басқа да медальдермен марапатталған.
Келесі құттықталғандардың бірі Григорий Нещеретнев 1921 жылы Т.Рысқұлов ауданының Қарақыстақ ауылында дүниеге келген. Майданға дейін Луговое ауылында МТС-те жұмыс істеген. Әскерге 1941 жылдың тамыз айында шақырылды. Ленинград облысында майданда болды. Новгород қаласын азат етуге қатысып, Псков қаласына дейін жетіп, жарақаттанған. Волхов майданында 501-ші миномет полкінде соғысқанда ауыр жарақат алып, елге жіберілді. Соғысты аға сержант шенімен бастаған Григорий Владимирович бөлімше командирі шеніне дейін жетті. 1945 жылы елге оралған соң отбасын құрған. Майдандағы ерлігі үшін «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Ленинградты қорғағаны үшін» және өзге де медальдермен марапатталған. Бұл күні қарт жауынгерге облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының ұжымы сый-құрмет көрсетті.
Қазіргі уақытта майдангерлердің басым бөлігі облыс орталығында тұрып жатқан соң, құрмет көрсетуші топ алғашқы күндері күнделікті екі ардагердің үйіне барса, кейін бір күнде 4 ардагердің үйіне барып сап түзеді.
Ұлы Отан соғысы жылдары өзінің жауынгерлік міндетін адал атқарса, кейін облысқа келіп, өңірдің дамуына да өз үлесін қосқан Тілеуқабыл Төребеков 1925 жылы 17 сәуірде Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылында туған. Жоғары партия мектебін бітірген. 1941 жылы шілде айынан 1943 жылдың наурыз айына дейін Айша бибі ауылы «Ақкөл» колхозында сиыр фермасында есепші болып істеген. 1943-1950 жылдары Кеңес Армиясы қатарында қызмет атқарып, соның 5 жылында әскерде саяси қызметте болған. 1945 жылы Жапон соғысына қатысқан. Хайлар-Харбин бағытында шайқаста болған. Жапондардың тізе бүгіп, толық жеңілгенін Қытайдың Чаньчунь қаласында қарсы алған. 1950-1954 жылдар арасында Жамбыл аудандық партия комитетінде үгіт-насихат бөлімінің нұсқаушысы, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысының көмекшісі, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болған. 1983 жылдың мамыр айынан 1987 жылдың қазан айына дейін Жамбыл қаласындағы Жамбыл атындағы қазақ орта мектебінің директоры болып істеген. 1995 жылдан 2016 жылға дейін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы болған ол ІІ дәрежелі «Отан соғысы», ІІІ дәрежелі «Даңқ», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін», 20 мерейлік медальдермен, Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Ардагердің үйіне арнайы келген сарбаздар саптық жүріспен өткен соң, облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жәмилә Бекбатырова ардагерге басқарма атынан сыйлықтарын табыстады.
Осыдан кейін сарбаздар майдан даласында болған ардагер Анна Беляеваның да үйіне барды. Бүгінде әжейдің денсаулығы жақсы, шара барысында соғыс даласындағы қан майданның куәгері Анна Беляева өскелең ұрпаққа ізгі тілегін білдірді. Құрмет көрсете келген жастар майдангердің ширақ қимылына қарап, жасын сұрап көрген еді, оған Анна Беляева «әскери құпия» деп майдан даласындағы әр сарбаздың басты міндетін әзілмен жеткізді.
Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай ұйымдастырылған жоспарлы шараларға сәйкес, Ұлы Отан соғысының ардагерлері Александр Карпов пен Әшірбек Сәрсенбиевтің үйіне «Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшылығы әскери қызметшілерінің шеруі арнайы барды. Онда ардагерлерге Тараз мамандандырылған колледжінің ұжымы мен Денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері сыйлықтарын табыс етіп, құрмет көрсетті.
Жалпы іс-шара барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты емханалардың дәрігерлері әр ардагердің үйіне барып, денсаулықтарын тексеріп, медициналық көмектер көрсетсе, Жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған «Темірқазық» волонтерлер қозғалысының еріктілері тазалық жұмыстарын жүргізді. Жеңістің 75 жылдығына арналған игі шаралар 9 мамыр – Жеңіс күніне дейін жалғасып, облыстағы ардагерлердің барлығына сый-құрмет көрсетіледі.