Ардагер журналист оқырмандарымен кездесті

Жуырда «Журналистика мен әдебиеттің ұштасқан жолы» тақырыбында ардагер журналист-жазушы Майлыбай Смағұловтың оқырмандарымен кездесу кеші өтті. Жиынға ғалымдар, қаламгерлер, білім саласының ардагерлері, студенттер мен жалпы оқырмандар қатысты.

Кеште Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Құдайбергенқызы авторды 75 жасқа толуымен шын жүректен құттықтап, шығармашылық жолында табыстар тіледі. Одан кейін жүргізуші оқырмандарды автордың шығармашылық жолымен таныстырып өтті.
Майлыбай Смағұлов 1950 жылы Жамбыл облысы, Сарысу ауданындағы қазіргі Жаңарық ауылдық округіне бағынысы Ақтоғай ауылында дүниеге келген. Орта мектепті Сарысу ауданындағы Байқадам орта мектебінде бітірген. Мектеп қабырғасында жүрген кезінде-ақ журналистикаға бейімділігі байқала бастаған. Ол өзі көрген көріністерді қаз қалпында өлеңге қоса білген.
Ол Ұлы Жеңістің 55 жылдығы қарсаңында «Ол күндердің өшпес даңқы» деген ұжымдық кітапқа бастамашы болды. Ол кітап сонау алыстағы Сарысу ауданындағы 153 ардагердің өмір деректері мен соғыстағы ерліктеріне арналып жазылған. Одан кейін Сарысу ауданының құрылғанына 75 жыл толуына орай «Шежірелі Сарысу» атты кітаптың жарық көруіне үлес қосқанын болғанын Сарысу халқы жақсы біледі. Тәуелсіздік алған жылдары Сарысу ауданындағы білім, мәдениет, денсаулық, спорт саласы жетістіктерін Сарысу ауданының құрылғанына 80 жыл толуына орай «Сарысу-80» деген кітаптың шығуына бастамашы болғанынан оқырман қауым хабардар.
2013 жылы зейнеткерлікке шыққаннан кейін Майлыбай Смағұлов шығармашылыққа біржола ден қойды. Сарысу ауданында алғашқы жаңа типтегі екі қабатты саз мектебін ашып, оның басшысы болған, Қорқыттан кейінгі Ұлы қобызшы Ықылас Дүкенұлының суретін салдырған абзал азамат Сәбит Нұркеев туралы «Өнер деп соққан жүрегі» атты кітабы аудан тұрғындарының көңілінен шыққанын айтсақ та жеткілікті. Тіпті, Ықыластың туған келіні Рәзия апай Ықылас атасының суретін көргенде: «Дәл атамның өзі» деп иіліп сәлем жасағанын Сарысу халқы ұмыта қойған жоқ.
Осы кезде қаламгердің ойына Ұлы қобызшы Ықылас туралы жазу идеясы туындайды. Себебі ардагер журналист-жазушы Ықылас Дүкенұлының туыстарымен көрші тұрған, қарым-қатынаста болған. Осылайша Ықылас туралы «Ұлы даланың сарқылмас сарыны» деген кітабын жазады. Бұл кітап та оқырмандар тарапынан жоғары бағаланған. «Ұлылар туралы жазу – ұлылыққа бір табан жақындау» деген сөз бар. Бұл ұлы тұлға туралы жазу барысында Халық батыры Бауыржан Момышұлы туралы қалам тербеу ойына келіп, «Халықтың ары мен намысындай» атты кітап жарыққа шыққан.
Ол жуырда «Әділетті Қазақстан – әлеуметтік әділеттілік кепілі» атты кітабын жазып бітірді. Кітап Қазақстанның жүріп өткен жолынан оқырманға кеңінен мәлімет береді. Сонымен қатар саяси-қуғын сүргін жылдарынан сыр шертетін «Ана қарғысының ақыры» атты повесі де көп жылғы автордың ізденісінің жемісі десе де болады.
Кездесуде автордың 75 жасқа толуына байланысты Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің, Жамбыл облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаевтың және республиканың түпкір-түпкірінен келген құттықтау хаттар оқылды.
Бұдан кейін сөз алған медицина ғылымының докторы, профессор, академик Оразбай Әбдіразақов автордың «Ислам – тәуелсіз еліміздің рухани тірегі» атты кітабын оқып шыққанын айтып, кітаптың кейінгі жас ұрпаққа берер тәлім-тәрбиелік мәніне тоқталды. Келесі кезекте «Қазақстан ардагерлері «Айырықша тәуекелді ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің саяси бөлім бастығы Сейітхан Қуантаев қаламгердің «Халықтың ары мен намысындай» атты кітабы жайында ойын білдіріп, қоғамдық бірлестік атынан Алғыс хат табыс етті. Сондай-ақ ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, философия ғылымдарының кандидаты, «Шалқар» радиосының директоры Болатбек Төлепберген ардагер журналист-жазушының шығармашылығына зор баға берді.
Кеш соңында Майлыбай Смағұлов сөз алып, шығармашылығына уақыт бөліп келген оқырмандарына алғысын айтты.

Сейітхан ҚУАНТАЕВ,
«Қазақстан ардагерлері
«Айрықша тәуекелді ардагерлер мен мүгедектер»
қоғамдық бірлестігі
саяси бөлімінің басшысы

Comments (0)
Add Comment