Аналар жайы – елдің жайы

Көпбалалы аналардың мәселесі бас партия назарынан түскен емес. Әсіресе, дерт өршіген тұста саяси ұйымның әлеуметтік осал топтағы жандарға көрсеткен қолдауы бұқараның есінде.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Аты жаман аурудың асқынып, халықтың дегбірін алған шағында ақ халаттылардың жанынан табылып, қолынан келген көмегін аямағандардың қатарында Жамбыл облыстық іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері де бар. Партия мен аталған ұйым бірлесіп атқарған жұмыстардың легі аз емес. Осы ретте «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының ғимаратында облыстық іскер әйелдер қауымдастығы төрайымының орынбасары Эльмира Мырза-Ғалидың ұйытқы болуымен бас партия төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев көпбалалы әрі шағын кәсіппен айналысып жүрген әйелдермен кездесті. Саяси ұйымның «Бақытты әйел» жобасының аясында әйелдер кәсіпкерлігін қолдау мақсатында ұйымдастырылған жиында ең әуелі сөз алған қалалық мәслихаттың депутаты Эльмира Иниятқызы өңірде атқарылған бірқатар оңтайлы істерге тоқталды.

– Қандай қиын-қыстау кезең болмасын мемлекет өз азаматтарын қолдап, қорғауға әзір. Ал бұл басқосу кішкентай ғана ісін дөңгелетіп отырған әйелдер мен елдің бас партиясы арасында конструктивті диалог құруға бағытталып отыр. Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын негізге ала отырып, біздер сіздердің әр мәселеңізге мән беріп, қажетті кеңесімізді беруге дайынбыз. Өздеріңіз білесіздер, дерт дендеген уақытта партия мүшелері «Біз біргеміз» акциясы аясында әлеуметтік осал топтағы азаматтарға, көпбалалы отбасыларға азық-түлік пакетін таратты. Мұнымен қоса аса қиын жағдайға тап болған тұрғындар үшін арнайы 50 мың теңгеден жәрдемақы ұсынды. Облыстық іскер әйелдер қауымдастығы төрайымының орынбасары, белгілі меценат Меруерт Қаттабайқызы аты жаман аурумен алысып жатқан дәрігерлер мен науқастарға ыстық ас әзірлеп таратты. Мұның бәрі – біздің біртұтастығымыздың айғағы. Өңірде биыл көпбалалы аналарды қолдау мақсатында өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен «Бақытты отбасы» орталығы ашылып, жұмысын бастады. Онда қазір 600 ана тіркеліп, өздеріне қажетті қызметті тегін алып жатқан жайы бар. Өз басым осы жиынға келіп отырған, ешкімге алақанын жаймай, келешектен үмітін үзбей, шағын ғана ісін дөңгелетіп, бала-шағасын асырап отырған әйелдерге тәнтімін. Аналар осындай кездесулерде ішке бүккен дүниелерін билікке жеткізуі тиіс. Бұл жерде айтылған сөздің ешбірі жерде қалмайды. Еститін құлақ барда ойларыңызды ашық айтуға шақырамын, – деді депутат.

Айта кету керек, кездесуге әйелдердің мәселесін тыңдап, арнайы кеңес беру үшін қалалық мәслихаттың депутаты Әмина Қайназарова, сондай-ақ «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мамандары мен заңгерлер қатысты.

Дөңгелек үстелге өзінің шағын кәсібі туралы баяндап, көмек сұрай келгендердің қатарында Байзақ ауданының тұрғыны Жанат Сәлімбаева да бар. Төрт балалы ана өз ауданында төрт түлік мал ұстайтын шаруа иелерінен сүт өнімдерін сатып алып, одан құрт, ірімшік сынды ұлттық тағамдар әзірлеп сатады. Бүгінгі таңда сүт өнімдеріне сұраныс мол. Ал ұлттық тағамға қызығушылықтың жоғары екені айтпаса да түсінікті. Өзінің жұмысы мен бала тәрбиесіне жұмсалатын уақытынан бөлек, ата кәсіпті дөңгелетіп отырған ана өз ісінің аясын кеңейтіп, қол астына жұмысшылар алу үшін қажетті құралдар сатып алғысы келеді.

– Қазір білесіздер, сүт тағамдары тапшы. Пандемияға байланысты кәсібінен айырылып қалған шаруалар көп. Осыған қарамастан, тірліктің көзін тауып отырған жайым бар. Өз жұмысымнан бөлек, таңның атысы, күннің батысы тәтті нанның түр-түрін пісіріп, құрт, ірімшік әзірлеп, қымыз пісіп сатамын. Қазір бала-шағамды асырауға мүмкіндігім жетеді. Дегенмен қолыма жұмысшы алып, кәсібімді үлкейтсем деймін. Осыған дейін мемлекеттен ешқандай көмек сұрап көрмеппін. Қазір тыңдап отырсам, шағын бизнес үшін арнайы гранттар бөлінеді екен, – дейді кәсіпкер ана.

Ал бүгінде ұстаздық жолда адал қызмет етіп келе жатқан Сәрсекүл ханым болса, осыдан бірнеше жыл бұрын қаладағы №5 мөлтек ауданда орналасқан №21 жатақханада тұрып келген. Кейіннен аталмыш үйдің инфрақұрылымы реттелмеген соң, басқа пәтерге көшуге мәжбүр болған. Ізінше жатақхана сүріліп тасталған. Алайда билік тарапынан сүрілген үйдің орнына не ақшалай көмек, не басқа пәтер ұсынылмаған. Бүгінде бұзылып тасталған жылжымайтын мүліктің құжаттары өз атында болғандықтан, Сәрсекүл ханым үй кезегіне тұра алмай жүр. Дер кезінде заңға жүгініп әрекет ете алмағандықтан, ұстаз мамандардан кеңес сұрай келіпті.

Жалпы жиын барысында баяндалған барлық мәселелерді мамандар жіті тыңдап, әр әйелдің байланыс нөмірін алып, жеке кеңес беруге келісті. Өз кезегінде Балабек Жанбекұлы азын-аулақ тірлік бастап, бала-шағасына лайықты өмір сыйлап жүрген аналарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың аз емес екенін алға тартты.

– Партия болашақта да тұрғындардың әлеуметтік мәселелерінің оң шешілуі жолында заң аясында барлық ресурсты қолданады. Сіздер де тек қана заң аясында жұмыс жасаңыздар. Қазір алдарыңызда отырған, жетістікке жеткен әйелдердің барлығы өз кәсібін бастарда мемлекет ұсынған құралдарды сәтті пайдаланып, бүгінде ел аналарына айналып отыр. Ештеңеден де, ешкімнен де қорықпаңыздар. Өз заманында аналарымыз әкелерімізді соғысқа аттандырып, ерте жесір қалып, Құдайдың берген балаларын аман жеткізген. Қазір ол заман емес, екі қолға бір күрек табылады. Ал істеймін деген адамға қолдау қашанда бар. Сіздер нағыз батырсыздар. Осы жүректіліктен қайтпаңыздар, – деп қорытындылады партия төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев.

Comments (0)
Add Comment