Шағын футболдан ардагерлер арасында Талас аудандық мәслихат депутаты болған Ахмедияр Назарбековты еске алуға арналған аудандық ашық турнирі өтті. Жарысқа Байзақ, Жамбыл, Сарысу, Дантист-Тараз, Альтаис, Намыс-Қаратау, Ақкөл аймағы және Қаратау қаласы ардагерлер құрама командалары қатысып, 100-ден астам спортшы қамтылды.
Жарыстың ашылуына Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев,Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбеков, Талас аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Әсемов қатысты. Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Үйсімбаев Еркін Құлынбайұлы жарыстың ашылуымен құттықтап, ардагерлерге сәттілік тіледі.
Командалар 2 топқа бөлініп, әр топта жеңімпаз атанған командалар жартылай финалды сарапқа салды.
Финалдық кездесуде Талас ауданының «Намыс-Қаратау» командасымен тараздық «Дантист» командасы жолықты. Негізгі уақыт 3:3 есебімен аяқталып, ойын соңындағы пенальти нәтижесінде Талас ауданының «Намыс-Қаратау» командасы жарыс жеңімпазы атанса, тараздық «Дантист» командасы екінші орынды иеленді, ал үшінші орынды Жамбыл ауданы ардагерлер құрама командасы қанағат тұтты.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арнайы кубок, медаль, дипломдармен және ақшалай сыйлықтар табыс етілді.