Ардагерді ардақтады

Жылдағы дәстүрге сай облыс әкімі Асқар Мырзахметов бейбіт күнді жақындатуға атсалысқан соғыс және еңбек ардагері Тілеуқабыл Төребековтің шаңырағына арнайы барып құттықтады.

Толғанай БЕКЕТҚЫЗЫ

Асқар Исабекұлы ардагердің бейбітшілік орнатуға қосқан үлесі мен соғыстан кейінгі ұзақ жылдар бойы атқарған жемісті еңбегін атап өтіп, бүгінгі ұрпақ атынан алғысын жеткізді.

Ардагер 1925 жылы Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары, партия мектебін бітірген. 1943-1950 жылдары Кеңес әскері қатарында қызмет атқарып, оның 5 жылында Жапон соғысына қатысқан. Соғыстан кейінгі жылдары қоғамдық, партиялық жұмыстарға белсене араласқан. 1959-1960 жылдары тамақ өнеркәсіп орындарының жұмысшыларының облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы болды. «Отан соғысы» орденімен және 17 мерекелік медальдермен марапатталған. Сұрапыл жылдардағы еңбегін ескеріп, мерекелік құттықтауын жеткізген қонақтарға Тілеуқабыл қария да алғысын айтып, батасын берді.
Сондай-ақ бұл күні облыстық мәслихаттың хатшысы, облыс әкімінің орынбасарлары, қала және аудан басшылары да өңірдегі бірқатар ардагерлердің үйіне барып, мерекемен құттықтады.

Бүгінде облыста барлығы Ұлы Отан соғысының 75 ардагері бар десек, мереке қарсаңында олардың әрқайсысына қалалық және аудандық бюджеттер есебінен 300 мың теңгеден қаржылай сыйлық берілді. Ал Ұлы Отан соғысы қатысушыларына теңестірілгендер 100 мың теңгеден, тыл еңбек ардагерлері 50 мың теңгеден сыйақы алды.

Comments (0)
Add Comment