Апаттың алдын алу – өз қолымызда

КҮЛДІ КЕЗ КЕЛГЕН ЖЕРГЕ ТӨГУГЕ БОЛМАЙДЫ

Күз келіп, салқын түскен сәттен бастап барлық жеке секторлар­дың тұрғындары жылыту пештерін іске қосады. Осы кезеңде жылыту құрылғыларын қолдану бойынша өрт қауіпсіздік ережелерінің сақтал­мауына байланысты туындайтын апаттардың саны көбейеді. Әсіресе көптеген азаматтардың әлі суымаған пеш күлін ешқандай қауіп төндірмей­ді деп ойлап, үй алдындағы жанғыш құрылыстар жанына және қора маңайларына төге салуы бірқатар өрт оқиғаларының пайда болуына әкеліп соғуда. Мұндай жағдайлар­дың жиілеуі өртке қарсы қызметтің алаңдаушылығын туындатып отыр.

Өкінішке орай, көпшілік толық сөн­беген күлдің қандай қауіпті жағдай тудыратынына мән бере бермейді. Осыған байланысты адам өмірі мен дүние-мүлікке зиян келтіруі мүмкін жайттарға жол беріп жатады. Осы орайда күл және оның қалдықтары­ның қазандықтан алынғаннан кейін арнайы бекітілген орынға төгілуі қажеттігін және өрттің шығу мүм­кіндігін жою үшін бетіне су құйылуы керек екенін естен шығармау керек.

Сонымен қатар күлдің түгелдей жанбаған, біршама уақыттан соң түр­лі себептермен қайта тұтануы мүмкін отын екенін ұмытпауға тиіспіз. Өрт қауіпсіздік ережелеріне сәйкес күлді, шлактарды сақтауға тұрақты арнайы орын белгілеген абзал. Мұндай орын­ның тез тұтануы мүмкін құрылыстар­дан арақашықтығы 15 метрден кем болмауы қажет.

ГАЗ БАЛЛОНЫ ЖАРЫЛМАСЫН ДЕСЕҢІЗ…

Жылыту және тұрмыстық қажет­тіліктер үшін қолданылатын газ белгілі бір пропорцияда ауамен араласып, жа­рылғыш қоспаны құрайды. Тұрмыстық газдың жарылуына жол бермеу мақса­тында газ құрылғыларын пайдалану және оларды пайдалану қағидаларын білу және мүлтіксіз сақтау қажет:

  • газ баллондарын тек маманданды­рылған пунктерде ғана толтырыңыз;
  • газ құралдары мен жабдықтарын орнатуды, реттеуді, тексеруді және жөн­деуді білікті мамандарға тапсырыңыз;
  • газ баллонын желдетілетін жерде, тек тік күйде сақтаңыз;
  • газ баллондарын гараждарда, пәтер­лерде, балкондарда сақтамаңыз;
  • балаларды газ құрылғыларына жіберу жағдайларын болдырмаңыз;
  • газ құрылғыларын қосу ретін сақтаңыз: әуелі сіріңкені жағып, содан кейін газды ашыңыз;
  • пәтерді жылыту үшін газ плитала­рын пайдаланбаңыз;
  • жұмыс аяқталғаннан кейін баллон кранын жабуды ұмытпаңыз;
  • үйден шыққан кезде газ плитасын өшіріп, цилиндрдегі клапанды жабуды ұмытпаңыз.

Жоғарыда аталған барлық талап­тарды орындаған жағдайда ғана өрт оқиғаларының алдын алуға болатынын қаперіңізде ұстаңыз!

ҚОЛДАН ЖАСАЛҒАН  ҚОНДЫРҒЫ – ҚАУІП КӨЗІ

Бірқатар тұрғындар жылыту мау­сымында электр жылытқыштарын, ал кейбір жағдайларда қолдан жасалған қондырғыларды қолданып жатады. Сертификатталған құрылғыға ақша үнемдеу дүние-мүліктің, тіпті адам шығынына әкеліп соғуы мүмкін. Сол себепті үйдегі электр жылыту құрылғы­сы тек сертификатталған, арнайы зауыттан шыққан болуы керек.

Сонымен қатар кез келген электр құрылғысын қолданар алдында нұсқау- лықты мұқият оқып шығыңыз. Бұл жағдайда әсіресе құрылғының жұ­мыс уақытына және рұқсат етілген тоққа қойылатын талаптарға назар аударыңыз. Есіңізде болсын, егер сіз компьютерді, жылытқышты, шаң­сорғышты бір розеткаға бірден қос­саңыз, онда жүктеме желі үшін ауыр болуы мүмкін. Бұл әсіресе ескі сымда­ры бар ескі үйлерге қатысты.

Осыған орай Тараз қаласының Тө­тенше жағдайлар басқармасы ескер­теді:

  • ақаулы электр жабдықтарын пайда­лануға тыйым салынады;
  • қорғаныш қабаты зақымдалған сымдар мен кабельдерді қолдануға болмайды;
  • жылыту, кептіру және тамақ дайын­дау мақсатында қолдан жасалған электр жылыту құралдарын қолданбаңыз;
  • оқшауланбаған электр сымдарын, кабельдерді және пайдаланылмаған электр желілерін қосулы күйде қал­дырмаңыз;
  • зақымдалған электр өнімдерін пайдаланбаңыз;
  • электр сымдары мен кабельдерді байлап, бұрауға болмайды;
  • электр желісіне қосылған жылыту аспаптарын, электр плиталарын, теле­дидарларды және басқа да аспаптар мен жабдықтарды қараусыз қалдырмаңыз;
  • электр шамдарын қағазбен, шүбе­рекпен және басқа жанғыш материал­дармен жаппаңыз;
  • электр сымдары мен кабельдерді желімдеуге және бояуға тыйым са­лынады.

Қайрат ОРАЗБАЕВ, Тараз қалалық төтенше жағдай­лар басқармасының  бас маманы, азаматтық қорғау подполковнигі

Comments (0)
Add Comment