Құқық қорғау саласы қашанда темірдей тәртіпті қажет етеді. Бұл – өмірін осы саламен байланыстырған жандар үшін бұлжымайтын қағида. 27 жылға жуық осы салада тер төгіп, құрметті демалысқа шықса да Сурхадин Бадыров бір сәт те өзі қызмет еткен мекемеден қол үзіп қалған емес. Күні кеше ел басына күн туған сәтте байырғы әскери ретінде құқық қорғау қызметкерлермен бірдей тәртіпті орнатуға бір кісідей атсалысты.
Қаңтардағы қырғында ел ішіне ойран салып, мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған бүлікшілердің арам пиғылдары елі мен жерін сүйген, осындай ұлт патриоттарының арқасында жүзеге аспады деуге болады. Бастапқыда әлеуметтік әділеттілік сұрап, бейбіт митингіге шыққан шерушілерді кейін көптеген қалаларда арнайы дайындалған бүлікшіл топтар пайдаланып кетіп, заңды шерудің арты қанды шеруге айналды.
Өкінішке орай, қасыретті оқиғаның салқыны тарихы терең Таразға да тиді. Көптеген стратегиялық нысандар қирап, талай адам қаза тапты. Жаппай тәртіпсіздікте қоғамдық қауіпсіздікті сақтауда әсіресе, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік артылды. Дүрбелеңді басу үшін олар күн-түн демей, көз ілмей күресті. Ердің ерлігі ел басына күн туғанда сыналады емес пе? Сондай сын сағатта бірліктің, антына адалдықтың ерен үлгісін көрсеткен Сурхадин Бадыров тәртіп сақшыларының қасынан табылды. Қолдан келгенше көмек қолын созып, сарбаздарды азық-түлік, ыстық тамақпен қамтамасыз етумен бірге, қолына қару алып, атқа қонды. Бүлікшілердің жолын кесудегі күресте аянып қалған жоқ. Қазақстан Ресбуликасының аумағына енгізілген төтенше жағдай кезінде ішкі істер органының бұрынғы қызметкері ретінде Отанның ержүрек ұлы екенін өз ісімен дәлелдеп, жеке құраммен бірге құқық пен тәртіпті нығайтуға зор үлес қосты. Өз ісімен кейінгі буынға үлгі бола білген ардагердің бұл ерлігі ескерусіз қалған жоқ. Жамбыл облысы бойынша ҚАЖД ЖД -158/4 мекемесінің жеке құрамының атынан және Жамбыл облысы бойынша ҚАЖД ЖД -158/4 мекемесінің бастығы, әділет полковнигі Е. М. Тоқановтың алғыс хатымен марапатталып, алғыс білдірілді.
Мекеме қызметкерлерімен күні бүгінге дейін етене араласатын Сурхадин Гусейнұлының жауынгерлерге айтар ақыл-кеңесі аз емес, себебі көпті көрген ардагер ағаның өмір жолынан олардың түйері көп-ақ. Әлбетте, ардагер полицейдің еңбекқорлығы мен антына адал, сертіне беріктігін түзеу мекемесіндегі қызметкерлер қашан да үлгі тұтады.