Арайлым Сайлауова, жас кәсіпкер: «Кәсіптің кілті – білім мен жігер»

Жастардың шағын шаһардан шалғай мегаполиске аттанып, қызмет етуі – үйреншікті жағдай. Ал көпке арман болған астанада жеке кәсіп бастап, оны тұрақты жүргізу, жандандыру кез келген жастың қолынан келе бермейді. Оған мықты жігер, терең түйсік, мол білім қажет. Кейіпкеріміз – бір бойына осындай қасиеттерді ұштастыра білген ару. Нәзік те болса елорданың қақ ортасынан өз орталығын ашып, екі жылдан бері істің көзін тауып, жас ұрпаққа сапалы білім беруде. Жас педагогтың бұл батыл қадамы көптің кеудесінде үміт шырағын тұтандырары анық.

– Арайлым, дәл осы жетістікке жету жолың туралы қысқаша баяндап берші. Бәрі қалай басталды?
– Мұның барлығы Таразда оқығаныма қарамастан, жазғы демалыстарымды Нұр-Сұлтан қаласында мол ізденіспен өткізуімнен басталды. Сондай-ақ екінші курстан бастап «Интерпресс» білім беру орталығының Тараздағы филиалына менеджер болып жұмысқа орналастым. Нәтижесінде, бір жылдан кейін «Жас-Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Динара Садвакасова жұмыс ұсынды. Ол кезде мен үшін ол жұмыстың айлығы, жалпы талаптарынан бұрын тәжірибе жинау маңыздырақ болды.

Тәуекелге бел байлап, бірден келісімімді бердім. Содан «Жас-Ұланда» баспасөз хатшысы болып шыға келдім. Дегенмен де, барлық жобаларды ұйымдастыру ісінің басы-қасында жүрдім. Ең алғашқы жауапты болған ауқымды жобаларымның бірі – «Жас ұр пақ – Мәңгілік ел тірегі» атты республикалық лагерь болды. Ол кезде мен небәрі 19 жаста едім. Әрине, 19 жасар бойжеткен үшін бұл мол тәжірибеге апарар жол болды. Осылайша, қос қаланың арасында жүйіткіп жүріп, оқу мен жұмысты қатар алып, өзімді шыңдаудан жалықпадым. Сол еңбектің арқасында оқуымды тәмамдап, қолыма диплом алғанда, жұмысым алдымнан күтіп тұрды.

Көп ұзамай жақын досым, қазіргі әріптесіп Нұржан Жарылғапов білім беру орталығын ашу туралы ойымды жүзеге асыру қажеттігін айтып, сол істі бірге бастауға ұсыныс білдірді. Алайда менің қалаға бейімделуім, үйренісуім керектігін ескеріп, бұл идеяны кейінге ысырдық. Арасында жұмыс бабы бойынша Мәскеуге, Сочи қалаларына іссапармен бардым. Еуразия ұлттық университетінің магис-транты атандым. Солай уақыттың тығыз болу салдарынан бір жыл өтті. Кейін Нұржан да, мен де бұл істі жылдам бастау керектігін түсініп, бірден кірісіп кеттік.

Бірақ сонда да бойымда қорқыныш сезімі болды. Ол сезімді жеңуіме себепкер болған оқиға – арендаға алуымыз қажет жердің иесі бастапқыда ешқандай қаржы төлемейтіндігімізге қарамастан, бізге сенім артты. Бұл кезең сәуір айы еді. Мен үшін дәл сол уақыт – ең қиын шақтардың бірі болды деуге болады. Өйткені жұмыс, сабақ, кәсіп – үшеуін бірдей алып жүру физикалық тұрғыдан өте ауыр. Соған қарамастан, мен өз арманымнан бас тартпадым. Сол еңбектің жемісі қазіргі таңда «SAF» білім беру орталығы деп айта аламын.

– «SAF» білім беру орталығы қандай бағыттар бойынша сабақ береді?
– Біздің орталық үш бағыт бойынша жұмыс жасайды. Олар: тілдер, даму және ойлау. Бәріне белгілі, қазір жаңа тіл меңгерудің маңызы зор. Сол себептен ағылшын, түрік, қытай, неміс тілдерін оқыту негізгі бағыт ретінде қамтылған. Ал даму бағыты бойынша мектепке дейінгі даярлық сыныптары, математика, шахмат қамтылған.

– Алғашқыда педагогикалық база қалыптастыру қиын болған жоқ па?
– Шынымды айтсам, бәрін нөлден бастағаныммен, педагогикалық базаны қалыптастыру мен үшін аса қиын болмады. Бәлкім, «Интерпресс» білім беру орталығында жинаған үш жылдық тәжірибем әсер еткен болар. Сондай-ақ ортақ таныстардың көптігі, сенім артқан достарымның қолдауын да атап өткен жөн. Оны айтпағанда, менің Жаратқанға деген ішкі сенімім, ниетім де белгілі бір рөл атқарған сыңайлы. Қанша дегенмен де, амалдар ниетке байланысты.

– Мемлекет тарапынан көмек болды ма?
– Жоқ, мемлекет тарапынан болсын, ата-ана, туыстар тарыпанан болсын ешқандай қаржылық көмекке сүйенбедім. Өйткені мен бұл істі бастауға өзімді ұзақ жылдар психологиялық тұрғыдан дайындап келген едім. Сол себептен де, бес жылдық тәжірибе өз жемісін көрсетті. Иә, кез келген істі бастағанда, қандай да бір қиындықтар болады. Ол заңды құбылыс болғандықтан, менің де басымнан өтті.

– Қазіргі таңда кәсібің өз-өзін ақтап жатыр ма?
– Әрине. Біз тіпті бастапқыда салған қаржымызды 3-4 ай көлемінде шығарып алдық. Негізінен көпшілік кәсіпкерлерде бұл процесс ұзаққа созылады. Оған тіпті бір жыл кетуі мүмкін.

– Құпия болмаса, бұл кәсіпті бастау қанша қаржыны қажет еткендігін айта аласың ба?
– Біз бұл істі бастау үшін 800 000 теңге қаржы салдық. Алғашқыда екі парта, алты орындық, бір тақтамен басталған кәсіп әлі де қаржы құйып тұруды талап етеді. Бұл – бизнестің заңы.

– Қазіргі таңда көмекшілерің бар ма?
– Карантинге дейін болған, қазір барлығы демалыста.

– Білім беру орталығының «SAF» деп аталу себебі неде?
– Нұржан екеуміз бастапқыда қандай атау беру қажеттігі туралы ұзақ ойландық. Тіпті логотип жасауға тапсырыс берген күннің өзінде бір шешімге келе алмай жүрдік. Бір қызығы, бұл атау таңғы сағат төртте дүниеге келді. Кеңсенің ішінде жөндеу жұмыстарын жасап жүріп, үйге таңға жуық қайтатын кездер де болған. Сол күндердің бірінде атау ойлап табу ұзап бара жатқандықтан, идеяға ізденіс болсын деген ниетпен спорт залының қабырғаларында жазылып тұратын «Жылдамырақ. Жоғарырақ. Күштірек» (Быстрее. Выше. Сильнее) сөздерін ағылшын тіліне аудара бастадым. Сол арада SAF сөзі аузымызға түсе қалды. Оның үстіне қазақта «саф» сөзінің «таза, кіршіксіз» деген мағынаны білдіретіні тағы бар. Сонымен таза білім береміз деген философиямен білім беру орталығымызды «SAF» деп атадық.

– Білім беру орталығындағы кадр құрамы туралы сөз қозғасақ. Қанша мұғалім жұмыс істейді? Жүйе қандай?
– Біздің орталықта менеджерлерді қосқанда, жалпы 22 адам жұмыс істейді. Бұл – карантинге дейінгі жағдай. Біздегі жүйе бойынша мұғалімдер сағатына қарай жалақы алады. Бізден бөлек, басқа жерде де жұмыс жасауына рұқсат бар. Бастысы – өз ісіне жауапкершілікпен қараса болғаны. Өйткені біздегі басты ұстанымдардың бірі – мұғалімдерге қолайлы атмосфера қалыптастыру. Өйткені мұғалімдер – біздің кәсіптің басты діңгегі.

– Жақында қолға алғалы жатқан «BEDEL» жобасы туралы не айтасың?
– Бұл да кәсіпкерлік жолдағы жаңа бетбұрыс. Әмиян, белдік сынды сыйға берілетін дүниелерді сатылымға қоямыз. Көп жағдайда білім беру орталығының ісі мереке күндері тұралап қалады. Сондықтан мереке күндері сұранысқа ие болатын кәсіп түрін неге ашпасқа деген оймен осы жобаны қолға алдық. Әзірге бұл жобаның контентін дайындау сынды жұмыстармен айналысудамыз.

– Риясыз әңгімеңе рақмет!


Сұхбаттасқан
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Comments (0)
Add Comment