Жамбыл облыстық қан орталығының базасында облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы Жастар ресурстық орталығымен бірлесіп акция өткізді. Акцияның мақсаты – ақысыз донорлықты насихаттау, жастарды жұмылдыру, сонымен қатар өз қанын беру жолымен өзгеге үміт сыйлап жүрген азаматтарға алғыс айту.
Шапағат ӘБДІРҰЛЫ
30-дан астам донор қатысқан акцияға келген Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыру секторының жастар ісі жөніндегі инспекторы Таңшолпан Поштабаева: «Біздің риза болатын себебіміз, адамдар ести сала өз еріктерімен сабылып келіп жатады, барлығы адамның өз ниетіне байланысты. Биыл қан тапсыруға құлшыныс білдіріп жатқандар көп», – дейді. Біз акция барысында қан берушілерді тіркеу қалай жүзеге асырылатыны турасында және облыс көлемінде донорға мұқтаждар саны артқан-артпағанын білу мақсатында Жамбыл облыстық қан орталығы директорының орынбасары Перизат Жаманқұловадан сұрап көріп едік.
– 2021 жылдың І тоқсанында Жамбыл облысының медициналық ұйымдарына қан компоненттерін беру 2020 жылдың І тоқсанымен салыстырғанда 10%-ға ұлғайғаны байқалады. Бұл бірінші кезекте COVID-19 коронавирустық инфекция пандемиясымен және облыстың кардиологиялық орталықтарында күрделі операцияларды жүргізумен байланысты. Ал донорлық – бұл ерікті өтеусіз қан тапсыру. 18 жастан асқан әрбір сау адам қан доноры бола алады. Қан орталығына жүгінген кезде ол донацияға дейін нысан бойынша сауалнаманы толтырады. Содан кейін терапевт оның хал-жайы мен денсаулық жағдайы туралы мұқият сауалнама жүргізеді. Одан кейін донор тексеру үшін бастапқы зертханаға жіберіледі және егер барлық параметрлер донордың нормаларына сәйкес келсе, донацияға жіберіледі. Бүкіл донорлық жол 30-40 минутты алады. Қанды табысты тапсырған донорға жұмыстан босату туралы 1 күнге анықтама беріледі, сондай-ақ энергетикалық шығындардың орнын толтыру үшін 0,25 АЕК мөлшерінде ақшалай өтемақы төленеді, – деді Перизат Мажитқызы.
Ал қан тапсыруға келген еріктілер өздерінің бұл іс-әрекеттеріне риза, өз өмірі арқылы өзгенің өміріне де пайдасын тигізгенін мақтан тұтады.
Қан құю жыл сайын миллиондаған адамдардың өмірін сақтап қалады. Қанның көмегімен өмірлеріне қауіп төніп тұрған пациенттердің өмірі ұзартылады. Көптеген күрделі медициналық процедуралар және хирургиялық операциялар жүргізіледі. Оның ана мен бала денсаулығын сақтау саласында, антропогенді және апатты жағдайларда маңызды рөлі бар. Алайда көптеген елдер сапалы қауіпсіз қан қорымен қамтамасыз ету жолында қиын мәселелерге тап болады. Туындаған мәселені қан донорларының тұрақты, ерікті, ақысыз негізінде қан тапсырумен шешуге ғана болады екен. Бүгінгі күні 62 елде осындай мұқтаждар саны көп десек, оның ішінде Қазақстан Республикасы ерікті, ақысыз донорлары арқылы қанның ұлттық қорын 100% қамтамасыз етеді. Ал 40 елде бұл мәселе туыстық донорлар немесе ақылы донорлар арқылы шешіледі екен.