Елімізде «Зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күні» акциясы өтуде. Акция аясында Қордай аудандық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығында Жамбыл облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысы аясында аналарға психологиялық-құқықтық кеңес берілді.
Мұнан соң әлеуметтік қызмет алушыларды серпілту мақсатында «Балалар – басты байлығымыз» тақырыбында отбасылық жарыс өтті. Байқауға қатысушылар жанұялық топ болып «Танысу», «Еркелету сәті» және «Мүддірмей тап» атты кезеңдерде бақ сынасты. Отбасылық қиын сәтке түскен аналар балаларын еркелетіп, көптің ішінен өздерінің ұл-қыздарын мүдірмей тауып, өнерлерімен де ерекшеленді.
Айта кетейік, Дағдарыс орталығында отбасында қысым көріп, зорлық-зомбылыққа ұшыраған нәзікжандыларға әлеуметтік көмек көрсетіледі. Олар алты ай бойы осында тұрақтай отырып, мамандардан көмек алады. Орталықтың қызметі отбасыны екіге бөлу емес. Алты ай уақытта шаңырақтың шайқалмауы мен балалардың толық отбасында жанжалмен емес, бақытты өмір сүруіне бірнеше қадамдар жасалады. Дегенмен таңдау әйел еркіне беріледі. Басым бөлігі отбасына кері қайтса, қалғаны өмірге қажетті мамандық меңгеріп, заңды түрде ажырасып жатады. Заңды түрде ажырасқан жағдайда да қоғамға бейімделуіне жан-жақты қолдау көрсетіледі.
Орталыққа келушілердің көпшілігі – отбасында алкогольді өнімдерді қолданып, шаңырағын жуан жұдырықпен ұстап отырған ер азаматтардан зәбір көргендер.
Әмина Мұса