Көнекөз қариялар биылғы қысты қазақтың жыл қайыруы бойынша «қоянның қысы» дейді. Тарихқа үңілсек, қоян жылының қыңырлығы көп болған. Соны ескерген болса керек, қазақ халқы бұл жылдары қамсыз отырмаған.
Иә, биылғы қыс өткен қыстарға қарағанда қалың қарымен, үскірік аязымен, дүлей боранымен есімізде қалатын секілді. Расында, ақ тонын сүйреткен «кәрі құда» биыл ақ ұлпасын аямай төкті. Табиғаттың тосын мінезі таусылған ба? Биылғы қыста басқа жылдардағымен салыс- тырғанда қар едәуір мол түскен.
Осыған орай, «Жасыл ел-Тараз» ЖШС қала аумағында күндіз-түні тынбастан тазалық жұмыстарын атқарып жатыр. Айта кетер жайт, мекеме жұмысшылары қала ішіндегі қар тазалығымен ғана емес, жолдардағы көлік қозғалысының, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін де тиісті шараларды атқаруда.
Бүгінгі таңда 52 арнайы техника қар күреу жұмыс- тарымен айналысса, 16 техника қала сыртына қар шығаруда. Жалпы қар күреуге шыққан жұмысшылар саны – 231 адам. Сонымен қатар қала көшелеріне құм, тұз себілуде. Тәулік бойы ауысыммен жұмыс істеп жатқан «Жасыл ел-Тараз» жұмысшыларының еңбегі ерекше құрметке лайық.
Еркін САЙЫН