Тараз қаласының «Анаға тағзым» орталығында Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай облыстық ҚХА Аналар кеңесінің бастамасымен қолға алынған «Жасыл сертификат» жобасы аясында «Дәріханалық нашақорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары» атты дөңгелек үстел өтті.
Жиынға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев арнайы қатысты. Сонымен қатар Жамбыл облысының прокуратурасы, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жамбыл облысы бойынша департаменті, Жамбыл облыстық полиция департаментінің өкілдері және облыс әкімдігінің басқарма басшылары, қоғамдық ұйымдар, қаламыздағы дәріханалардың өкілдері де кездесу төрінен табылды.
Отырыс барысында бірнеше жылдан бері жасөспірімдер мен жастарды нашақорлықтан түбегейлі ада ету жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан өңірлік Ассамблеяға қарасты Аналар кеңесінің белсенді мүшелері өз ойларын ортаға салып, жастардың болашағына балта шабар, бойы мен ойын меңдеп алған қауіпті дерттен қалай құтқарудың тиімді жолдары турасында өз бағыттарымен бөлісті.
Мәселен, Жамбыл облысы ҚХА Аналар кеңесі төрайымының орынбасары Аракси Плетнева Мемлекет басшысының Ұлттық Құрылтайда балаларды дұрыс тәрбиелеу жөніндегі маңызды тапсырмаларына сүйене отырып, аймақтық ҚХА Аналар кеңесінің осы бағыт бойынша жүйелі де ауқымды жұмыс жүргізіп жүргеніне тоқтала келе, синтетикалық есірткінің тез таралуына әлеуметтік желілерді белсенді қолданушы жастар мен интернет-сайттарға тосқауыл қою жөнінде кеңінен баяндады.
Сонымен бірге жастар арасында есірткі, уытты заттарды тұтыну және нашақорлықтың алдын алу шаралары жөнінде Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар баяндама жасап, жастарды нашақорлық індетінен алыстату бағытында жұмыс тоқтаусыз жүргізілетінін айтты.
Жиынның қорытындысы бойынша Жамбыл облысының есірткіге қарсы қоғамдық коалициясы мен дәріханалар өкілдерінің қоғамдық денсаулықты қорғауға және дамытуға деген өзара ортақ тілектерін басшылыққа ала отырып, меморандумға қол коюы болды.
Ақпараттық жұмыс
және қоғаммен байланыс бөлімі