Ардақты аналар, аяулы арулар!
Баршаңызды Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әйел – отбасының ұйытқысы, шаңырақтың шамшырағы, мейірімділіктің айнасы, сұлулық пен нәзіктіктің символы. Дана халқымызда «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген тағылымды тәмсіл бар. Расында, дүниедегі бар жақсылық пен ізгілік, отбасының ғана емес, күллі елдің бірлігі мен болашағы да әйел-аналарға тікелей байланысты.
Қазақ халқы ежелден анасын ардақтап, қыздарын қадірлей білген. Көптеген нәзік жандыларымыздың есімі төл тарихымыздың беттерінде алтын әріппен жазулы тұр. Олардың қатарында ел игілігі жолында өшпес қолтаңбасын қалдырған әулиеаталық арулар да жетерлік.
Қазіргі таңда қаламыздың гүлденуіне нәзік жандылардың қосып отырған үлесі орасан зор. Білім мен ғылымда, медицина мен мәдениетте, кәсіпкерлік пен мемлекеттік қызметте, жалпы қоғамның барлық саласында табанды еңбек етіп жүрген қыз-келіншектеріміз – біздің мақтанышымыз. Кезінде көне шаһардың көркеюі үшін аянбай тер төгіп, бүгінде еңбек ардагері атанған ақ жаулықты аналарымыз қаламыздың қоғамдық-саяси өмірінен әлі де тыс қалмай, жас ұрпақ тәрбиесіне белсене атсалысып келеді.
Сонымен қатар әйелдердің әлеуметтік белсенділігін арттыру, ана мен бала денсаулығын қорғау, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау бағытындағы жүйелі жұмыстар да өз жалғасын табуда. Бұл Сіздердің қоғамдағы айшықты орындарыңызды айқындап, еселі еңбектеріңізді бағалайтын нақты қадамдар екені даусыз.
Қадірлі қыз-келіншектер!
Сіздерді шырайлы көктемнің шұғылалы мерекесімен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, істеріңізге толайым табыс, жанұяларыңыз бен жақындарыңызға амандық тілеймін! Өмірлеріңіздің әрбір сәті тек қуаныш пен шаттыққа толы болсын! Әрдайым көктемдей құлпырып, шуақ шашып жүре беріңіздер!
Бақытжан ОРЫНБЕКОВ,
Тараз қаласының әкімі