Аналар ардақталған күн

Биыл елімізде алғаш рет Аналар күні аталып өтті. Бұл мереке біраздан бері мамыр айының екінші жексенбісінде әлемнің 20-дан астам елінде тойлануда. Олардың қатарында АҚШ, Канада, Германия, Италия, Бельгия, Дания, Финляндия, Эстония, Түркия, Жапония, Бразилия және Австралия бар. Енді биылдан бастап сол қатарға Қазақстан да қосылып отыр.

Айшықты мерекеге орай №5 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында «Аналар – асыл жандар» атты дөңгелек үстел өтті. Салтанатты шараға «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегерлері, көпбалалы аналар мен орталық қызметкерлері қатысты.
Әуелі сөз алған орталық директоры Балабек Нарбаев жиналған қауымды мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
– Аналарды қорғау – мемлекеттегі әлеуметтік саясаттың басым міндеттерінің бірі. Шын мәнінде, әрбір адам үшін анадан ұлы, анадан қымбат ешкім жоқ. Ең қастерлі құндылықтарымыз «Жер-ана», «Отан-ана» ұғымдарымен тығыз байланысты. «Ата ұлды, ана ұлтты тәрбиелейді» дейді. Бұл сөздің айрықша мән-маңызы бар. Біздің отбасылық өмірімізде де, қоғамдық өмірімізде де ананың рөлі ерекше, ол балаларын тәрбиелеп, бағыт-бағдар береді. Ананың еңбегі әрдайым жоғары бағаланады. Сондықтан аналарға деген құрмет тек бір ғана мерекемен өлшенбейді. Оларға жылдың әр сәтінде қандай ілтипат көрсетсек те жарасады, – деген Балабек Жанбекұлы бірқатар анаға арнайы Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтарды табыстады.
Келесі кезекте облыстық «Анаға тағзым» орталығының «Отбасы құндылықтарын қолдау» бөлімінің басшысы Жанат Айтжанова орталықтың алдағы мақсат-міндеттеріне тоқталып, аналарды бос уақыттарын тиімді өткізуге шақырды.
Шара барысында орталықтың өнерпаздары әсем әндерді әуелетіп, көпшілікке айрықша әсер сыйлады.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Comments (0)
Add Comment