ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Нұрлан Шабдар Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келіп, өңірдегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында атқарылған жұмыстармен танысты.
Сәндібек Піренов, Суретті түсірген Юрий КИМ
Нұрлан Амангелдіұлы алдымен облыс орталығында жаңадан бой көтерген «ANTICOR» сервистік орталығының ашылу салтанатына қатысты. Нысан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында бой көтерген. Орталық қызметімен таныстыру үшін жасалған шағын экскурсия барысында облыс әкімі мен агенттік төрағасының орынбасары Әбдірахым Қуанышбаев есімді азаматты қабылдап, оның мәселесі бойынша нақты шаралар қолға алынатынын жеткізді.
Сервистік орталықтың мәжіліс залында өткен арнайы жиын барысында «Адалдық алаңының» жалпы жұмыс бағыты жан-жақты айтылды. Жиынды ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев ашып, жүргізіп отырды. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды күшейтудің маңыздылығын атап өтті.
– Соңғы кездері азаматтық қоғам құруға қатысты Мемлекет басшысының қойып отырған талаптарының барлығы белгілі. Осы саясатты жүргізу бойынша облыста Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті түрлі жұмыстар атқарып жатыр. Өткен жылы «Жамбыл – адалдық алаңы» орталығы ашылған. Одан өзге сервистік әкімдіктер құрылған. Сондай-ақ әрбір ауданда ақпараттық орталықтар аштық. Мұның бәрінің мақсаты – қойылып отырған талапты орындау, ортақ мүддеге жұмыс істеу, – деді өңір басшысы жиын барысында.
Ал Нұрлан Шабдар бүгінгі мемлекеттік аппарат азаматтарға кедергісіз қызмет пен жан-жақты қолдау көрсетуі қажеттігін тілге тиек етті.
Сондай-ақ аталған тақырыпқа байланысты «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы, үгіт штабының басшысы Қасымхан Төлендиев, облыс бойынша аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген, арнайы мониторингтік топ басшысы Бауыржан Мөрбеков баяндама жасады.
Келесі кезекте облыс әкімі Асқар Мырзахметов пен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Нұрлан Шабдар қайта жөндеуден өткен Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық филиалы ғимаратын аралап көрді.
Нұрлан Амангелдіұлының жұмыс сапары Тараз қаласының сервистік әкімдігінің жұмысымен танысумен жалғасты. Сервистік әкімдік Тараз қаласының тұрғындарына жер және архитектура салалары бойынша ашық форматта қызмет көрсетеді. Келесі нысан Полиция департаментінің ашық форматтағы азаматтарды қабылдау фронт-офисі болды. Оның жұмысымен облыстық полиция департаментінің басшысы Арман Оразалиев таныстырды.
Сондай-ақ «Ізгілік елшісі» жобасы аясындағы әлеуметтік дүкеннің жұмысымен танысу, облыс жастарымен кездесу, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Демеу» орталығының салтанатты ашылуы, облыстағы орта және шағын кәсіпкерлік иелерімен кездесу, «JáRDEM-109» бірыңғай байланыс орталығының жұмысымен және «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенімен танысу шаралары қамтылды.