Қамданған қапы қалмайды

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен жылыту маусымына дайындық жөніндегі штаб отырысы өтті.

Ең әуелі Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил алдағы жылыту кезеңіне дайындық бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
– Өткен жылыту маусымы барысында 5 жылу өндіруші және тасымалдаушы кәсіпорындар арқылы 1 345 көппәтерлі тұрғын үй жылумен қамтамасыз етілді. Жалпы жылыту маусымы кезеңінде барлық кәсіпорын штаттық режимде жұмыс атқарып, жылу көздерінде температуралық кесте сақталды.
Жылыту маусымы кезеңінде жылу өндіруші және тасымалдаушы кәсіпорындарда апатты жағдайлар, яғни ұзақ уақытқа жылудың өшуі орын алмады. Қазіргі таңда 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымына дайындық бойынша іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілді. Осы мақсатта ағымдағы жылы Сыпатай батыр, Төле би, Тұрысов көшелерінің бойындағы «М-1» жылу магистралін қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Қазіргі таңда 2 000 метрден аса лоток және құбыр жүйесіне демонтаждау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар 9 жылу камералары демонтаждалып, 8-і бойынша бетон құю жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде жалпы 1 000 метр лоток және 550 метр құбыр жүйесі орнатылды. Құрылыс жұмыстары бекітілген өндірістік жұмыс кестесіне сәйкес атқарылуда, – деген Қайрат Әбілханұлы аталған жұмыстарды ағымдағы жылдың 1 қазанына дейін толық аяқтау көзделіп отырғанын тілге тиек етті.
Келесі кезекте «Таразтрансэнерго» мекемесі директорының міндетін атқарушы Арман Бектибаев жылыту маусымына дайындық шеңберінде кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасының тарифтік сметасы бойынша 2024 жылдың маусым-қыркүйек айларында Әйтиев, Әйтеке би, Желтоқсан, Пушкин, Абай, Сүлейменов көшелерінде орамішілік жылу желілерінің тозығы жеткен учаскелерін ауыстыру жоспарланып отырғанын жеткізді.
Жиынды қорытындылаған шаһар басшысы келесі жылыту маусымына дайындыққа қазірден бастап кірісу керектігін қадап айтты.
– Жалпы биыл жылыту маусымы қалыпты өткенімен, кемшіліктер де кездескенін жоққа шығара алмаймыз. Тұрғындар тарапынан да біршама арыз-шағым түсті. Сондықтан келесі жылыту маусымының дайындығын осы бастан қолға алу қажет. Ең әуелі емхана, мектеп секілді әлеуметтік нысандардың жылу желілеріне баса назар аударылуға тиіс. Сондай-ақ тұрғын үйлердің жағдайы да назардан тыс қалмауы қажет.
Өкінішке қарай, былтыр бірқатар білім ордасы дайындық паспортында жылыту маусымына толығымен әзір екенін көрсеткенімен, іс жүзінде олай болмай шыққаны жасырын емес. Сондықтан биыл штаб мүшелері әрбір мектеп пен балабақшаның дайындығын өз жіті бақылауына алғаны жөн. Сонымен қатар «М-1» жылу магистралінің жаңғырту жұмыстарын да дер кезінде әрі сапалы аяқтау қажет. Жалпы биылғы кемшіліктердің барлығы жан-жақты жоспардың болмауынан туындады. Сол себепті орын алған әрбір кемшілік бойынша тиісті сараптама жүргізіліп, кешенді жоспар түзілгені абзал, – деген Бақытжан Әмірбекұлы жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Comments (0)
Add Comment