Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі аумақтық комиссияның отырысы өтті.
Әуелі жиынның күн тәртібіне сәйкес, Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ғабит Алтаев 2023-2024 жылдары қысқы мерзімді қауіпсіз өткізу және тіршілікпен қамтамасыз ету объектілерінің пайдалануға дайындығының барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, әлеуметтік сала нысандарының, көпқабатты тұрғын үйлердің және отын-энергетика кешендерінің дайындығы 1 қазанға дейін 100 пайызға қамтамасыз етілуі тиіс. Алайда қазіргі таңда білім нысандарының дайындығы – 77,8, көппәтерлі тұрғын үйлердің дайындығы 75 пайызды құраған.
– Шаһар бойынша жалпы 5 жылу өндіруші және тасымалдаушы кәсіпорын бар. Бүгінде олардың барлығы 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымына дайындық бойынша іс-шаралар жоспарын бекіткен және соған сәйкес тиісті жұмыстар жүргізуде. Осы мақсатта «Таразтрансэнерго» МКК бойынша жалпы 131,944 мың, «Жамбыл Жылу» МКК бойынша жалпы 176,4, «Таразэнергоорталық» АҚ бойынша 1 176,865 мың, «Т.И.Батуров атындағы Жамбыл ГРЭС-і» АҚ бойынша жалпы 6 100,0 миллион, «София» ЖШС бойынша жалпы 1,897 мың теңге мөлшерінде қаржы қарастырылған. Көрсетілген сомаларға кәсіпорындар қазандықтарға қосалқы бөлшектер, қазандар, сорғылар сатып алу, орнату, қазандық ғимараттарына, жылу желілеріне, энергоблоктарға күрделі және ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымына дайындық мақсатында қала аумағындағы жылу желілеріне гидравликалық сығымдау жұмыстарын жүргізу үшін ыстық су ағымдағы жылдың маусым айының 1-інен бастап 30 күнге өшірілді. Гидравликалық сынақ барысында барлығы 60 («Таразтрансэнерго» МКК 56, «Жамбыл Жылу» МКК 4) ақау анықталып, барлығы қалпына келтірілді. Бүгінгі таңда ыстық су қала бойынша толық қайта берілді. Аталған жұмыстар алдағы жылыту маусымын қалыпты жағдайда өткізуге бағытталған, – деді Ғабит Серғазыұлы.
Келесі кезекте «Таразэнергоорталық» АҚ бас инженрінің орынбасары Мақсат Сарсенбаев, «Таразтрансэнерго» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бас инженері Ғани Алимбаев, «Жамбыл жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның еңбекті қорғау және қауіпсіздік қызметінің басшысы Сағынбек Нұрғалиев, «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС Тараз қалалық электр жүйесінің оперативтік-диспетчерлік қызмет бастығы Шадиярбек Қосатбеков, «Жамбыл су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бас инженері Ахимов Шүкірғали, «София» ЖШС есепшісі Қарлығаш Метерқұлова жылыту маусымына дайындық бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Бұдан кейін күн тәртібіне сәйкес, сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстардың тиімділігі және қала аумағында орын алуы мүмкін дауылды жел салдарын алдын алу және оларды жою мәселелеріне кезек берілді.
Жиынды қорытындылаған шаһар басшысы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою барысына көңілі толмайтынын жасырмады.
– Жадыраған жаз да аяқталып, күз мезгіліне қадам бастық. Әне-міне дегенше қылышын сүйретіп қыс та келеді. Алайда біздің жылуға жауапты кейбір мекемелеріміз жұмысты жүйелеудің орнына әлі күнге жоспарлаудан аса алмай тұр. Бұл уақытта нақты жоспар түзіліп, ендігі қызу жұмыс жүріп жату керек еді. Бұл берілген тапсырманың дер кезінде орындалмайтынын және кей мамандардың өз істеріне немқұрайлы қарайтындығының көрінісі. Осыған байланысты арнайы жұмыс тобын құрып, кем-кетіктерді алдын ала зерделеуіміз қажет. Тек сонда ғана олқылықтарды жоя аламыз. Шыны керек, жылыту маусымына 75 пайыз дайындықты төмен көрсеткіш деп бағалаймын. Сондықтан қаламыз жылыту кезеңіне тас-түйін дайын болуы тиіс, – деген Бақытжан Әмірбекұлы сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді.
Құрбанәлі Шахабай