Ардагер – 95 жаста

Бүгінгі таңда қалада жеңісті жақындатуға атсалысқан ардагерлердің саны 40-тан астам. Күн санап қатары сиреген қазыналарымызды құрметтеу – ұрпаққа парыз.

Толғанай АТАБАЙ

Суреттерді түсірген Ю.Ким

Майдан даласында от кешкен жауынгерлердің көшін бүгінге жалғаған сарбаздардың бірі – Шалданбай Шанбаев. Уақыт ағымына шыдас берген қарт сарбаз 10 ақпанда 95 жасқа толды. Ұрпағымен ұлағатты тірліктің тынысын кеңейткен жауынгердің қуанышын қалалық ардагерлер кеңесінің өкілдері мен еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон Комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті бөлісті. 100-ге таяған ақсақал аяғын нық басып, қонақтарын қошеметпен қарсы алды. 1924 жылы Т.Рысқұлов ауданы, Жаңатұрмыс ауылында туылып, 18 жасында әскер қатарына алынып, ұрыс даласына түседі. Майдан шебінде жүріп, жеңіс туын көтеруге үлес қосқан қарт сарбаз 1949 жылы атамекенге оралды.


Әкеміз тоғыз перзент сүйіп, барлығымызды аяқтандыруда едәуір еңбек атқарды. Өзі өте еңбекқор, тіпті денсаулығы сыр берсе де дәрі-дәрмекке жүгінбейді. Осы жасына дейін ақ халаттылардың қызметіне зәру болған емес. Қазірдің өзінде жүріп-тұруы ширақ, кейде үй тірлігіне кірісіп кетеді, – дейді ұлы Алмасбек.
Кіндіктен тараған 9 ұл-қызынан қарт сарбаз жары Мәкен апа екеуі 37 немере, 34 шөбере және 2 шөпшек сүйген ақсақалдың арманы да ұрпағының амандығы. Соғыстан кейін аймақта трактор бригадасының бригадирі, есепші қызметін атқарған.


Самайын ақ шалған ардақтыны мерейтойымен құттықтай барғандарға ақсақал ақ батасын беріп, өткен күннен сыр ақтарды. 95-ке толған ақсақалдың кеудесінде медаль көп жарқыраған. Екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған. Тегін емес. Шалданбай ақсақал буыны қатпаған небәрі он сегіз жасында соғысқа аттанады. Бұл 1942 жылдың тамыз айы еді.


– Ауылдан қалаға келген сайын ардагерлер үйіне міндетті түрде бас сұқпай кетпейді. Онысына біз риза болып қаламыз. Тіпті қаланы жаяу аралап, таза ауада сейіл құрылғанды жаны сүйеді, – деген қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Күләш Әбдікешова батыр жайлы осылай баяндады.

Comments (0)
Add Comment