Қант қызылшасы қар астында қалмасын!

Шаруалардың шырылынан қандай сабақ алдық?

Соңғы жылдары Жамбыл облысында қант қызылшасын өсіру қарқынды дамып келеді. Тәтті түбірдің мол табыс әкелетінін түсінген диқандар егіс көлемін ұлғайтып, өнім сапасы мен түсімін арттыруға ден қоюда. Алайда былтыр балтамырды егу о баста дұрыс жоспарланбағандықтан, шаруалар өсірген өнімін өткізуде қиындыққа тап болып, біраз әуре-сарсаңға түскен болатын.

Ал биылғы жағдай қандай болмақ? Бірер күнде қылышын сүйретіп қыс айлары да келеді. Сол кезде диқандардың еңбегі зая кетіп, өнімдері өткен жылғыдай тағы да қар астында қалып кетпей ме? Шаруалар тәтті түбірлерін толықтай өткізе ала ма? Санаға салмақ сан сауалға жауап іздеп көрген едік.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биыл 5,3 мың гектар алқаптан таза салмақта 250 мың тонна өнім алу жоспарланып отыр екен.
– 2025 жылдың 10 қазанынан бастап «Меркі қант зауыты» ЖШС тәтті түбір қабылдауды бастады. Қазіргі уақытқа дейін 2,3 мың гектар алқаптан 122,6 мың тонна өнім жиналып, оның 101,1 мың тоннасы аталған кәсіпорынға өткізілді. Зауыт күнделікті 5 мың тонна қант қызылшасын қабылдап, тәулігіне 2,5 мың тоннадан астам өнім өңдеуде, – дейді басқарманың баспасөз қызметі.

Облыстық фермерлер одағының төрағасы Дулат Сұлтанбековтың айтуынша, қазір өнімді зауытқа өткізу барысында еш кедергі жоқ көрінеді.
– Биыл әр ауданға шекті лимит белгіленіп, өнімдер талон арқылы қабылданып жатыр. Сондықтан жылдағыдай зауыт басында ұзын-сонар кезек пен кептеліс жоқ. Сондай-ақ шаруаларға қант қызылшасының келісіне 38 теңге субсидия төленеді. Оның 25 теңгесі мемлекет, 13 теңгесі зауыт есебінен беріледі. Мұның өзі диқандарға әжептәуір қолдау болып отыр. Келер жылы Тараз қант зауытында жаңа өңдеу желісі мен Байзақ ауданында салынып жатқан кәсіпорын іске қосылса, сатып алу құны тағы да көтеріледі деген үміттеміз.
Өткен жылы Меркідегі қант зауыты қабылдаған өнім үшін фермерлер алдында 600 миллион теңгедей қарыз болған еді. Соған орай жуырда кәсіпорын «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-мен 1,5 мың тонна қант сату-сатып алу бойынша келісімшарт жасасты. Осы келісім негізінде зауыт берешегінен толығымен құтылады деп күтілуде. Бір сөзбен айтқанда, биыл жергілікті билік тарапынан балтамыр өсірушілерге жан-жақты қолдау көрсетілуде, – дейді одақ төрағасы.
Ал шаруа Қайрат Әбдірахманов өнімді дер кезінде өткізуден де бөлек бірқатар мәселенің бар екенін ашып айтты.
– Былтыр 4 мың тоннадан астам балтамырым шіріп, 180 миллион теңгеге жуық шығынға баттым. Тек мен ғана емес, бірқатар әріптесім де менің жағдайымды бастан кешіріп, сенімдеріне селкеу түскен соң қант қызылшасын егуден түбегейлі бас тартты. Енді биыл жергілікті билік алдын ала қамданып, барынша қолдау көрсетуге тырысып жатыр. Дегенмен, шаруалардың алдында өнімді өткізуден басқа бірқатар кедергінің де бар екенін ашып айтуымыз керек. Мәселен, бүгінде жанармай мен тыңайтқыш бағасы шарықтап тұр. Дизель отынының әр литрінің құны қазірдің өзінде шаруаның қалтасын қағады. Ал тыңайтқыштың бағасы науқан кезінде екі есеге дейін өсіп кетеді. Мұндай жағдайда табыс табу түгілі, кеткен шығынның өзін ақтау қиын. Субсидия төленеді, бірақ ол көбіне кешігіп түседі. Оны уақытылы алмаған соң, шаруалар несиесін төлей алмай, қосымша қарызға батады.
Сонымен қатар су мәселесі де аса өзекті. Себебі, көршілес Қырғызстаннан келетін суға сенуге болмайды. Олар биыл су мөлшерін азайтып, кей алқаптарға суармалы су толық жетпей қалды. Сондықтан бар үмітіміз – жер асты суларында. Бірақ мұндай бір ұңғыманы бұрғылау үшін кемінде 150-200 миллион теңге қаржы кетеді. Ал мұндай шығынды кез келген фермердің қалтасы көтере бермейтіні белгілі. Бұл бойынша әкімдікке де бірнеше рет қайырылғанбыз. Алдағы уақытта ортақ бір шешімін табармыз деген ойдамын.
Бұдан бөлек, жол мен тасымал мәселесі де шаруаның еңбегін еселеп қиындатып отыр. Кей жерлерде жолдың сапасы нашар болғандықтан, жаңбыр жауса көліктер тығылып, өнім жолда қалып қояды. Салдарынан қызылша зауытқа жеткенше сапасы төмендеп кетеді. Биыл өнімдерді қабылдау ерте басталғанымен, балтамырды жинау жұмыстары әлі толық аяқталған жоқ. Ал ертең өнім көлемі артқан кезде былтырғыдай мәселелер тағы туындап, есіл еңбегіміз далаға кетпей ме деген де алаңдаушылық бар, – дейді шаруа.
Жоғарыда айтқанымыздай, биыл жергілікті билік шаруалардың былтырғы шырылынан қорытынды шығарып, жан-жақты қолдауды қолға алып отыр. Күні кеше облыс әкімі Ербол Қарашөкеев те Меркі ауданына жұмыс сапары барысында Меркі қант зауытына арнайы ат басын бұрып, диқандармен де тілдесті. Әзірге бәрі жоспарға сай жүріп жатқан секілді. Әйтеуір, былтырғыдай қант қызылшасы тағы қар астында қалып, шаруаларды белшесінен шығынға батырып жүрмесе болғаны.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Comments (0)
Add Comment