Ана алдында бас иіп

Екі мың жылдан астам тарихы бар көне Таразда соңғы жылдары бой көтерген түрлі нысандар мен демалыс орталығы көздің жауын алады. Елде болып жатқан жағдайға қарамастан, шаһарда абаттандыру, көгалдандыру, жалпы қаланың сәулеттік келбетін келістіру жұмыстары жан-жақты жүргізілуде. Жақында ғана құрылысы басталған «Анаға тағзым» орталығы қаланың сәулетін арттыра түсері сөзсіз.

Зере Қуаныш

Орталық облыстық аурухананың маңынан бой көтеруде. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қала аумағын кезекті рет аралау барысында аталған нысандардың құрылысымен танысты. Тараз қаласы жақын уақытта мектептен тыс шығармашылық орталығымен толықпақ. Оның құрылысы басталып, іргетасын құю үшін шұңқыр қазылып қойған. Мердігерлермен құрылыс алаңында жолыққан аймақ басшысы қосымша білім нысанының мерзімінде аяқталу керектігін тапсырды.

– Күн өткен сайын ұлттық құндылықтарымыздың жойылып бара жатқанын жиі ауызға аламыз. Мына жаңадан орталықта рухани жаңғыру, жеке тұлғаны қалыптастыру, сондай-ақ аға және жас буын арасында диалог құруға бағытталған жұмыстар жүргізілетін болады. Жас аналарға арналған түрлі үйірмелер, қайта даярлау курстары мен түрлі әлеуметтік-психологиялық мәселелер бойынша кеңес беру қолға алынады. Осылайша аналар әртүрлі мекемелерге барып аяқ сабылтпай бір шаңырақтың астында жиналатын болады, – деді өңір басшысы.

Орталық балалары үшін барын салған батыр аналарға құрмет көрсетудің нышаны болмақ. Онда ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүріміз дәріптеліп, жастарға өнегелі өмір сүрген, ерлігімен есте қалған танымал әйелдер, белгілі тұлғалардың аналары туралы кең мағлұмат берілетін болады. Бердібек Сапарбаев монумент пен маңындағы үш қабатты ғимараттың сырт келбеті айналасындағы нысандармен үйлесімде болуы керектігіне мән берді. Жоспарға сай, құрылыс келер жылдың наурызында аяқталуы керек.

Comments (0)
Add Comment