Қарағанды облысында ер адам 5 жасар баланы тонап кеткен

Қарағанды облысының тұрғыны бес жасар баланы тонап кеткен, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Оқиға Қарқаралы ауданындағы ауылдардың бірінде болған.
9 қараша күні Қарқаралы аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғыннан арыз түскен.

«Әйел өзі дүкенге кіріп кетіп, 5 жасар баласын сөмкесімен сыртта қалдырып кеткенін айтты. Анасы азық-түлік алып жүрген уақытта белгісіз ер адам бүлдіршінге жақындап сөмкесін тартып алып, ішіндегі ұялы телефонын алып кеткен», – делінген полиция ақпаратында.

Көп ұзамай полицейлер күдікті азаматты қолға түсірген. Баланы тонаған 36 жастағы ер адам болып шықты.

Ұялы телефонды айғақты  зат ретінде тәркілеген. ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы (Тонау) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті азамат қылмысы дәлелденсе төрт жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Comments (0)
Add Comment