Бүгінде елімізде өңірлерді дамытуға ерекше күш салынуда. Әсіресе ауыл тұрғындарын тұрғын үймен, ауыз сумен, табиғи газбен, электр қуатымен және сапалы жолдармен, жалпы алғанда, қажетті коммуналдық қызметпен қамтамасыз етуде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның арқасында инфрақұрылымның игілігін көрген тұрғындардың қарасы қалыңдап келеді. Бұл – мемлекетіміздің алға қойған басты мақсаттарының бірі. Осы орайда Т.Рысқұлов ауданында да ілкімді істер қолға алынғанын айта кеткен жөн.
Жартыжылдық жетістігі
Жыл басталғалы ауданда өткен жылы басталған жұмыстарды жалғастыру, жаңа жобаларды жүзеге асыруға үлкен мән берілген болатын. Нәтижесінде, аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын айтарлықтай жақсартуға жол ашылған еді. Мәселен, биылғы алғашқы жартыжылдықта аудандағы Жаңатұрмыс, Қазақ және Сәлімбай ауылдарында орталықтандырылған ауыз су жүйесі іске қосылып, тұрғындар көптен күткен таза тіршілік нәріне қол жеткізді.
Сонымен қатар Құлан ауылындағы «Арай» тұрғын үй алқабындағы 80 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйлердің алғашқысы пайдалануға берілсе, екіншісін жыл соңына дейін қолданысқа енгізу көзделіп отыр. Бұдан бөлек, Луговой ауылындағы бұрынғы кеден қызметкерлерінің үйлерін мұқтаж 20 отбасыға табыстау жоспарланып отыр.
Мектепке дейінгі балалардың білім алуына да баса назар аударылған. Осыған орай мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде Көкдөнен ауылдық округі Жақсылық ауылынан 75 орындық балабақша ашылды. Ал аудан тұрғындарының жүйелі спортпен шұғылдануын және инфрақұрылымды дамыту мақсатында жалпы құны 856,5 миллион теңге болатын 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені жыл аяғына дейін ауылдықтардың игілігіне беріледі. Олар Ақыртөбе, Көгершін және Р.Сабденов ауылдарында орналасқан.
Сондай-ақ Көгершін ауылынан 90 орындық мәдениет үйі де пайдалануға беріледі. Ақыртөбе ауылынан мәдениет үйінің, ал Жаңатұрмыста дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталмақ.
Жоғарыда атап өткеніміздей, ауылдарға табиғи газ тарту ісі де басты міндеттердің бірі болып отыр. Бұл ретте бүгінгі таңда Шолаққайыңды ауылына табиғи газ құбырын тарту жұмыстары басталды.
Жол – өңір тіршілігінің күретамыры
Жол – өңір тіршілігінің күретамыры. Халқымызда «Жол қадірін жүрген біледі» деген қанатты сөз де бар. Сондықтан аудан тұрғындарына жайлы жағдай туғызу үшін жол үнемі қалыпты және сапалы болуы керек. Бұл сырттан келетін туристерге де жағымды әсер сыйлайды. Сондай-ақ көлік апаттарының басты себебі сапасыз салынған жолдар екенін арнайы зерттеулер де көрсетуде.
Осыны жете түсінген Т.Рысқұлов аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жолдардың ағымдағы жай-күйін мұқият және егжей-тегжейлі зерделеп, кешенді шараларды қолға алуда. Соның нәтижесінде «жақсы» және «қанағаттанарлық» жағдайдағы көше жолдарының үлесі 96,5 пайызға жеткен. Айталық, былтыр «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде және аудандық бюджет есебінен 26,2 шақырымды құрайтын 30 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Соның ішінде аталған бағдарлама аясында 8, аудандық қаржы есебінен 11 жоба іске асты.
Ал ағымдағы жылға жол саласына 907,3 млн теңге қарастырылды. Аталған қаржы есебінен Ақыртөбе-Тереңөзек-Қайыңды бағытындағы 15 шақырым жолды және Қорағаты, Абай, Ақыртөбе, Қайыңды, Тереңөзек, Құмарық, Ақниет, Өрнек, Луговой ауылдық округтеріндегі жалпы ұзындығы 27,8 шақырымды құрайтын 23 көше жолын жөндеуге 554,6 миллион теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілуде.
Тіршілік нәрінен таршылық жоқ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа арнаған Жолдауында: «Біріккен Ұлттар Ұйымы алдағы он жылдың ішінде жаһандық деңгейде су ресурсының тапшылығы болады деп болжам жасап отыр. 2030 жылға қарай су тапшылығының көлемі 40 пайызға жетуі мүмкін. Сондықтан біз жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз керек. Су тапшылығын жоюдың басқа жолы жоқ. Бұл – аса маңызды міндет. Жалпы ондаған жылдар бойы қомақты қаржы бөлінгеніне қарамастан, ауыз су мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Сондықтан Өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырамын», – деген болатын. Бұл тапсырма өңірлерде де жоғары деңгейде орындалуда.
Мәселен, Т.Рысқұлов ауданы аумағындағы 42 елді мекеннің 32-де ауыз су жүйесі бар. Оның 27-сі орталықтандырылған, 5-і ескі су жүйесі. Қалған 10 елді мекен тұрғындары құдықтан және ұңғымадан (артезиан) тіршілік нәрін алуда. Демек, өңірдегі 70 048 адам тұратын 42 ауылдық елді мекеннің 95,5 пайызында ауыз су жүйесі тартылған. Оның ішінде 27 елді мекенде «Ауыз су» және «Ақбұлақ» бағдарламалары аясында жаңа ауыз су жүйелері құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілген. Яғни өңір халқының 59 175 адамы немесе 91,7 пайызы таза ауыз суды тұтынуда. Атап айтқанда, 2006 және 2013 жылдары Құлан, 2009 жылы Тереңөзек, Өрнек, Көгершін, 2010 жылы Шолаққайынды, 2012 жылы Көкдөнен, Жақсылық, Қарақат, Каменка және Абай ауылдық округінің Көкарық, Еңбекші ауылдары, 2013 жылы Көкарық, Қорағаты, 2014 жылы Д.Қонаев, 2015 жылы Қызылшаруа, 2017 жылы Қайыңды, 2018 жылы Луговой, 2020 жылы Әбжапар, Жарлысу, Бәйтелі, Тасшолақ, 2021 жылы Құмарық, Қаракемер, Алғабас ауылдарына ауыз су жүйесі берілген. Ал өткен жылы Жаңатұрмыс, Қазақ және Сәлімбай ауылдарында ел игілігіне берілді.
Жалпы өңірдің даму жоспарына сәйкес, 2025 жылға қарай ауданның 42 елді мекенін толықтай ауыз сумен қамту жоспарлануда. Осыған орай биыл халық саны аз Әбілқайыр, Сұмқайты, Қосапан, Тойқұдық, Мамыртөбе және Аққайнар ауылдарына кешенді блокты-модульдік қондырғы орнату арқылы таза ауыз сумен қамту жоспарлануда. Бүгінгі таңда тиісті құжаттар баға ұсыныстары әзірленіп, облыстық бюджеттен қаржы қарастыруға бюджеттік өтінім жолданды.
Сонымен қатар аудандағы Мамай, Сөгеті, Шөңгер ауылдарына ауыз су тарту жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленген. Бүгінгі таңда тиісті мемлекеттік сараптамадан алынып, республикалық бюджетке бюджеттік өтінім берілді. Қаржыландыру 2024 жылға жоспарлануда.
Ал Малдыбай және Жалпақсаз ауылдарына жобалық-сметалық құжаттар әзірлеу бойынша Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің қаулысымен қаражат бөлінді. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жүргізуге бірыңғай ұйымдастырушыға өтінім жолданды.
Көпшілік көгілдір отынның қызығын көруде
Өңірлерді дамытудың ұлттық жоба-сының басым бағыттарының бірі – елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету. Газдандыру ауылдардың бойына нәр жүгіртіп, дамуына серпін беруде. Әрине, Жамбыл облысы бойынша бұл мәселе толығымен шешімін тапты деуге келмейді. Десе де, біршама ілгерілеушілік бар екені айқын. Соның бір дәлелі – Т.Рысқұлов ауданында елді мекендердің 98,5 пайызы көгілдір отынның қызығын көруде. Айталық, жалпы саны 34 елді мекенге газ тартылған. Мәселен, 2021 жылы ауданда 10 ауылға, атап айтқанда, Жаңатұрмыс, Каменка, Қазақ, Жалпақсаз, Тасшолақ, Қорағаты, Байтелі, Д. Қонаев, Әбілқайыр, Шөңгер елді мекендеріне газ құбырлары жүргізілді. Үйге дейін газ кіргізу жұмыстары бойынша ауыл тұрғындары «ҚазТрансГазАймақ» ЖӨФ мекемесімен өзара келісіп, 150 мың теңгеден газ кіргізу жұмыстары ұйымдастырылған.
Жоғарыда атап өткеніміздей, бүгінгі таңда Шолаққайыңды ауылына табиғи газ құбырын тарту жұмыстары басталды. «Ремстрой» ЖШС жүргізіп жатқан жұмыстардың жалпы құны 166,214 миллион теңгені құрайды.
Аудан бойынша орталықтандырылған газ торабынан алшақ орналасқан немесе халық саны 200-ден аспайтын, табиғи газбен қамтылмаған 7 ауыл бар. Олар: Қорағаты, Аққайнар, Мамыртөбе, Тойқұдық, Сұмқайты, Құмарық, Қосапан елді мекендері. Бұл ауылдарды газдандыру мәселесі бойынша Қорағаты және Сұмқайты ауылдарына 2024-2025 жылдарға жобалық-сметалық құжаттар әзірлеп, қаржы қарастыруға бюджеттік өтінім жолданбақ.
Ал қалған Тойқұдық, Аққайнар, Мамыртөбе, Құмарық, Қосапан ауылдарының орталықтандырылған газ торабынан алшақ орналасуы және халық санының аздығына байланысты газ тарту экономикалық тұрғыдан тиімсіз болып отыр.
Электр желілері жаңғыртылуда
Бүгінде ауданда электр желілері бойынша «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС қызмет көрсетеді. Өңірдегі 12 352 жеке, 480 заңды тұлға абонент тұтынушылар ретінде есептеу аспаптарымен қамтамасыз етілген. Иесіз трансформатор ретінде ЛЭП «Западная» тіркелген. Орналасқан жері – Құлан ауылдық округіне қарасты Шөңгер ауылының тау жақ беті. Бүгінгі таңда Құлан ауылдық округі әкімі аппаратына аталған трансформаторларды иесіз деп тану бойынша әділет басқармасына тіркеп, теңгерімге алу бойынша жұмыстар тапсырылды. Жалпы теңгерімге алу үшін әділет басқармасында иесіз деп 1 жыл тіркеуде тұру қажет және құжаттарды рәсімдеп сот арқылы теңгерімге алу жұмыстары ұйымдастырылады.
«Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында Т.Рысқұлов ауданындағы «GoldenCompassCapital» АҚ «Тау-кен металлургия өндірісін электрмен жабдықтау», түзету, 2 кезекке бөлу, 1-кезектегі сметалық құжаттама» жұмыс жобасы бойынша 747,9 миллион теңге қаржы қарастырылып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл – өтпелі нысан. Жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Тұрғындар тазалық жұмыстарынан шет қалмайды
Ауданда көктемгі, күзгі көріктендіру, көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық тазарту жұмыстары қарқынды өткізілді. Аталған жұмыстарды ұйымдастыру мақсатында 2022 жылдың 1 наурызы мен 1 мамыры аралығында аудан әкімдігінің арнайы қаулысы шығып, газет бетіне жарияланды. Соған орай комиссия құрамы бекітіліп, іс-шаралар жоспары әзірленді. Ауылдағы тазалықты қадағалау үшін ауыл-аймақтарға аудан активтері бекітілді. Аудандық бюджеттен 2022 жылы елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандаруға 10 154 мың теңге, санитарлық тазалыққа 6 747 мың теңге бөлінді. Аптаның жұма-сенбі күндері санитарлық тазалық күні болып белгіленді. Осы орайда сенбілікке 2 480 адам қатысып, 27 техника жұмылдырылғанын айта кеткен абзал. Соның нәтижесінде ауылдық округ әкімдіктері, мемлекеттік кәсіпорындармен бірлесіп елді мекендерде 2 000 тал-дарақтар, жас көшеттер отырғызылып, аудан бойынша 34 шақырым арық-канал, 245 шақырым көше тазаланды. Осылайша саябақтарды, скверлерді тазалау және көріктендіру жұмыстары жүргізіліп, 225 тонна қоқыс шығарылды.
Тұрмыстық қатты қалдықтарды жинайтын полигондар бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылды. Тұрмыстық қатты қалдықтарын басқару жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру және жүзеге асыру жөніндегі 2018-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары негізінде аудан бойынша барлығы 21 полигонды оңтайландыру үшін бір-біріне жақын елді мекендердің полигондары бір жерге шоғырландырылды. Сондай-ақ экологиялық талаптарға сай 14 бірлік қалдық тастайтын алаң ашылып, 42 елді мекен толық қамтылды.
Жоғарыда айтылғандай, тұрмыстық қатты қалдықтарды тастайтын экологиялық талаптарға сай 14 алаң ашылып, 42 елді мекен толық қамтылған. Алайда 2018 жылы Жамбыл облыстық ауданаралық мамандырылған экономикалық сотының шешімімен Көгершін, Тереңөзек, Қарақыстақ, Көкдөнен, Құмарық, Өрнек, Жарлысу, Ақыртөбе, Малдыбай, Қорағаты, Қайыңды, Р.Сабденов, Жаңатұрмыс ауылдарының тұрмыстық қатты қалдықтарды тастайтын полигондары жерді рекультивациялау және қоршаған ортаға әсер ету мониторингі жөніндегі іс-шараларды жүргізу үшін тарату қорының болмауына байланысты тоқтатылған. Сонымен қатар Ақыртөбе және Өрнек ауылының шекарасының аумағында, яғни «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автомобиль жолының бойында орналасқан қоқыс полигонын басқа жерге орналастыру қажет.
Тұрғын үйлер жаңаша кейіпке енуде
Құлан ауылындағы И.Панфилов көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлерінің шатырына өткен жылы «Bat Consalt» ЖШС-нің басшысы Тельтаев Талғат Сәбитұлының демеушілігімен ішінара жөндеу жұмыстары жүргізілген. Айта кететіні, 300-ге жуық тұрғыны бар бұл көпқабатты үйлердің іргетасы 70 жыл бұрын қаланып, 30 жылдан астам уақыт жөндеу көрмеген.
Ал биыл Панфилов көшесінің тұрғындарының сұранысы бойынша көппәтерлі 4 үйге де ауыл шырайын аша түсетін сәулеттік жобалардың бірі – «Тұрғын үйді модернизациялау» бағдарламасы аясында толығымен заманауи үлгіде жаңғырту. Бүгінгі күнге 4 мүлік иелерінің бірлестігі құрылды. Жоспар толық орындалды.
Өткен жылы аудан бойынша жалпы 4 көппәтерлі тұрғын үй жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленген еді. Жоба құны жалпы 192 млн теңгені құраған болатын. Бүгінгі таңда тиісті салалық басқармаға бюджеттік өтінім жолданып, 2023 жылдың бюджетінің нақтылауына енгізілді.
Бүгінгі күнге аудан бойынша коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне 1 694 адам тіркелген. Тұрғын үй саясатының өзгеруіне байланысты жеке тұрғын үй қорынан жалға алынатын, тұрғын жай үшін жекелеген санаттағы 1 шаршы метр құнының 50 пайызы деңгейінде төлемдер тағайындалады. Бүгінге бұл тетік іске қосылып, «Отбасы банкі» арқылы жүзеге асырылуда. Мемлекеттік қолдауға төрт санат бойынша кезекте тұрған барлық қазақстандықтар өтініш бере алады.
Түйіні тарқатылған түйткілдер
Ауданда соңғы екі жылда шешімін таппай келе жатқан мәселелердің бірі – қоғамдық көліктің жайы болатын. Осы орайда ауыл тұрғындарының сұранысы бойынша демеушілерді тарта отырып Құлан-Луговой бағытында 6 автобус тұрақты қатынауда. Ауыл тұрғындарына қолайлы болу мақсатында төмендетілген бағада: ересектерге – 60 теңгеден, балаларға 30 теңгеден меже белгіленді. Жалпы екі ауылдық округтегі тұрғындар саны 30 мыңнан аса халықты құраса, оның 6 мыңға жуығы – мектеп оқушылары. Көлік мәселесінің шешілуі оқушылар мен колледж студенттерінің оқуларына қатынауы тиімді болатыны сөзсіз.
Сондай-ақ аудандық этномәдени бірлестіктердің сұранысы бойынша Достық үйі пайдалануға берілді. Қысқа мерзімде бос тұрған ғимаратты күрделі жөндеуге 3 млн теңге бөлініп, пайдалануға берілді. Сол секілді демеушілер есебінен Қарақыстақ ауылдық округіне қарасты Жалпақсаз елді мекенінде теміржол өткелі ашылды. «Арай» алқабында көппәтерлі тұрғын үйге демеушілерді тарта отырып, 6 млн теңгеге 1,5 шақырым қашықтықта орналасқан Дендросаябақтағы су ұңғымасынан ауыз су жүйесі тартылды. Жақсылық ауылында ауысымына 15 келушіге және Жаңатұрмыс ауылында 25 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория ауыл тұрғындарының игілігіне берілді.
Бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бойынша өңірде атқарылған жұмыстардың бір парасы ғана. Өңірлерді дамыту бағытындағы ілкімді істер үздіксіз жалғаса береді.
Мөлдір ТАСТАНБЕК,
Т. Рысқұлов ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы