Кеше Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында жазушы, облыстық «Aq jol» газетінің журналисі Қамар Қарасаеваның «Ұшталған қалам» атты бенефис кеші өтті. Шарада қаламгердің Брайль қарпіне түсірілген «Тәтті мұң» атты шығармалар жинағының тұсауы кесілді.
Зағип және көзі нашар көретін оқырмандарға арнайы бедерлі-нүктелі қаріп түрінде жарық көрген кітаптың салтанатты лентасын Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының директоры Жанна Алшинбаева мен «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали қиды. Бұл кітапты Брайль қарпіне арнайы кітапхананың кітапханашысы Ербол Бегімов аударған.
Салтанатты кешке жазушының әріптестері мен қаламдастары және мектеп оқушылары мен кітапхана оқырмандары қатысты. Ақын-жазушылардың өнегелі өмір жолдарын өскелең ұрпаққа үлгі тұтып, оларды әрқашан ардақтауға бағытталған шара жазушылардың шығармаларын ұлықтау, тағылымға толы еңбек жолын жас толқынға үлгі ету, жастарға кітап арқылы ойлау, армандау көкжиегін дамыту, ғылым мен білімге деген қызығушылықтарын ояту, сонымен қатар жастардың бос уақыттарын мазмұнды өткізуге жаңашылдық іздеу мақсатын көздеді.
Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының ұйымдастыруымен өткен кеш барысында қонақтарға Қамар Қарасаеваның өмірі жайлы деректер беріліп, шағын бейнеролик тамашаланды.
Келесі кезекте «Болашақ» мектеп-интернатының білім алушылары кездесу барысында сол кітап желісімен эллегиялық қойылым сахналаса, Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназиясының оқушылары ақын-жазушының өлеңдерінен шағын композицияны көпшілік назарына ұсынды. «Асыл-арман» ән-би студиясының өнерпаздары «Тәтті мұң» биін билеп, «Бақыт» атты әнді шырқады.
Сонымен қатар оқырман сұранысы бойынша қаламгер өзінің балалық шағы, еңбек жолындағы ізденістері жайлы айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Шығармаларындағы кейіпкерлері турасында түрлі сұрақтарға жауап берді.
Қамар Рахметуллақызы колледж қабырғасында жүргенде-ақ Т.Рысқұлов аудандық «Құлан таңы» газетіне тырнақалды өлеңдерін, қысқаша әңгіме, новеллаларын жариялап, артынша сол редакцияда әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған. Редакцияда қызмет еткен жылдары ақын Кәріпжан Нүсіптен көп нәрсе үйреніп, шығармашылық жолындағы ұстазы бағыт-бағдар берген екен.
– Бала күнімнен қалам мен қағазды серік еттім. Жазу – өмірімнің бір бөлшегі. Бұл кітапқа әр жылдары жазылған шығармаларымды топтастырдым. Өмірдің бел ортасына келген тұста, кітап шығарып, өз-өзіме осылай есеп беруді жөн санадым. Қуанышыммен бөліскен барша қалам ұстаған әріптестеріме алғысымды білдіремін, – дейді автор.
Жалпы облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы қазақ және әлем жазушыларының шығармаларын Брайль қарпіне көшіруді тұрақты жолға қойған. Көру қабілетінен айырылған мүгедектердің газет-журналдардан және көру қабілетіне ие тұтынушыларға арналмаған мәлімет көздерінен ақпарат алуы аса қиын екендігі ескеріліп, кітапхана жаңа заманауи тифлокешенді жабдықтармен жасақталған. Тифлокешенді компьютер жиынтығы мен Брайль принтері алынып, кітап шығаруға қол жеткізілген. Осы құрылғыны қолдану арқылы қазақстандық авторлардың көркем шығармалары, жергілікті ақын-жазушылардың мерейтойларына байланысты кітаптары, әдістемелік құралдар Брайль қарпінде шығарылып, зағип оқырмандарға ұсынылып, аудандық кітапхананың зағиптарға қызмет көрсету бөлімдеріне таратылады. 2014 жылдан бері Брайль алты нүктесі бойынша мыңнан астам кітап жарыққа шыққан.
Нұргүл Оразбек