Талас ауданы Қаратау қаласында Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» саябағы ашылды.
Салтанатты шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, «ҚазФосфат» ЖШС—нің Бас директоры Нұрхан Нұрланов және аудан әкімі Қанатбек Мәдібек қатысты. «ҚазФосфат» ЖШС—нің демеушілігімен құны 80,0 млн. теңгені құрайтын саябақтың жалпы ауданы 1,15 гектарды құрайды. Жобалаушы мердігер — «Diveev» ЖШС—гі.
Саябақ алаңына брусчаткалар төселіп, көгалдандыру жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, саябақты абаттандыру үшін талапқа сай орындықтар, жарық бағаналары, қоқыс жәшіктері мен балаларға арналған әткеншектер орналастырылған. Одан бөлек, саябақта футбол, баскетбол стадиондары мен стрит воркаут алаңшалары қойылған.
Іс-шара барысында облыс әкімі Бердібек Машбекұлы қала тұрғындарына осындай керемет саябақты ел игіліне тарту еткен «ҚазФосфат» ЖШС—нің басшылығына ризашылығын жеткізді. Өз кезегінде Нұрхан Нұрланов аталған игі істердің алдағы уақытта Тараз, Жаңатас қаласында жүзеге асырылатындығын тілге тиек етті.
Шара соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Талас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі