Қарапайым еңбектің қаһарманы

Жұмысшы мамандықтар – елдің тыныс-тіршілігін қалыптастырып тұрған көзге көрінбейтін, бірақ сезілетін күш. Бүгінгі күні дәнекерлеуші де, шебер тігінші де, құрылыс басындағы жұмысшы да, автокөлік жүргізушісі де – қоғам үшін таптырмас тұлға. Өз нәсібін адал маңдай тері арқылы табу адам баласының ең асыл қасиеттерінің бірі.

Тараздың таңын жарыққа бөлеп, үйлердің шамы сөнбей, өндіріс дөңгелегі тоқтамай тұрғанының артында көзге көп көріне бермейтін, бірақ еңбегі зор жандар бар. Олар – «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС-нің Тараз қалалық электр жүйесінің мамандары. Ал сол мамандарды дер кезінде діттеген жеріне аман-есен тасымалдап, жеткізетін механизация және автокөлік қызметінің еңбеккерлерінің жұмысын көпшілік біле бермейді. Таң қылаң бере жұмысқа кірісіп, кеш түсе соңғы нүктесін қоятын бұл бөлім мамандарының күнделікті ісі – қаланың жарығын сөндірмей, тіршіліктің ырғағын үзбеуде өз үлестерін қосып келеді. Олардың жұмысында жайлылық пен тыныштық аз. Бірі көліктің қозғалтқышын тыңдап тұрса, бірі автокранның темір білегін жөндеп әлек. Электр желісі үзіліп, апатты жағдай туындаған шақта, дәл осы қызметтің адамдары оқиға орнына алғашқы жететіндер қатарында. Боран да, жаңбыр да, суық та оларды тоқтата алмайды. Өйткені олардың қолындағы құрал – жарық, ал жүрегіндегі сенім – жауапкершілік.
Күнделікті тіршілік көбіне көзге көрінбейтін қарапайым еңбектің арқасында жалғасатыны анық. Механизация және автокөлік қызметінің әрбір жұмысшысы өз ісінің маманы. Ал жүргізушілер мен механиктер техника паркін әрдайым жарақ күйде ұстауға тырысады. «Көлік тоқтаса – жұмыс тоқтайды» деген қағида олардың санасында берік орын алған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады» деген болатын. Расында да, ел экономикасының дамуы мен қоғамның ілгерілеуінде қарапайым еңбек адамдардың үлесі зор.
Сол еңбек майданында талмай тер төгіп жүрген азаматтардың бірі – «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС-нің Тараз қалалық электр жүйесінің механизация және автокөлік қызметінің тәжірибелі маманы Аманғали Шыныбаев. Ол осы салада жиырма жылдан астам уақыт еңбек етіп, кәсіби шеберлігімен, жауапкершілігімен және адалдығымен әріптестеріне үлгі болып келеді.
– Бұл қызметтің басты құндылығы – ұжымдық рух пен ынтымақ. Әрбір жұмыс күні өзара түсіністік пен бір мақсатқа ұмтылудан басталады. Техниканың гүрілдеген дауысы, металлдың сыңғыры мен дәнекердің ұшқыны – біздің еңбектің әуені іспетті. Біздер үшін ең үлкен марапат – кешкісін Тараздың үстінен қарағанда бүкіл қала шамдарының жыпылықтап жанған сәті. Сол жарықтың артында әріптестерімнің маңдай тері мен адал еңбегі бар екенін көпшілік біле бермейді. Бірақ біздер үшін бастысы – жарық сөнбесе болды. Бұл салада 2007 жылдан бері қызмет етіп келемін. Жұмысқа келе салып алдымен медициналық тексеруден өтеміз. Кейін автокөлікті толық техникалық байқаудан өткізіп, сақадай сай тұрамыз. Электрик мамандарын апат болған орынға немесе кестеге сай жөндеу жұмыстары жүргізілуі керек жерлерге дер кезінде алып бару біздің ең алғашқы міндетіміз. Заман талабы өзгерген сайын, талапқа сай техникалар да өзгеріп жатыр. Жұмыстың оңайы жоқ. Десе де таңдаған мамандығымызға адал болып, әр ісімізді ыждахаттылықпен орындап келеміз, – дейді Аманғали Дәулетұлы.
Әр жылдар аралығында өз саласында алдыңғы қатарлардан көрініп жүрген Аманғали Шыныбаев мекеменің Құрмет грамотасымен және Алғыс хаттарымен марапатталған. Бүгінде көп балалы әке төрт ұл, бір қыздан 3 немере сүйіп отыр. Адамның көзін ашқаннан бастап, белі бүгілгенге дейінгі аралықта өмірі тұтастай еңбек етуге, саналы ұрпақ тәрбиелеуге, ұрпағына тәлім-тәрбие беру мен жан-жағына үлгі-өнеге қалдыруға құрылады екен. «Адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі» деп ұлы ойшыл Абай атамыз өсиет еткендей, адал еңбекпен есейіп, айналасына үлгі болып жүрген азаматтардың барын біз әрдайым мақтан етеміз.
Иә, адам өз несібесін еңбектен ғана таба алады. Қоғамның сан түрлі саласында еңбек етіп, сол бағытты алға жылжытуға үлес қосып жүрген жандар қашанда құрметке лайық. Қарапайым еңбектің қаһармандары – осылар. Олар өз міндетін үнсіз атқарып, қаланың тынысын тоқтатпауға тырысады. Түнгі шамдар жарқырап, өндіріс пен тұрмыс өмірі тоқтаусыз жалғасып жатса – бұл да сол жандардың еңбегі. Тараздың жарығы – олардың қолымен жанған үміттің отындай.

Арайлым Шабденова

Comments (0)
Add Comment