«Қарабет болып қашқанша, қайрат көрсетіп өлген артық»

30 мың азамат борышын өтеуден неге бұлтарып жүр?

Бір елдің ішкі-сыртқы қауіпсіздігі үшін қуатты әскердің болуы аса маңызды. Еліміздің Қарулы Күштері жүйесінде 18 жастан 27 жасқа дейінгі ер азаматтарға әскери қызмет міндеттелген. Десе де, жылдан-жылға сарбаз болғысы келетін жастардың саны азайып барады. Бұған не себеп?

Таяуда ғана Қорғаныс министрлігінің өкілдері: «Елімізде 30 мың адам әскерге барудан қашып жүр. Олардың сарбаз атанбауына жергілікті әкімдіктердің де кінәсі бар», – деп дабыл қаққан болатын. Ресми деректер бойынша жыл сайын елімізде 200 мыңнан аса азамат әскерге шақырылса да, солардың тек төрттен бірі ғана сарбаз атанады екен. Шақыруды алса да, медициналық тексеру комиссиясынан өтуге келмейтіндердің де қарасы қалың. Сондықтан оларды полиция көмегімен жеткізуге мәжбүр болады. Бұл қоғам арасында түрлі пікір тудыруда.
Жоғарыдағы деректер жастардың Отан алдындағы борышын өтеуге құлықсыз екендігін аңғартып тұрғаны ақиқат. Ендеше, жастарымыз неге әскерден жалтарғыш болып кетті? Армия қатарында сержант-инструктор болған, бүгінде «Желтоқсан-86» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Исмаил Хаджимуратов мұның себебін жастардың бойында елге деген сүйіспеншіліктің жоқтығымен байланыстырады.
– Бұрын Кеңес өкіметі кезінде жас буынның бойында отаншылдық рухы тасып, әскери борышын өтеуді зор абырой санайтын. Әскерден қашу жігіттікке сын болатын кездер еді. Содан болар, олар өздері сұранып армияға аттанатын. Ал қазір соның ұшқыны да қалмағандай. Әрбір адам бала кезінен ел шетіне жау тигенде Отанды қорғаймын деп өскені жөн. Сонда бұл мәселені сәл де болса шеше алар едік. Әрине, қазір әскердегі түрлі әлімжеттік, тіпті сарбаздардың қыршынынан қиылуы ата-аналардың үрейін тудырып отырғаны жасырын емес. Сол үшін әскери бөлімдерде бақылауды күшейтіп, заң үстемдік құруы қажет.
Мен өзім әскерге бармас бұрын медицина саласында білім алдым. Кейін осы мамандығым армия қатарында да іске жарады. Бір жағынан, жастардың әскерге бара алмауына осы денсаулығының жарамсыз болуы да көп кедергі тудырады. Маман ретінде айта кеткім келеді, әскерге шақырылғандардың тең жартысының денсаулығы әлсіз. Бұрын майтабан, белдің қисаюы сынды ауру белгілері байқалса, қазір көбінің көру қабілеті төмендеп кеткен. Компьютер мен телефон сынды технологияларың тигізіп жатқан зардабы орасан. Сонымен қатар бел-омыртқа жарығы, остеохондроз, семіздік сынды дерттер де дендеп тұр. Асқазан-ішек ауруларымен де алысып жүргендер аз емес. Мұның себебі дұрыс тамақтанбауда жатыр. Тепсе темір үзетін жігіттердің 20-25 пайызының әскерге жарамсыз болуы – өте қиын жағдай, – дейді Исмаил Хаджимуратов.
Ал аты-жөнін өзгертіп көрсетуді сұраған Азамат есімді студент қазіргі әскерді реформаламай, оған барғысы келетіндердің саны артпайтынын айтты.
– Орыстарда «Өз әскеріңді бақпасаң, өзгенің әскерін бағасың» деген сөз бар. Әскер ең алдымен мемлекет қауіпсіздігі мен оның тұтастығын қорғайды. Ал біздің әскердің жағдайы кешегі қаңтар оқиғасынан-ақ білінді. Басында несиесі бар, үй-күйсіз жүрген азаматтарға әскерге бар деп қалай айта аламыз? Олар 1 жыл уақытын сарп еткенше, тұрмысын түзеуді құп көретіні белгілі. Жағдайы жақсы, қалталы азаматтардың балалары әскери міндеттен сытылып кететіні де ащы шындық. Ең сорақысы, айдың-күннің аманында әскерге аттанған жастарымыз үйіне табытпен қайтып жатыр. Норвегия секілді дамыған мемлекеттерде әскери бөлімде демалыс лагері секілді барлық жағдай жасалған. Ал бізде керісінше. Сол үшін өз басым өз өмірімді қатерге тігіп әскерге бармас едім. Тағы бір айта кетерлігі, еліміздегі әскери жүйені шет мемлекеттердің тәжірибесін негізге ала отырып, түбегейлі реформалау керек, – дейді Азамат.
Әскерге өз еркімен барып, сарбаз атанып қайтқан Қыран Еркінбекұлының пікірі мүлде бөлек. Ол Отан алдындағы борышын өтеу арқылы жастардың өмірге деген көзқарасы өзгереді деп санайды.
– Мен Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха ауданындағы 66/99 әскери бөлімінде болдым. Әрине, өзіне тән қызықтары мен қиындықтары да кездесті. Ондағы әрбір күнің мазмұнсыз өтпейді. Үйіңе оралатын күнді тағатсыздана күтудің өзі бір бақыт. Ата-ананың, бауырлардың қадірін жете түсіну үшін берілетін зор мүмкіндік деп те санаймын. Уақыттың да қадірін ұғынасың. Болашағыңа айқын мақсаттар қойып, өміріңді өзгертуге тырысасың. Кей жігіттер өмірлік жолдары Отан қорғау екенін түсініп, келісімшарт бойынша әскери қызметші болуға бел байлайды. Қазіргі таңда әскер жайында жаман пікірлер қаптап жүр. Сарбаздардың өз бөлімшелерінен қашып кетуі де үлкен дау туғызуда. Әрине, Отан қорғауға ант бергеннен кейін қасық қаның қалғанша қызмет ету – әр сарбаздың міндеті. Десе де, көп ата-ана өз балаларын әскерге жіберуге қорқады. Бірақ әскер қатарында болған азамат ретінде мен бұл ұстанымға келіспеймін. Ол жақта да барлық жағдай жасалған. Бөлім командирлері де ұстазың секілді білмегеніңді үйретіп, көп нәрсені санаңа құяды. Бір жағынан, жаңа достар тауып, олармен әлі күнге хат-хабар алмасып тұрамын, – дейді Қыран.
Осы орайда психология ғылымдарының магистрі Сандуғаш Үсенованың да пікіріне құлақ түріп көрген едік.
– «Ата-аналар баласын әскерге жібергісі келмейді» деген қоғамдағы теріс пікірмен мүлде келіспеймін. Себебі олар қанша жерден алаңдағанымен, ішкі жан дүниесінде «балам Отан алдындағы борышын атқарып келсе» деген ниеттің жатқандығы сөзсіз. Өз перзентінің өз елін қорғап жатқаны оларға да мақтаныш. Рас, жастардың денсаулығының сыр беруі бұл мәселені ушықтырып тұр. Мұның бір ұшы экологияға тіреледі. Тағы, бір жағынан, елімізде рухани тәрбие мүлде ақсап қалды. Барлығының ойы ақша табу, материалдық жағдайын жасау болып кеткені белгілі. Сондықтан әскерге баратындарға қандай да бір жеңілдіктер қарастырылса, олардың ынтасын оятуға болады деп ойлаймын, – дейді Сандуғаш Мейрамбекқызы.

«Қарабет болып қашқанша, қайрат көрсетіп өлген артық» дейді Бауыржан Момышұлы. Ата Заңымыздың 34-бабында «ҚР қорғау – әр азаматтың қасиетті парызы әрі міндеті» екендігі тайға таңба басқандай көрсетілген. Тіпті хадистің өзінде: «Екі көз ақыретте тозаққа күймейді: біріншісі – күнәсіне өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз, екіншісі – Отанды қорғап, шекара күзеткен көз», – деген екен. Бойындағы бұла күшін бір-біріне емес, елді қорғауға жұмсайтын жауынгерлер керек. Сонда ғана шекарамыз шегендеулі, шебіміз мықты ел боламыз.

Жұматай Көксубайұлы 

Comments (0)
Add Comment