Демография – мемлекеттің стратегиялық қауіпсіздігі мен әлеуметтік- экономикалық тұрақтылығының өзегі. Қазақстан үшін бұл мәселе тек халық санымен ғана емес, оның сапасымен, жас құрылымымен, аймақтық теңгерімімен және көші-қон үрдістерімен тікелей байланысты. Елдің демографиялық саясаты осы күрделі факторларды ескере отырып, жан-жақты бағытта жүргізілуде.
1990-шы жылдардың тоқырау кезеңінен кейін Қазақстанда халық саны қайта өсу траекториясына шықты. 2023 жылдың қорытындысы бойынша, халық саны 20 миллионға жетіп, бұл елдің тәуелсіздік тарихындағы маңызды межеге айналды.
Әрине, өңірлердің қуатты болуы да халықтың санымен өлшенетіні белгілі. Ол үшін ана мен баланың денсаулығын қорғау, көпбалалы отбасылардың әлеуметтік жағдайын көтеру секілді маңызды міндеттер жүзеге асырылуда. Бұл тұрғыда Тараз қаласында да жүйелі жұмыстар қолға алынған.
Айталық, күні кеше Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің қатысуымен көпбалалы аналарға «Алтын» және «Күміс алқаларды» табыстау рәсімі өтті.
Ең әуелі шаһар басшысы алтын құрсақты аналарға ізгі тілегін білдіріп, оларға деген құрмет ешқашан азаймайтынын жеткізді
– Ана – тіршіліктің тұтқасы, берекенің бастауы, татулықтың алтын діңгегі. Әлемдегі бар жақсылық пен ізгілік, отбасының ғана емес, күллі елдің бірлігі мен болашағы да әйел-аналарға тікелей байланысты.
Ел басына күн туғанда ұлтының ары мен айбынына айналып, намысын жатқа бермеген нәзік жандылар тарихта аз болған жоқ. Олардың өнегелі өмірі мен жарқын есімдері жадымызда жаттаулы, өскелең ұрпаққа таусылмас тағылым.
Бүгінде әйелдерге жан-жақты жағдай жасау, көпбалалы аналарды қолдау және отбасы институтын нығайту – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Соның нәтижесінде еліміздегі халық саны артып, үлкен демографиялық көрсеткішке қол жеткізіп келеміз.
Көне шаһар – Тараз тұрғындарының да саны жылдан жылға артып, бүгінде 480 мыңнан асып отыр. Ана мен баланы қорғау мақсатында да көптеген игі істер қолға алынып, жарқын жобалар жемісін беруде. Мұның барлығы біздің елімізде әйелдердің орны биік екенін айқындайды. Бүгінгі сіздермен жүздесуіміз де соның бір жарқын көрінісі, – деген Бақытжан Әмірбекұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығы бойынша 2 көпбалалы анаға «Алтын алқа», 15 анаға «Күміс алқаларын» тапсырды.
Аналар да өз кезегінде шаһар басшысына шынайы ризашылықтарын білдірді.
Айта кетейік, Тараз қаласында 2010 жылдан бүгінге дейін 2 774 ана «Алтын алқа», 2 823 «Күміс алқа» иесі атанды. Осылайша, жалпы саны 5 597 алтын құрсақты ана осындай құрметке кенеліп отыр.
Құрбанәлі ШАХАБАЙ