Қарашаңырақ қайта жаңғыруда

Жамбыл аудандық «Шұғыла-Радуга» газетінің ғимараты күрделі жөндеуден өтуде

Мерзімді басылымдар, яғни газеттер мен журналдар ғасырлар бойы адамзат баласының ақпараттық, руханияттық қажеттілігін лайықты өтеп келеді. Мерзімді басылымдардың қоғамның ой-санасын өсіріп, ілгері бастырудағы рөлі кітаптан еш кем болмағаны анық. Газетке басылатын сөздің мағынасы зор, ықпалы ерекше. Ел азаматтарының ізгі істері, қоғамдағы өзекті мәселелер жайы басылым бетінен табылады.

Осы мақсатпен жарты ғасырдан астам уақыт қызмет етіп келе жатқан Жамбыл ауданының айнасы «Шұғыла-Радуга» газетінің жарыққа шыққанына биыл – 60 жыл. Мерейлі датаға орай аудандағы бас басылым оң өзгерістерге бет бұрып, жаңғыру мен жаңару жолына нық қадам басты. Бұл ретте Жамбыл аудандық «Шұғыла-Радуга» газеті редакциясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Дәулет Төленді айтулы мерекеге дайындықты редакция ғимаратын жөндеуден бастады.
Ғимараттың қазіргі жай-күйі күннен күнге жақсарып келеді. Алдымен редакцияның аумағы қоршалып, кіреберісіне қақпа қойылды. Ғимараттың дәлізіне, ішкі бөлмелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұрынғы ағаш терезелер алынып, пластик терезелер орнатылды. Сыртқы, ішкі ескі есіктер ауыстырылды. Бүгінде қасбеті мен қабырғаларын қаптау жұмыстары аяқталуға жақын. Келесі кезекте ішкі және сыртқы әрлеу, еден ауыстыру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар сыртқы қабырғалары қапталмақ. Бұл туралы бізге құрылыс жұмысына жауапты бригадир Әбен Иманбаев айтты.
– Құрылыс жұмыстары басталғалы да 40 күн өтті. Әуелі ішкі демонтаж жұмыстарын жүргіздік. Терезелерді, ішкі, сыртқы, бөлмеаралық есіктерді ауыстырдық. 1-2 күнде сыртқы монтаж жұмыстарын аяқтаймыз. Одан кейін ғимараттың ішін, сыртын әрлейміз. Еденін ауыстырамыз. Өзге де ұсақ-түйек шаруалар бар. Әзірге құрылыс жұмыстары 50 пайызға ғана аяқталды деуге болады. Осы айдың аяғына дейін құрылыс жұмыстарын толық аяқтаймыз, – дейді құрылысқа жауапты маман.
Осылайша, сонау 1976 жылы пайдалануға берілген ғимарат 50 жылдан кейін түрленіп, мерейтой қарсаңында жаңаша кейіпте менмұндалап тұрмақ.

Ильяс ҚАЛЫБЕКОВ,
журналист

Comments (0)
Add Comment